«Бозарықта» 8 жоба іске асады
Шымкенттегі «Бозарық» индустриялық аймағында жалпы құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 8 жоба орналастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Шымкент қаласында кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық, өнеркәсіп, инвестициялар, сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмыс пен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов мәлім етті.
«Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Бүгінде аталған аймақтың инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Инженерлік-инфрақұрылым желілерінің жалпы құны – 12,6 млрд теңге. Іске асыру мерзімі – 2024 жылдың IV тоқсаны. Тапсырыс беруші – Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
Индустриялық аймақты сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 4,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 85 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған.
Ал «Жұлдыз» индустриялық аймағы жалпы аумағы 306 га құрайды. Бүгінгі таңда «Жұлдыз» индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Инженерлік инфрақұрылым жүргізудің жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайды. Аймақта инвестициялық құны 126,7 млрд теңге құрайтын, 3 230 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 35 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы 7 жобаны жүзеге асыру арқылы 46 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Сонымен бірге басқарма басшысының орынбасары Шымкент қаласы аумағында орналасқан базарлар қайта жаңартудан өтіп жатқанын мәлім етті. Бүгінде қала аумағында 19 базар жұмыс істейді, оның ішінде әмбебап – 7, мамандандырылған – 12.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 10-бабының 2-3-тармағы базарларды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді және модернизациялауды талап етеді. Талаптарға сәйкес қала аумағында 19 базар модернизациялауға жатады. Қазіргі таңда қала аумағында орналасқан 15 базардың модернизациялау жұмыстары аяқталған.