Филология. Реферат. Драмалық шығармалардағы кейіпкер тілі
Мақалада драмалық шығармалардағы кейіпкер тілінің эстетикалық қызметін көрсетуде қолданылатын тілдік-стильдік амал-тәсілдер қарастырылады.
Драмалық шығармалардағы диалогтардың алар орны ерекше екендігі, сонымен қатар зерттеулер жанжақты қарастырылған. Драмалық шығармаларда кейіпкерлердің тілі арқылы мінезі, бейнесі көрінеді. Кейіпкер тіліне қатысты орыс және қазақ тіл білімінде де зерттелгені көрсетіледі
Мақалада актер тілінің стилистикалық сауаттылығы және талдау барысында диалог, монолог, полилог, сонымен қатар лексикалық элементтерге жататын диалектизмдер мен варваризмдердің қолданылуына үлкен мән берілген. Драмадағы кейіпкерлер сөйлеу техникасы мен сөйлеу мәдениетін қатар меңгергенде ғана көрермендерді бағындыра алады. Сахнада актер тіл арқылы ғана көрермендермен байланысқа түсетіндігі айтылған.
Кейіпкер тіліндегі сөз өнерінің құдіреті тек әдемі сөздерде ғана емес, болашақта оның ғылыми астары терең зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.
Диалогтар кейіпкер болмысын танытатын тілдік амал ретінде орыс тіл білімінде Л.В. Щерба, Л.П. Якубинскиий, В.В. Виноградов, Г.О. Винокур, Т.Г. Винокур, А.Н. Гвоздев, М.М. Бахтин, В.М. Лагутин тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде жете зерттелді. Драмалық шығармалардың ерекшелігі – тұтасымен сөйлеушілердің сөздері болып келетіндігінде. Драмалық шығармаларда жазушының сипаттауы, баяндауы болмайды. Мұндағы сөйлеу тіліне берілетін басымдық – драматургия жанры мен стиліне тән басты нәр се. Драмадағы оқиға желісі кейіпкерлердің диалогына сай негізделіп шешіледі. Драматург оқиғаны, іс-әрекетті сахна талаптарына сай дамытады. Драмалық шығармаларда кейіпкер бейнесі тартыс үстінде ашылады.
Драматург үшін іс-әрекет арқылы ғана емес, тіл арқылы да мінез ерекшелігі көрінетін кейіпкерді ұсыну оңай емес. Сахналық шығармаларда образ жасауда кейіпкерлер тілінің орны ерекше болып келеді. Кейіпкерлердің тілінен олардың бейнесі көрінеді. Кейіпкерлер тілінің мазмұны нақты, құрылымы қысқа болып келетіні белгілі. Академик З.Қабдолов: «... драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе – тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс», дейді [1, 98]. Ал, мағыналы сөз – жүйелі ойдың нәтижесі екені белгілі. Сондықтан, кейіпкерлер тілінің эстетикалық қызметін көрсетуде тілдік-стильдік амал-тәсілдердің орны бөлек.
Қазақ тіл білімінде көркем әдебиеттегі кейіпкерлер тіліне қатысты кейбір мәселелер М. Балақаев, Ә. Қайдаров, Р. Сыздықова, М. Серғалиев, С. Исаев, Р. Әміров, Х. Нұрмұханов, Б. Шалабаев тағы басқалардың еңбектерінде қарастырылды. Жалпы көркем шығармаларда әрбір кейіпкердің сөз саптауы мен сөз мәнері әр түрлі болып келеді. Бұл олардың қоғамда алатын әлеуметтік жағдайына, ортасына байланысты болады. Сондықтан да олардың әр қайсысының өзінше сөйлеу дағдысы болады. Кейіпкер тілінің осындай ерекшеліктері тілдің лексикалық және грамматикалық қабаттары арқылы жүзеге асады. Кейіпкердің тілі арқылы оның мәдениеттілігі, жас мөлшері, қызметі, кәсібі, өскен ортасы, сыпайылығы, дөрекілігі т.б. қасиеттері байқалады. Кейіпкердің сөйлеу мәнеріндегі өзіндік ерекшелігі оның лексикасынан басталатыны белгілі. Ал сөйлеу тілі лексикасының құрамына қарапайым, тұрпайы жаргон сөздер, жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектизмдер) жатады. Өзіндік қолтаңбасы бар драматургтердің шығармаларындағы тілдік құрылымның бірқатарын сөйлеу тілінің элементтері құрайды. Драматургтің жеке стильдік даралығы оның белгілі тілдік құралдарды қолдануындағы ерекшеліктерінен байқалады. Тілімізде жиі кездесетін сөйлеу тілінің элементтері қатарына экспрессивтік-эмоционалды сөздер жатады. Бұл тілдік құралдар көркем туындыларда кейіпкердің мінез-құлқын ашуға, суреттелген оқиғаны әсірелеуге де қатысады.
Бүгінгі таңда сахна мен көгілдір экран тілінің айналасында зерттелуі тиіс күрделі мәселелердің көп екендігі даусыз. Сөз өнерінің құдіреті тек әдемі сөздердің тізбегінде емес, оның ғылыми астарының негізінде жатыр. Сахнадағы актер жалпы көрермен алдында сөз сөйлеу өнерінің міндеті мен жауапкершілігін қатаң сезінуі тиіс.
Актер тілі негізінен образ жасауға, оны даралауға қызмет етеді. Актер тілі – лингвистикалық стилистиканың зерттеу нысанына жатады. Актер тілін талдауда диалог, монолог, полилогтердің қызметі айырықша. Әсіресе, диалогтың табиғаты ерекше. Диалог арқылы шығарманың идеясы мен кейіпкер бейнесі көрінеді. Актер тілі арқылы көркем шығармада кейіпкер бейнесі сомдалады. Демек, актердің еңбегі кейіпкерін шебер сомдаумен бағаланады. Шебер актер оқыған кітабыңызды көз алдыңызға картина түрінде елестетеді. Актерлер тіліндегі лексикалық элементтер: диалектизмдер, қаратпа және одағай сөздер, қарапайым және жаргон сөздер мен варваризмдердің қолданылуына талдау барысында үлкен мән беріледі.
Сахна тілінің маманы, профессор Д. Тұранқұлқызы, тіл байлығы – елдің елдігінің айғағы, көркем және ғылыми әдебиеттің, мәдениеттің салт-санасы. Тіл байлығы, тіл тазалығы, тіл мәдениеті – ұлт қасиетінің, санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі. Әр тілдің өз ырғағы бар. Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтардың тілдерінен кем болып, қатарынан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған. Біздің тіліміз – көркем, бай. Мәселе, соны дұрыс пайдалана білуде. Өз тіліміздің сұлулығын сезбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай. Қазақ тілінің өзге де ұлттық тілдер сияқты екшеліп, қырланған, тұрақталған, жалпыға ортақ заңдылықтары мен ережелері бар. Ол заңдылықтардың бір бөлігі сөздерді дұрыс таңдап, орнымен жұмсауға қатысты» – дейді. Сондықтан олар сөзді өздері ғана ұғынып, бағалап қана қоймай, оны көрерменге, тыңдаушының зердесіне жеткізе білулері керек, яғни тыңдаушысын ұйытып, баурап алып, сөз қадірін, өнер қадірін танытуы тиіс деп есептейді.
Тіл – ең алдымен коммуникациялық қызметті атқарады. Сахнадағы актердің сөзі табиғи сипатқа ие. Сахнадағы табиғилық – күнделікті өмірдегідей қарапайым сөздер тізбегі емес, драмалық өнер табиғатына сай, өзекті жарып шығып, адамның ішкі табиғатымен қабысып жатады.
Театр тіршілігіндегі негізгі тұлға – актер, ең басты құралы – сөз. Әдебиет те, өнер де, драматургия да сөзсіз жүзеге аспайды. Ал әдебиет, өнер жоқ жерде сахна өнері де жоқ. Қарсылық пен қақтығысқа құрылған әрекет-қуаты күшті сөз ғана сахнаның шырайын кіргізеді. Сондықтан драматургия тілі күнделікті өмірдегі ауызекі сөз емес, айрықша айшықты тіл. Ол композициялық құрылысы, жанрлық сипаты, оқиға желісі, идеялық, көркемдік қуаты барынша пісіп-жетіліп барып, күрделі толғаныстан туатын дүние. Демек, сахна тілінің көркемдік қуаты мен саздылық сипаты театр өнері саласында айрықша орын алады.
Прагмалингвистика өзінің табиғаты жағынан коммуникативтік іс-әрекетті зерттейтін сала болғандықтан, барлық тілдік талдауларға ықпалын тигізеді. Бұл туралы А. Тымболова «Көркем әдебиет тілін гуманитарлық ғылымдармен байланыстыра, антропоцентристік тұрғыдан қарастырғанда, лингвопрагматикалық аспект көркем шығармалардың тілін кешенді және фрагментарлы түрде зерттейді. Сол сияқты сөзді дұрыс қолданбасаң, сөйлемді жүйелі құрастырмасаң, тілдік нормаға нұқсан келеді. Сахна тілінің де өзіне сай лексикалық, грамматикалық, орфоэпиялық нормасы бар. Тілдік норма жазуда ғана емес, сөздің қолданылуы мен айтылуында да, сөйлем құрауда да, яғни тілдің өн бойында болуы тиіс»,-деп көрсетеді [2, 127].
Тілдік норманы сақтап сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі. Тіл мәдениетіне жетікпін дейтін тұлға сөздің мағынасын, мәндестік ерекшелігін, әдеби, тілдік төркінін, сөздердің еркін және тұрақты тіркестер құрамына ену мүмкіншіліктерін жете білуі керек. Яғни, сахна тілі орфоэпиялық ережелер мен нормаларды сақтауды қатаң түрде талап етеді. Сахнада әдеби тіл нормалары түгел сақталып, актердің оны сөйлеу тілінде қаншалықты меңгергендігі жан-жақты көрінеді. Яғни, актер сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасын қатар меңгеруі қажет. Образды сомдаушы актер қазақ әдеби тілінің нормаларын тиісті дәрежеде сақтап сөйлеуі қажет.
Бұл ойымызды «Сөйлеу техникасы мен сөйлеу мәдениетін қатар меңгеру – дауыс сапасын жақсартудың бірден-бір жолы. Өйткені, сөйлеу мәдениеті сөздерді білдірмек ойға дәл таңдай білу болса, сөйлеу техникасы сол сөздерді тыңдаушысына жеткізе білетін дауыс құбылыстарын меңгеру болып табылады»,деген пікір нақтылай түседі [3, 32].
Әдеби тіл нормалары тілдің әрбір деңгейімен тығыз байланысып, қолданылу барысында фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік деңгей элементтерінің жүйесін сақтайды. Сондықтан С. Исаев «Әдеби тілдің нормалары фонетикалық нормалар мен олардың жүйесінен, лексикасемантикалық нормалардан, морфологиялық нормалар мен олардың жүйесінен, сөздердің комбинаторлық, конструктивтік нормалары мен қолданылу, қалыптасу жүйелерінен тұрады» [4, 17],дейді.
Сахнада актер тіл арқылы көрерменімен тікелей байланысқа түседі. Актер тілі көрермендер үшін дұрыс айтылған әдеби тілдің үлгісі болуы тиіс. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу, тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Сондықтан, театр – актер – тіл бір-бірінен ажырамас ұғымдар, тіл мәдениеті мен сөйлеу техникасы да тығыз байланысты.
Сахнадағы тілдік тұлға – ұлттық тілдің нағыз сапасын жинақтап сақтаушы субъект болып табылады. Драмалық шығармаларда кейіпкерлердің сөзі жеке-дара айтылғанмен, композициялық құрылымы тұтастық құрайды. Сахнаның басты шарты ауызша сөздің нормалары мен жазба сөздің ара жігін ажырату болып табылады. Әрине, барлық уақытта сөздің жазылуы мен айтылу нормасының сәйкес келе бермейтіндігі белгілі. Сондықтан, сахнада орфоэпиялық норманың сақталуы да негізгі талаптардың бірі.
Жазба мәтіннен оқырман эмоциялық әсер ді аз алуы мүмкін. Ал сахналық қойылымда шебер ойнай білген актердің аузынан шыққан әрбір сөз көңілдегі ойға қозғау салары анық. Бұл жерде актер дауысы шешуші рөл атқарады. Дауыс актер сөзінің үш бірдей ықпалды қызметін жүзеге асырады дейді сахнатанушы Д. Тұранқұлова. Олар: «спектакль не жайында, соны естіп-білуге; дыбыс ырғағымен бейнеленген кейіпкер ойларын түсінуге; пьеса кейіпкерлері қандай сезім-күйде, соны аңғаруға мүмкіндік әпереді», – деп көрсетеді [5, 86]. Ал, Римнің атақты шешені Цицерон «Шешеннің қуаты тыңдаушының көңілін бүтіндей аударып, бағындыра білуінде. Қызыл тілді шешен деп, кім форумда және азаматтық сот процестерінде тыңдаушыны иландыра алса, сүйсіндіре алса, өзіне бағындыра алса, соны айтамыз» деген екен. Сонымен қатар, Цицерон трактаттарында сөз құрау, сөз стилі, сөзді әзілмен, сынмен жеткізу, басқа да әдеби ерекшеліктерді пайдалану, сөзді дыбыстық метафоралармен құлпырту т.с.с. шешендер үшін құндылығы аса зор кеңестер келтірілген. Бұлардың барлығы сөз иесі мамандарына күнделікті сөз құдіретін жете түсіну, таныту үшін өте қажет.
Өнердің түрі көп, мысалға: кескін өнері, мүсін өнері, сәулет өнері, т.б. Мүсіншінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, шешеннің құралы – сөз, тіл. Ал, сахна тілі қандай өнер дегенде, сахна тілі – сөз, тіл өнері болмақ.
Сөз сахна тілінің құрылыс материалы болып табылатындығы белгілі. Сахнада әдемі сөйлеу, әсерлі сөйлеу, мәнді де мәнерлі, жұмсақ, күштеп, батырып сөйлеу әртүрлі ойлардың нәтижелері. Яғни, сөздің қаншалықты дәрежеде айтылуы, актердің ой-ұшқырлығына байланысты болып келеді. Сөйтіп, пайыздық өлшемдерге ие болады.
Сондай-ақ, актердің сөзі оның психологиясының да көрсеткіші. Себебі, актер ішкі психологиялық тебіренісі мен сыртқы пішіні бір-біріне сай болғанда ғана нағыз кейіпкер бейнесін жасап шығармақ. Бұл жердегі ішкі психологиялық тебіреніс ішкі сөзге – монологқа, сыртқы пішіндік көрініс сыртқы сөз әрекетіне саяды.
Жалпы, кейіпкер тілінің басты мақсаты рөлді орындау барысында сөйлеуді машықтандыру, әрбір сөздің мәнін түсініп, табиғатын тануға баулу, кейіпкер образын аша түсетін штрихтарға талдау жасау, ондағы әр сөзге мән беру, оның орындалуын, сахналық үлгісін жасау, тілдік сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру. Бір сөзбен айтқанда сөйлеу техникасын жақсарту. Біз қарастырып отырған кейіпкер тілінің сөз әрекеті ой ұшқырлығына қаншалықты ықпал етсе, сөйлеу техникасының да соншалықты әсері бары белгілі.
Қорыта келгенде, сөз ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан аманат, асыл мұра. Актер сөйлер сөзін, айтар ойын жүйелі жеткізіп, әдеби тілдің нормасын сақтап, сөз сөйлеу өнеріне, тіл мәдениетіне ыждаһаттықпен қарауға, ұлттық тілдің қаймағын келер ұрпақ қа бұзбай табыстауға тиіс.
Әдебиеттер
Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
Тымболова А. Драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы. – Алматы: Елтаным баспасы, 2013. – 328 б.
Тұранқұлова Д. Сахна тілі. – Алматы, 1998. – 208 б.
Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Мектеп, 1989. – 269 б.
Тұранқұлова Д. Сырлы сөз – сахна сәні. – Алматы, 2003. – 204 б.