Филология. Құқықтықтану саласын лингвистикалық қамтамасыз етудің маңызы
Құқықтық қызметті лингвистикалық қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Кез келген құжатты түсініп, меңгеру үшін сол құжат жазылған тілді жақсы білу қажет. Қазақстан Республикасындағы заңдар, үкімдер, жарғылар ресми тілдегі түпнұсқасынан мемлекеттік тілге аударылатыны баршамызға белгілі. Заң – мемлекеттілігіміздің айнасы және мемлекеттік тіл – қазақ тілі десек, заңдар өз ана тілімізде сауатты даярлануы тиіс. «Көбінесе заңнаманы жүйелеу және құқық қолдану тәжірибесін талдау барысында заңдарды жүйелеу, оларды түрлі бағытта зерттеу, заң нормаларының қайшылықтарын айқындау арқылы заңнаманы жетілдіру сияқты жұмыстар жүргізіледі, бұл жұмысты атқаруда да орыс тілінің басымдылығы байқалып отыр. Оған заңдарға талдау жүргізетін мемлекеттік тілді білетін білікті мамандардың аздығы себеп болып отыр. Қазақ тіліне қатысты қателер заң жобасының алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана қазақшаға аударылуы салдарынан орын алады» [1]. Осы айтылғандардың барлығы құқықтық қызметті лингвистикалық қамтамасыз етуде кеткен олқылықтарды көрсетеді. Осы олқылықтарды толтыру үшін құқықтану салаларының болашақ қызметкерлерінде лингвистикалық білім мен дағдыларды қалыптастыруымыз керек, яғни құқықтану қызметінің барлық саласын құқықтық білімімен қатар мемлекеттік тіл – қазақ тілінің грамматикасы мен стилистикасын меңгерген білікті мамандармен қамтамасыз етуіміз қажет.
Қазіргі ЖОО-ның ең басты мақсаты – білікті де білімді, мәдениетті, кең эрудициялы заманауи мамандар даярлау. ЖОО-нда құқықтану мамандығының білім алушыларына мамандық бойынша оқытылатын арнайы пәндерге қоса лингвистиканы да меңгерту - маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Құқықтану тақырыптарына арналған дәрістердің, сот процестеріндегі айыптау қорытындыларын, сот шешімдері мен үкімдерді жариялаудағы мемлекеттік айыптаушылар мен қорғаушылардың тілдері сауаттылықты қажет етеді. Сондықтан, кез келген заңгер өз мамандығын жете меңгерумен қатар, қазіргі қазақ тілінің граматикасы мен стилистикасын да жақсы білуі тиіс.
Тілдің жаңарып, дамып отыратындығы, уақыт талабына орай оның заманауи әлеуметтік сипатының да өзгеріп отыратындығы көптеген еңбектерде айтылады: «Тіл – жанды құбылыс, заманның, уақыттың талабына, қоғам дамуы кезеңдерінің алмасып отыратын жаңашылдық сипатына орай жаңа атаулар, ұғымдар пайда болады. Жалпы тілдің қолданыс ауқымын кеңейтетін, оның ұлттық сипатын даму мен өркендеудің жалпы адамзаттық сипатына қарай бейімделуінің ерекшелігі де осыдан келіп туындайды» [2]. Білім алушыларға лингвистикадан берілетін білімнің мәні де оның жаңару, даму сипатымен үндес болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде жылдан жылға қанатын кеңге жайып өркендеп келе жатыр десек те, қазақ тілі – заң тіліне әлі айналған жоқ. Бұрынғыдай емес, қазір қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мүмкіндігінің аясы кеңіп, тынысын кеңінен ала бастағандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, ресми тілдің басымдылығын байқамау мүмкін емес. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 30-бабында: «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда мемлекеттік тілмен бірге орыс тілі және басқа тілдер қолданылады» [3], - деп айтылса да, бұл салада да көп жағдайда таразының басын ресми тіл басып кетеді.
Өміріміздің ережесі іспеттес заң тілінде де орыс тілі және басқа тілдер қажеттілігіне қарай қазақ тілімен қатар қолданылып келе жатса да, мемлекеттік тілдің мерейін асырып, оны басқа тілдерден үстем ету, күнделікті кәсіби қолданыс қажеттілігіне айналдыру - заңгерлеріміздің де міндеті. Заң тілі ретіндегі қылмыстық актілердің тілі дәлдікті талап етеді және бұрмалап түсіндіруді көтермейді. Заң саласы қызметкерлерінің тілі, яғни, соттардың, қорғаушылардың, тергеушілердің тілдері және олардың ауызша сөйлеу үлгілері мен жазбаша құрастырған құжаттарының тілдері ой айқындылығы мен тіл түсініктілігін өте қажет етеді. «Шешімді орындау кезінде түсінбеушіліктер мен даулар туындамас үшін, сот шешімнің қарарлық бөлімін анық және түсінікті түрде жеткізуі керек» [4]. Бұл тұрғыда кейбір қазақ тілді мамандарымыздың және құжаттарымыздың тілдері сын көтермейтіндіктері айдан анық. Мемлекеттік тілдегі сот істерін жүргізуші заң қызметкерлерінің қазақ тілін белгілі бір дәрежеде білуі біздің бұл қажеттілігімізді қанағаттандырмайтындығы да белгілі.
ЖОО-нда ҚР МЖМБС бойынша мамандықтардың орыс бөлімдеріне «Кәсіби қазақ тілі», ал қазақ бөлімдеріне «Кәсіби орыс тілі» оқытылады. . Бірақ бұл пәндердің оқытылуы да біздің жоғарыда аталған қажеттіліктерімізге жауап бере алмайды.
Болашақ заңгерлерге қазақ тілінің лексикологиясы, грамматикасы және стилистикасын меңгертуіміз қажет. Сот процестерін, ондағы айыптау, жауап алу, қорғау, құжаттардың рәсімделуі және т.б. құқықтану саласындағы жұмыстардың мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуі үшін болашақ заңгерлеріміздің арнайы лингвистикалық дайындығы боуы керек.
Заң тіліндегі көптеген сөздердің мән-мағынасындағы ерекшеліктер жалпы қолданыстағы сөздерден ерекшеленеді: өздеріне ғана тән лексикалық мағынаға (қылмыстық іс, қылмыс жасау, пара алу т.б.) ие болады. Дегенмен, заң тілі әдеби тілдің стильдік түріне жатады және оның заңдылықтарына бағынады. Құжаттарды қазақ тілінде сауатты құрастыру дағдыларын қалыптастыру болашақ заңгерлер үшін кәсіби қажеттілік болып табылады. Сондықтан, лингвистиканы меңгертуде практикалық стилистика
бойынша жаттығуларға мәтіндер нормативтік актілер және т.б заңдық құжаттардан алынуы мүмкін. Студенттер ол материалдарды лингвистика заңдылықтары тұрғысында қарастыру нәтижесінде құқықтану және қылмыстық актілер тілінің ерекшеліктеріне және олардағы қателерге назар аударуға мүмкіндік алады. Сол үшін де болашақ заңгерлерге арнайы лингвистикалық дайындық өте қажет. Құқықтану мамандықтары білім алушыларына қазақ тілі лексикологиясы, грамматикасы және стилистикасын оқытудың мәні - қазақ тілінің ерекшеліктерін белгілі бір құқықтық мәнде үйрету және мамандық бойынша заманауи қажеттіліктердің бірі болып саналады. Бұл болашақ заңгерлер үшін филология және құқықтану білімдерінің синтезі ретіндегі қазақ тілі лексикологиясы, грамматикасы мен стилистикасын оқыту бойынша пәнді оқу жоспарына кәсіптендіру пәндері циклы бойынша таңдау компоненті етіп енгізу болып табылады. Лингвистиканы меңгеру болашақ заңгерлерге құқықтық кәсіби білімдерін философия және логикамен де ұштастыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілі лексикологиясы, граматикасы және стилистикасын құқықтану мамандықтары студенттеріне кәсіптендіру пәндері циклы бойынша таңдау компоненті ретінде оқу жоспарына енгізу көзделеді және де бұл пән 3, 4- курстарда оқытылса, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады деген пікірдеміз. Өйткені, ҚР МЖМБС бйынша 1, 2, 3-курстарда студенттерге жалпы білімдік және базалық пәндер циклдары бойынша білім беріледі. Соның нәтижесінде 3, 4-курсқа келген кезде студенттердің жалпы білімдік пәндер бойынша білімдеріне қоса өз мамандықтары бойынша базалық білімдері болады. Бұл ретте лингвистиканы құқықтану мамандықтарының 3, 4-курс студенттеріне базалық және кәсіптендіру пәндерімен ұштастыра, байланыстыра оқыту ұсынылады. Өйткені, базалық және кәсіптендіру пәндерінің практикалық сабақтары (практикалық сабақтардағы құжат үлгілері, сондай-ақ, тіл формаларының ауызша және жазбаша үлгілері арқылы) мен қазақ тілінің лексикологиясы, граматикасы және стилистикасы заңдылықтары мен ережелерінен берілетін білімдер пәнаралық байланыс ретінде ұштастырылуы қажет. Жоғарыда айтып өткендей, пәндерді байланыстыра оқыту арқылы болашақ заңгерлерді лингвистикалық қамтамасыз ету жұмыстары өз жемісін береді деген ойдамыз.
Болашақ заңгерлерді лингвистикалық қамтамасыз етудің мәні - қазақ тілінің ерекшеліктерін белгілі бір құқықтық мәнде үйрету болып саналады. Заң шығару және оны қолдану, яғни сот процестері, ондағы айыптау, жауап алу, қорғау, заңдық құжаттардың рәсімделуі және т.б. құқықтану саласындағы жұмыстардың мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуі үшін кез келген заңгер өз мамандығын жете меңгерумен қатар, қазақ тілі лексикологиясы, грамматикасы мен стилистикасын да жақсы білуі тиіс деген пікірмен ойымызды қорытындылаймыз.
Әдебиет
Қазақстан Республикасы Заң шығару институтының Жаршысы./ Ғылыми- құқықтық журнал. -А., 2010, №4 (20). -300 дана.
«Қазақстан Республикасы заңнамасындағы мемлекеттік тіл: мәселелері және келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Материалдары. -А., 2010. - 192 [2] б.; -200 дана. -ISBN 978-601-2540149-6.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексі./Оқу- практикалық құрал. -А.: Норма-К, 2002. -232 [3] б., -500 дана. - ISBN 9965-608-08-3.
Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы. -А.: Норма-К, 2009. -584 [3] б., -1000 дана. - ISBN 9965-785-54-6.