Ахмет Байтұрсынұлы. Қорқақ

Oinet.kz 24-07-2020 718

Мына сәтсіздікті қараңыз, өзінен әлдеқайда үлкен деп жүрген қара бала Едикпен сыныптас болып шықты. Ана боймен, ана денемен он жаста деп оны кім ойлаған? Сол біреудің бөлек оқығаны әбден-ақ жақсы болатын еді. Амал нешік…

  Қара бала шүу дегеннен-ақ, мінез көрсетті. Едик екінші қатарға келіп отырып жатыр еді, ол:

  – Бұл сенің орның емес… қорқақтардың орны анау, – деп ең соңғы партаны нұсқады.

  Балалар түгел жалт қарасты.

  Едик өзін онша қорқақ баламын деп санамайтын. Жолдастары да оны ойлағанын ірікпей айтып салатын, бетті бала деп есептейтін… Ал оның түнде далаға жалғыз шығуға жүрегі дауаламайтынын, ит көрсе, безіп беретінін жолдастары сезе бермейтін. Мұнысын ол қатты жасырушы еді… Енді, міне, аяқастынан ши шығарып алды.

  Едик түк дей алмай, артқы партаға беттеді. Оның үндеместен ыға жөнелгені бұған деген көзқарасты мүлде нашарлатты. Намыссыз, жігерсіз, жасық! Әйтпесе, жөнсіз киліккен тентекке бірдеңе десе керек еді ғой… Кейбір балалар мұны сездіріп те салды. Сыныптағы бой жағынан ең кішкентай, жұқа өңді, үйі Ставропольден келген Коля:

  – Фу, мынау не қылған бала өзі?.. Біреу тұр десе, кете бере ме екен? – деп қасындағы жолдасына қарады.

  Осындай наразылықтар сынып ішінде әр жерден сезілді. Бәрінің көзі Едикке қадалып, жеп барады. «Жасықсың! Жігерсізсің!» деп тұрғандай бұл көздер.

  Осыны ұқты ма, әлде әбден ашуы келіп, намысына тиді ме, Едик артқы орынға отырды да, мойнын қара балаға бұрды.

  – Мені қуғанда өзі үп-үлкен болып алда қоржиып қалай отырар екен, көрейік, – деді ол мысқылмен.

Ахмет Байтұрсынұлы. Ата насихаты
Достық туралы (Ел аузынан)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу