Филология. Реферат. Етіс жұрнақтары сөз тудыра ма?
Қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларға өте бай, күрделі сөз таптарының бірі – етістік болса, етістік категорияларының ішіндегі семантикалық сипаты жағынан қайшылыққа толы тұлғалардың бірі – етіс жұрнақтары. Оның себебі етіс тұлғаларының сөз тудырушы немесе сөз түрлендіруші қызметі туралы пікірлердің сан алуандығында. Қазақ тіл білімінде етіс тұлғасының қызметі мен мағынасы туралы екіұдай пікір бар. Зерттеушілердің бір тобы етіс тұлғаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына жатқызса, енді бір тобы оны етістіктің «лексика-грамматикалық категориясы» деп таниды. 1967 жылғы академиялық грамматикада етіске мынадай сипаттама берілген: «Етіс аффиксі қосылған сөздер аффикстердің санына қарамай, туынды түбір етістіктер құрамына кіреді, сондықтан да бұл категория сөз тудырудың морфологиялық əдісіне жатады /1.168/. Сөйтіп, етіс қосымшалары жалғанған етістік туынды түбір болып саналады да, етіс қосымшалары етістік негізден етістік тудыратын жұрнақ деп аталады. Осы пікірді А. Ысқақов та қолдайды: «Сөйтіп, етіс формаларының бұл ерекшелігінен, біріншіден, басқа жұрнақтар сияқты туынды етістік жасайтын қабілет барлығы жəне сол етіс жұрнақтары арқылы туған формалар етістік негіздері есебінде қызмет ететіні айқындалады. Ендеше, етіс жұрнақтары сөзден сөз тудыратын жұрнақтармен сипаттас келеді де, лексикалық категорияға жатады /2.228/.
Етістікті арнайы зерттеген ғалым Ы. Маманов етісті «түбір етістіктердің лексикалық мағынасына грамматикалық мағына үстейтін етістік формасын жасайтын модификациялық етістік тұлғалары» ретінде қарайды /3.33/.
Н. Оралбаева «Етіс жұрнақтары түбір етістікке жалғанып, оларға қимылдың иесі, қимылға түсетін объекті туралы мəн қосып, түбір етістіктегі лексикалық мағынаның үстіне əр түрлі мағына қосады. Сондықтан олар етістіктің лексикалық мағынасын түрлендіретін жұрнақтар болып саналады», дейді /4.172/. Ал С.Исаев етіс тұлғаларын «етістіктің лексика-грамматикалық категориясы» ретінде қарастырып, етіс жұрнақтарын модификациялық жұрнақтарға жатқызған /5.177/.
Демек, етіс туралы ғалымдардың пікірі екі түрлі: А.Ысқақов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева оны сөзжасамға жатқызса, Ы.Маманов, С. Исаев форма тудырушы модификациялық жұрнақ деп тану қажеттігін айтады. Аталған мəселеге қатысты жанжақты талдауды А. Салқынбайдың еңбектерінен кездестіреміз. «Етіс тұлғасы етістіктің лексикаграмматикалық категориясы ма, əлде сөзжасамдық мағына тудырушы жұрнағы ма деген сұраққа жауап беру үшін оның мағыналық құрылымы мен қызметін айқындау шарт» /6.358/, дей келе, біріншіден, етіс тұлғасы барлық етістіктерге түгелдей талғамай жалғана бермейтіндігін, екіншіден етіс жұрнақтарының салт етістіктен сабақты, сабақты етістіктен салт етістік жасауының өзі де оның жаңа сөз жасауға бейімділігін айқындайды, үшіншіден, етіс тұлғасының бірінің үстіне екіншісінің жалғана алу қабілетінің болуы оның сөзжасамдық қасиетін көрсетеді, төртіншіден, етістің сөзжасамдық мағынасы бір не бірнеше субьектінің (кейде нысанның да) қимыл-қозғалыспен қарым-қатынасын айқындайды. Мəселен, өздік етіс жұрнағының мағынасы ісəрекеттің іс істеушінің өзі арқылы ғана орындалатындығын білдіреді» /6.358/. дей келе, жаңа туынды атауға оның қосары да осы мағына екенін тара-таран, өт -өтін, кер –керіл мысалдарымен дəлелдейді.
Сөзжасам қосымшасының сөзге талғап, таңдап жалғануы, яғни грамматикалық абстракция жасай алмау сипатына тоқталайық. Етіс тұлғалары барлық етістіктерге талғамай жалғана бермейтіні рас. Ырықсыз етіс пен өздік етіс сабақтыны салтқа айналдырса, өзгелік етіс салт етістікті сабақтыға айналдырады. Демек, бұл құбылыс бүкіл етістікке тəн категориялық сипатқа ие құбылыс (шырай тұлғаларының сапалық сын есімдерге жалғанатыны секілді). Яғни етіс тұлғалары объекті мен субъект арасындағы қатынасты білдіреді. Ол қатынас арнайы тұлғалар арқылы берілгенде, етістіктің салт-сабақтылығымен тікелей байланысты грамматикалық құбылыс екендігі көрінеді. Көптік жалғау зат есімнің грамматикалық көрсеткіші дегенмен, оның да барлық зат есімдерге жаппай жалғана бермейтіні белгілі. Сол сияқты, етіс жұрнақтары да салт-сабақты етістіктерді талғап-таңдап жалғануы заңды деуге болады. Дегенмен, етіс жұрнақтары кейбір сөзжасам жұрнақтары секілді бірлі-жарым сөздерге емес, етістіктің басым бөлігіне жалғанатыны белгілі. Зерттеушілердің көрсетуінше, қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігінде етіс тұлғалы етістіктер бүкіл етістіктің 33 пайызын құрайды екен /7.126/. Мұның өзі етіс қосымшасының сөзге қосылу мүмкіндігінің молдығын, оның белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алатындығын көрсетеді /8.27/.
Етіс жұрнақтарының салт етістіктен сабақты, сабақты етістіктен салт етістік жасауы оның жаңа сөз жасауға бейімділігі ме, əлде грамматикалық абстракция жасауға бейімділігі ме деген сұрақ туындайды.
Бұл қасиетті етістің сөз жасауға бейімділігі дейтін болсақ, сөйлемдегі объекті мен субъекті арасындағы грамматикалық қатынастарды да сөзжасамдық тұрғыдан қарастыру керек болмай ма?
Етіс тұлғаларының бірінің үстіне екіншісінің жалғана алу қабілетінің болуы оларды сөзжасам қосымшаларына ұқсатады. Оларды бірінің үстіне бірі қосылған сөзжасамдық жұрнақпен салыстырып байқайық:
Біл+ім+ді+лік | біл+дір+т+іс |
1. Білу қимылынан «білім» дерексіз зат атауы пайда болды. | 1. Сабақтылық мəн беретін «біл» етістігіне іс- əрекетті орындайтын субъектіні көрсететін мəн үстелді. |
2. «Білім»дерексіз зат атауынан субъектінің сапалық қасиетін көрсететін сөз пайда болды | 2. -т тұлғасы арқылы тағы да қимылды орындаушы субъект көрінеді |
3. Субъектінің сапалық қасиетінен (білімді) дерексіз затқа қатыстық мəн беретін сөз жасалған. | 3. Іс-əрекетті орындаушы тұлға (ортақтасушы, көмектесуші) көрінеді |
Сөзжасамдық қосымшалар қабаттасып келгенде, туындылардың бірі екіншісіне негіз болып, содан өрбіп отырады: біл – білім, білім – білімді, білімді – білімділік; етіс қосымшаларында ондай қасиет жоқ. Біл тұлғасы негіз болады да, біл – білдір, біл біліс түрінде жасала береді. Демек, етіс жұрнақтарының жалғануында түбірдің лексикалық мағынасы емес, грамматикалық сипаты (объектілік-субъектілік қатынасы) маңызды болып тұр. Ал сөзжасамда «білімді» сөзі «білім-сіз» жасалмайды, ал «білімділік» – «білімді» сөзінсіз шықпайды.
Етіс жұрнақтарының қабаттасып қолданылуының тілдік-тарихи себептері де бар болса керек. Байқап қарасақ, өзгелік етістен басқа біркелкі тұлғалар қабаттасып қолданылмайды, көбінесе өзгелік етіс жұрнақтары қабаттасып қолданылатыны көрінеді. Мысалы: жаздыр+ғыз+т. Мұндағы үш қосымшаны синонимдес қосымшалар деуге болады, себебі, бірінің орнына бірін қолдана беруге болады: жаздыр – жазғыз, жазғызт – жаздырт, жаздырғыз –жазғыздыр, жаздыртқыз – жазғыздырт. Ал мағынасына келетін болсақ, «Мұндай тұлғалы етістік баяндауыш болған сөйлемде қимылды тікелей іске асыратын субъектіден басқа іс-əрекетке тікелей я жанама қатынасы бар субъектілер саны артады» /1.177/.
Ғалым С.М. Исаев «Бір сөзге етіс тұлғаларының бірінің үстіне бірінің, тіпті өзгелік етіс қосымшасының өзі бірнеше рет қабаттасып жалғануы таза грамматикалық немесе категориялық грамматикалық тұлғалар қасиеті шеңберінен шығатын белгілер болса керек. Бірақ солай бола тұрса да, етіс қосымшалары əр уақытта өзі жалғанған етістік түбірдің мағынасын, лексикалық мəнін өзгертіп жібере ме немесе əрқашан жаңа лексикалық мағыналы сөз жасай ма? Мысалы: Ол баласына хат жазды. Бұл хат кеше жазылды. Баласына хатты маған жаздырды. Ол екеуі бірбірімен ылғи жазысады. Осы сөйлемдегі хатқа байланысты жазу (жазды//жазылу//жазылды// жаздыру//жаздырды//жазысу//жазысады) етістіктері бөлек-бөлек сөздер ме? Тіпті хатқа байланысты
болуын арнайы көрсетпегеннің өзінде (өлең, шығарма) т.б. жалпы жазу қимылы іс-əрекеттің өзгермегенін көрсетеді. Ал егер етістің формаларын сөзжасам қосымшасы деп алсақ, оны өзгертіп жіберер еді» деп қорытады /5.175/. Шындығында да етіс сөзжасам қосымшасы болса, сөз түбірімен жаңа мағынаға өтуі керек еді. Профессор С.М. Исаев көрсеткендей, «Бұл сияқты етістік түбірге етіс қосымшалары жалғанғаннан кейін пайда болатын мағыналар мен синтаксистік қатынастар, негізінен алғанда, етістік түбірінің жалпы грамматикалық мағынасын өзгертпейді, тек сабақтылық-салттық мəнін ғана өзгертуі мүмкін»/5.176/.
С.М. Исаев етіс жұрнақтарының семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақындығын жоққа шығармайды. Мысалы, таң асыру, қызды айттыру, бір көрген біліс, екі көрген таныс, үйге кіріп жылынды, үйді жылытты, рұқсат беруді өтінді, бұған екеуі де келісті, екі дайға келгенде ол маған болысады, оқуға берілді, аурудан жазылды, олар бəрібір табысады, т.б. қолданыстағы етістіктер етіс қосымшалары арқылы жасалған жаңа мағыналы сөздер болып табылады. ... Сондай-ақ қазіргі кезде түбір мен қосымшаға ажырамайтын, өлі түбір деп есептелетін, бірақ тарихи тұрғыдан бір кездегі өзгелік етіс пен өздік етіс қосымшалары деп танылатын, қазір əрқайсысы жеке-жеке сөз, лексема деп танылатын оян мен оят, үйрен мен үйрет, жұбан мен жұбат уан мен уат сияқты жеке-жеке параллель сөздердің тілімізден орын алуы етіс қосымшаларының сөзжасамдық сипатының белгісі болса керек. /5.174-175/. Бұл туралы А. Салқынбай: «Бұл сөздердің барлығы да еркін тіркесте тұрып-ақ жаңа мағынада жұмсалып тұрғанына назар аударсақ, етістердің туынды мағына жасап тұрғанын автор дəл анықтай алған деген қорытынды жасауға болады»,дейді /6.360/. Бірақ ғалымның олардың «жеке лексема болып, сөздік құрамнан бөлек орын алуы тек қана етіс қосымшаларының жалғану нəтижесі емес, одан да гөрі семантикалық процестің (сөзжасамның синтетикалық тəсілінен гөрі семантикалық тəсілінің) басым болуы» /5.176/ дегеніне назар аудармағаны байқалады.
Аталған мысалдарға назар аударып көрейік. Қызды айттыру тіркесінің əңгіме, жауап айттырудан, таң асыру қимылының белден, таудан асыру құбылысынан əлдеқайда кең, ауыспалы мағынада қолданылып тұрғаны байқалады. Ал өп пен өтіну, кел мен келісу, бол мен болысу, жазу мен жазылу, табу мен табысу сөздерінің арасында мағыналық байланыс үзілген десе де болады. Сол себепті де соңғылары тілімізде жеке лексемалар болып қалыптасқан. Боса босан етістіктерінің дамуы да осы сатыдан өткен. Бұған сондай-ақ А. Салқынбайдың өзі талдаған келісу, көрісу етістіктерінің семантикалық дамуы да дəлел /6.360/.
Біздіңше, сөз туынды сөз деп танылуы үшін, ең бастысы, негіз бен форманттың бірлігінен, жиынтығынан жаңа сөзжасамдық мағынаның, одан лексикалық мағынаның пайда болуы шарт. Мəселен, кел менен келіс сөздерінің арасында қандай да бір мағыналық байланыс болуы (келу қимылымен байланысты болуы) керек. Мұндағы (өзара) келісу қимылының келуден тумағандығы көрініп тұр. Келу – объектіге бағытталған жүріс мəнін берсе, келісу – ортақ пікірге келу мəнін берген. Сондықтан келісу қосымшаның дамуы тұрғысынан алсақ та, қазіргі тіл тұрғысынан алсақ та, олар сөзжасамдық семантикасынан айрылып, етістіктің грамматикалық тұлғасына ауысқан деуге болады.
Б.А.Серебренников: «Ырықсыз етістің –л жəне
–н тұлғасы түркі тілдерінде бұрын қимылдың қайталануын білдіретін жұрнақ болған. Бұл мағынаның кейбір қалдықтары түркі тілдерінде қазіргі дейін сақталған (тат. сыйпа – сыйпала, буқмоқ – буқламақ). Қимылдың көп қайталануы, дүркінділігі негізінде əдетке айналатын ұдайы болатын қимыл мағынасы қалыптасады. Қимыл-əрекет ұдайы, күн сайын қайталана берсе, оның адамның өзі үшін аса маңызы болғаны. Сөйтіп, өздік етіс қалыптасады».
/10.216/. Демек, қимылдың қайталануы болсын, субектінің өзі істеуі болсын, етістіктің грамматикалық сипатын білдіреді.
Жалпы алғанда, етіс тұлғалары семантикалық жағынан, қолданысы жағынан, шығу тегі жағынан біркелкі емес. Сол себепті олардың əрқайсысының осындай ерекшеліктерін айқындау, тарихи төркінін табу арқылы ғана олардың сөз тудырушылық немесе сөзжасамдық сипатын нақты айқындауға болады. Дегенмен, қазіргі тіл тұрғысынан етіс қосымшаларының сөзжасамдық сипаты жоқ деп ойлаймыз.
келу етістігінен тумаған, -іс – етіс жұрнағы емес. Ал
кел+тірді, кел+гізді десек, олардың екеуінде де келу қимылы сақталып қалған, жаңа мағына, бөгде қимыл мəні жоқ. Сондықтан бұларды жеке-жеке сөздер емес, бір сөздің əр түрлі формалары ретінде қараймыз.
Етіс жұрнақтарының семантикасын, оның сөзжасамға қаншалықты қатысты екенін анықтау үшін олардың шығу төркінін қарастырған жөн. Түркітанушылардың көрсетуінше, өзгелік етістік ең байырғы тұлғасы -т болған да, оның –тыр, -тір, дыр,-дір тұлғалары содан қалыптасқан, ал –т жұрнағы ет мəнін беретін көмекші етістіктен шыққан (ат-ет-т). Ал ат ет көмекші етістіктері бір кезде толық мағыналы лексикалық сөз болған /9.144
/. Демек, түбірден көмекші сөз, көмекші сөзден қосымша қалыптасқан. Яғни өзгелік етіс тұлғаларының сөзжасамдық мағына тудыруға жақындығының осындай тарихи негізі бар деген сөз. Дегенмен,
Әдебиеттер:
Қазақ тілінің грамматикасы. Алматы: Ғылым, 1967.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы: Ана тілі, 1991.
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы: Мектеп,1966.
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Алматы, 2002.
Исаев С.М. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы: Рауан,1998.
Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 2008.
Мырзабеков С. Сөз таптарының статистикасы. Жинақ: Қазақ тексінің статистикасы. Алматы: Ғылым,1990.
Жаңабекова А. Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері. КДА. Алматы, 2001.
Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. Алматы: Санат,1994.
Серебренников Б.А. Вероятностные обоснования в компаративистике. Москва: Наука, 1974.