Шымкент: «Таза өлке» көшелерді тазалаудан басталды

Oinet.kz 14-04-2024 193

5.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ. Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.

 Осыған байланысты Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды өтуде. Акция аясында «Таза өлке» апталығы көшелерді тазалаудан басталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Еңбекші аудан аумағындағы аялдамалар жуылып, бұзылған жерлері ретке келтіріліп, адамдарға қолайлы жағдай жасалуда.

Сондай-ақ, ағаштардың түптері әктеліп, жол жиегіндегі жиналған топырақтардан тазартылды. Сонымен қатар жол бойына ақ жолақтар сызылып, жолдың жиегіндегі қорғаныш темірлер сырланды.

Айта кету керек, бұл акция Қазақстанда жаппай бастау алды. Ондағы негізгі мақсат- экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.

Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті.

Экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде.

Тазалау шаралары Абай ауданында да қарқынды жүргізілуде. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағын аудандарының 500-ден астам тұрғындары қатысып, 20-жуық техника жұмылдырылды. Қатысушылар аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А2 тас жолы бойын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараға тұрғындармен бірге ауыл биі, еңбек ардагері, отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі – О.Тәжібаева, №90 мектеп директоры – А.Орынбаев, белсенді жас – Г.Құдайберген, ардагерлер, жастар өкілдері және басқа да қоғам белсенділері мен танымал азаматтар атсалысып, қолдау көрсетті.


«Таза Қазақстан» аясында ағаштар егілді
Шымкент: «Таза Қазақстан» белсенді жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу