МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Құрылыс басқармасының басшысы М.Баимбетов бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Б.Майлин көшесіндегі төртінші ғимаратта орналасқан балалар шығармашылық орталығының құрылысы сапасын тексеріп, құрылыс сапасын қадағалады.
Аталған нысан 150 оқушыға арналған. Нысанда жеке және топтық оқу бөлмелері, 215 орындық концерт залы, көрме залы, дәрігер бөлмесі, асхана қарастырылған. Нысанды өндірістік кестеге сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада «Металлург» стадионын реконструкциялау жүргізілуде. Озық үлгідегі ғимаратта әкімшілік-тұрмыстық корпустан бөлек спорт залдар, спорттық тренажерлер алаңшасы мен бір жарым мың орындық трибуна қарастырылған.
Бұдан бөлек Түркістан көшесі бойында 4 автомобильге арналған депо салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған. Басқарма басшысы мердігерлерге құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын тапсырды.
2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан концепция аясында мемлекеттік бюджет есебінен 12,9 млрд. теңгеге 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің ( 254,2 мың шаршы метр) құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, арендалық 29 үй (1364 пәтер), кредиттік 43 үй (1978 пәтер) салынады. Жыл қорытындысы бойынша 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру қарастырылған.
— Ендігі ретте құрылыс сапасын жақсарту бағытында тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасындағы келісімшартты күшейту мақсатында қосымша талаптар қарастырылып отыр. Мердігерге 21, техникалық қадағалаушыларға 15, авторлық қадалаушыға 7 қосымша талап енгізілді. Сонымен қатар, әр нысанға бекітілген техникалық қадағалаушы санын 3 есеге арттыру, құрылыс барысын тәулік бойы (24 сағат) онлайн бақылау, құрылыс-монтаж кезеңінде терезе айналасына қосымша изоляциялық пленка жабыстыру сынды талаптар бар. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары да тиісті деңгейде орындалуда, - деді басқарма басшысы.