«Қазына» би ансамбліне 35 жыл
Биыл еліміздің ең беделді «Қазына» халық би ансамблі өзінің 35 жылдығын атап өтуде. Алғаш рет 1989 жылы әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған, би ансамблінің алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері Мұса Жарқынбеков болған. 2003 жылдан бастап ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Әжібекова Зауре Бекембайқызы.
35 жылдық тарихында өнер ұжымы әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, қазақтың халық биін әлемге танытып, жүлдер атанып жүр. Мәселен, 5-9 сәуір аралығында ансамбль солистері Мельников Владислав, Исаева Тахмина және Тұнғышбаева Аделина Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестивалі – «Өз жұлдызыңды жандыр» байқауына қатысып, «ПРОФИ» номинациясында Гран-при иегері атанса, «Жоғары кәсіби ұжым» арнайы марапатымен, және халық және заманауи халық билері бойынша төрт түрлі номинацияда І орын иегерлері атанған.
Сонымен қатар өнер ұжымы Өзбекстанда өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде жүлделі І орынды иеленсе, 19 наурыз күні, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «НАУРЫЗ-2024» Республикалық Ұлттық сыйлығының «Үздік ұлттық би ансамблі» марапатына ие болды.
2024 жылғы 21 қаңтар күні «Қазына» халық би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында Шымкент қаласы «Көрме» орталығында «Fashion show by QAZYNA» іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шарада шығармашылық ұжым көпшілік назарына өзінің қалыптасу және даму тарихында би қойылымдарындағы эксклюзивті ұлттық сахналық костюмдер топтамасынан дефиле ұсынып, «Қазына» Қазақстанда қазақ хореографиялық сәнін алғашқы қалыптастырушысы атанды.
«Қазына» халық би ансамблі - талай дүркін халықаралық би өнері байқау-фестивальдерінің жеңімпазы. Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының Шымкент қаласындағы, жалпы Оңтүстік өңірі бойынша алғашқы және жалғыз иегері.
«Қазына» би ансамблінің қоржынында бүгінде 185-ке жуық қазақтың фольклорлық, заманауи бағыттың және де ТМД елдері мен дүние жүзі халқының ұлттық билері бар, оның ішінде 100-ден аса би - қазақтың ұлттық билері.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, елімізге белгілі хореограф Тойған Ізім «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауында айтқан сөзінде: «мұра билер қалпына келтірілсін» деген талапқа сай қазыналықтар «Қазақ өрнектері» биін ұсынғанда, «жоғалтқан алтынымызды қайта тапқандай болғанбыз». Бүгінгі таңда осы биді бейнетаспадан студенттерге үйретіп жатырмыз. Ал, «Дала рухы» спектаклін би өнеріне қосылған ғажайып туынды деп бағалаймын, – деген.