Шымкент: Жол жөндеу жұмыстары қарқын алды
Биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры екенін баса атап өтіп, жолдың сапасына қатысты тапсырмалар берген болатын.
Осыған байланысты Шымкентте жол жөндеу жұмыстары биыл қарқынды жүріп жатыр.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша бүгінде қалада жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Мегаполисте құрылысы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды айналма жолдарға да ден қоюда. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 келесі жылы қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді.
Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында сала мамандарымен бірге Қаратау ауданындағы Таңбалытас көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы, жауапты мердігер ұйым тарапынан асфальт төсеу жұмыстары аяқталып келеді. Жақын күндері көлік қозғалысына ашылатын да болады.
Сондай-ақ әкім Тұран ауданындағы Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында болды. Апатты жағдайдағы ескі ғимараттарды қарап шыққан қала әкімі, ондағы сүру жұмыстарын, балаларға арналған қосымша үйірмелер орналастырылатын жаңа ғимараттарды салу мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
Одан әрі "Металлург" спорт кешенінің, "Дархан" сауда нүктесінің және "Ontustik" телеарнасы ғимараттарының жағдайымен де танысып, жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Әкім аралау жұмысы барысында Қазыбек би көшесінің, Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзардың санитарлық жағдайын, "Көлді" және Жібек жолы-Сайрам көшелерінің қиылысындағы жаңа серуендеу аймағын абаттандыру жұмыстарын да бағамдады.
Аралау және жол құрылыстарын тексеру барысында қаланың көлік жүйесін дамыту мақсатында Қайтпас шағынауданындағы Алтынсарин көшесін Тұран шағынауданына дейін кеңейту және тесу жобасы қаралды. Бұл жобаның нәтижесі көлік ағынын, жүктемені реттеуге үлкен мүмкіндік беретін болады.