Филология. Реферат. Қазіргі қазақ прозасындағы қала бейнесі
Мақала қазіргі заманғы қазақ прозасындағы қала бейнесі жайлы жазылған шығармаларды талдауға бағытталған. Қазір «қала пейзажы», «қала адамының бейнесі» сияқты ұғымдар пайда бола бастады. Адамды қаламен байланыстыра қарастыру бүгінгі таңда аса маңызды болып отыр. Соған орай барша адам баласын алаңдатып отырған жаңа дəуірдің адамы, яғни қала адамының образы, өзара байланыста, өзара сабақтастықта қарастырылады. Басты нысан ретінде ХXI ғасырда дүниеге келген қазақ романдары алынды. Мақаланың өзектілігін белгілеп тұрған мəселе — қазақ прозасындағы қала бейнесінің қойылуы, жан-жақты ашылуы. Аталмыш проблеманың ұлттық əдебиетіміздегі көріну деңгейін барынша танып-білу мақсатында əлеуметтік жүгі салмақты, қоғамдық маңызы айқын кейіпкерлер арқылы, олардың ой-толғанысы, əрекет-тіршілігі арқылы жалпы адамзатты толғандырған мəселелерге көз жүгіртіп, көркемдік тұжырым жасауға талпынған шығармаларға талдау жасалды. Мақалада тақырыпты ашуда, өзіндік образдар жүйесін жасауда қазақ жазушылары қолжеткізген жетістіктер, олардың көркем шығармаларындағы идеялық-эстетикалық жаңалықтар жан-жақты дəйектеледі; қоғамды жайлап бара жатқан рухани азғындау экспансиясы, адам, оны қоршаған орта, сол қоғамның адамға тигізер əсер-ықпалының қазақ романдарындағы көрінісі жан-жақты сараланды. Сонымен қоса, қаламгерлердің этикалық-ұждандық мəселелерді көтеруіндегі танымдық-эстетикалық ұстанымдары ашылды. Нақты айтқанда, Д.Амантай, Н.Ораз, А.Алтай, Ə.Қосбағарова, Н.Қабдай, Қ.Əбілқайыр, А.Мырзахмет сынджазушылардың осы тақырыпты ашудағы даралық жəне ортақ стильдік белгілері зерттелді.
Ұлт əдебиетінің тамыры тереңде, тарихы бай, көркемдігі де назар аудартады. Осы орайда көркем əдебиет – заманды заманға, ұрпақты ұрпаққа жалғастырып жатқан рухани алтын көпір. Көркем əдебиетіміз болмаса, халқымыздың тарихын, ұлт өміріндегі барлық кезеңдерді көз алдымызға елестете де алмас едік. Электронды ақпарат ағымы тасқындаған жаңа, үшінші мыңжылдықта таным дағдарысы белең алды. Ғасырлар тоғысында мəдениет көкжиегін көксеген жаңаша көзқарас, тың талғам қалыптасуы — уақыт заңдылығы. Дегенмен заманалардың орын алмастырған бейуақ мезгілінде, жылымық сəттінде қоғамда «қазақ əдебиеті тоқырауға ұшырады, бүгінгі заманның жедел даму қарқынына ілесе алмай қалды» деген жаңсақ пікірлер туғаны да рас. Бұл дауыл алдындағы тыныштықта айтылған сөз деп білеміз. Ғасыр табалдырығын аттаған кезеңде қандай бағытқа, қай ағымға барамын деп абдыраған көркемөнер тез күш жинап, ес жиып, түлкі боп қашқан уақыт көшін, тазы боп шалып, жемісті ізденістерге білегін сыбанып, батыл кіріскенін бүгінгі зерттеу нəтижелері көрсетіп отыр. Ұшқыр, əрі сезімтал жанр, көркемсөз өнерінің еркесі — поэзияны былай қойғанда, шығармашылық толғанысы тоқсан түйін — проза жанры ширақ қимылдап, жаңа заманның мұзарт шыңынан қарап жазылған бірқатар үлкенді-кішілі шығармалар ерекше тақырып, тың сюжеттерді дүниеге алып келді. Қазіргі əдебиетіміздің тақырыптық ауқымы тың үрдістеге сай кеңейе түсуде. Қаншама шығармалар жарық көруде. Бұрын-соңды қаламға ілікпеген тың жағдайлар мен адам мінездерін бейнелеуде батыл қадамдар жасалып, бейненің жинақтаушылық қасиеті күшеюде. Қаламгерлер өз қоғамындағы, өз ортасындағы адами қасиеттерді зерттей отырып, алуан түрлі көркем образдарды дүниеге алып келіп жатыр. Соның нəтижесінде қоғамның бет-бейнесі, қыр-сыры айқынырақ танылып жатқаны шындық. Əдебиетіміздің өсу деңгейі де қаламгерлеріміздің əлеуметтік өмір шындығын аша отырып, қоғамдық маңызды мəселелерді өз дəрежесінде толық танып, зерттеуінен көрінетіні белгілі. Мұны ұлт əдебиетінен, проза жанрынан көруге болар еді. Əдебиеттің тақырыбы өткен тарихты қозғаумен шектелмейтіні, əр қаламгер өзі өмір сүріп отырған кезеңнің көркем келбетін жасауға да ұмтылатыны белгілі. Бұл жағынан, қазақ романшылары оқырман қауым алдында қарыздар болып қалмай, замана толқыны лекітіп əкелген өзекті мəселелерді көрсетуде қол қусырып қала алмады. Қазіргі жас буын жазушылардың жаңа идеялы көркем туындылары келешекте зор құрметке ие болары сөзсіз. Себебі оларда заманның көкейкесті мəселелері көпке таныс суреттер мен жағдайлар арқылы беріледі. Қазақ əдебиеті тақырып, жанр, көркемдік жағынан да назараудартатын болса, оның ішінде қала көріністері, ондағы өмір, тіршілік тынысы да өзгеше əлем, бөлекше арна.
Атап айтқан жөн, қазақ қаламгерлері қала тақырыбын, ондағы адам өмірін, еңбегін, жастық, достықты сөз етті. Қазіргі қазақ жазушыларының қалалықтар өміріне арнап қалам тартқанда интеллигенция (зиялылар) өкілдеріне ерекеше мəн беруі тегін емес. Өйткені қазіргі қалалық қазақ зиялылары өкілдерінің бəрі де жазушының өзі сияқты күні кешегі ауылдан шыққан қазақ балалары. Айталық, А.Смайылдың «Тамұқтан келген адам» романында ұлт тарихы, тағдырлы тұстар сөз болса, Н.Ақаштың «Жатақхана қыздары», «Сезім жетегіндегі жігіт» — қала көрінісін, замандастар өмірін арқау етеді. Ал, А.Алтай «Бомж» туындысында қазіргі өмір, уақыт көрінсе, Д.Амантай «Гүлдер мен кітаптар», «Шайтан мен шайыр» шығармаларында бірнеше идеялық арна, қазіргі қоғам, адам əлемі, өмір мен өлім мəні, портреттік штрихтар, баяндау жүйесі назар аудартады. Негізінен, қазіргі кезең туындыларынан қоғамдық құбылыстардан өзге адам əлемі, қала өмірі, тынбас тіршілік, шынайы оқиға желілері мол. Оқуға жеңіл, əсері де зор.
Қазіргі прозада уақыт пен кеңістіктің атынан сөйлейтін, бүгінгі қоғамның айнасы болатын кейіпкер туралы сөз қозғағанда ғалым Наурызбаевтың «замандас образы — тарихи-эстетикалық категория, ол үнемі өзгерісте, заманмен бірге ілгері қадам басып, жаңарып, толысуда, биіктен биікке көтерілуде көрінеді» дегені еске оралады. Арғы тарихи кезеңдерді сөз етпегеннің өзінде, бір ғана электронды ақпарат дəуірінің алғашқы ширек ғасырындағы замандас прототипінің идеалы, үлгісі болған əдеби образдар тобы жаңа сапада толыға түсуде. Бұл, əрине, əдебиеттің даму заңдылықтарының табиғатына тəн құбылыс [1].
Қала прозасында əңгімелері оқырмандар тарапынан жақсы пікірге ие болып жүрген жазушылар жеткілікті. Атап айтатын болсақ, ең алғашқы «жаңашыл» туындыларымен əдебиетсүйер қауымды селт еткізген Дидар Амантай, ерен еңбек етіп жүрген жазушылардың бірі Асқар Алтай жəне өзіміздің жерлесіміз, жас қаламгер Алмаз Мырзахмет.
Дидар Амантай – қала прозасының даусыз өкілі. Д. Амантай романын зерттеушілер модернистік жəне постмодернистік эстетикамен ұштастырады. Жазушы шығармалары түрлі туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай əсер қалдырады. Шығармалары көбінесе көлемі шағын болып келеді. Дəстүрлі мағынадағы сюжет үлгісі кездеспейді.
Д.Амантай өзіне дейінгі əдеби дəстүрдің көркемдік жетістіктерін игере отырып, жаңашыл ізденістерге, экспериментке ұмтылады. Қаламгер «Гүлдер мен кітаптар», «Мен Сізді сағынып жүрмін», «Тоты құс түсті көбелек», тағы басқа прозалық туындыларымен əдебиетке жаңа тақырыптар мен идеяларды, жазудың тың тəсілдерін алып келді. Қаламгер шығармаларында психологиялық тереңдікпен қатар, сергелдең сезімдер мен күдік-күмəні көп трагедиялық сарындардың, мазасыз ойлардың жарыса жүргенін байқаймыз. Əдебиетіміздегі адам болмысы мен жаратылыс жұмбақтары сынды бұрыннан келе жатқан мəңгілік мəселелерге жазушы енді жаңа қырынан келіп, ең алдымен, адам мен əлемнің қарым-қатынасына постмодернистік таным тұрғысынан философиялық терең мəн жүктейді. Адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы болмысындағы қайшылықтардың себептерін, ұңғыл-шұңғылын зейінмен зерттеуге тырысады.
Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар» атты жаңа романы қазақ прозасына серпін беріп, əдебиет айналасындағы көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандар, ғалымдар, əдебиеттанушылар арасында үлкен қарама-қайшы пікірлер тудырды. Қай заманда болмасын өз қоғамын қозғап, көптің көзіне түсіп, саналуан пікір, орайлы ой өргізуге себепкер болған туындылар уақыт өте бағасыз, құнды дүниеге айналатыны мəлім. Кеңістік пен уақытты, мезгілді тұманды қып ұсынатын, аз сөзбен қою шиеленістер ұсынатын постмодернизм бағытындағы аталмыш роман желісі ХХI ғасыр, яғни бүгiнгi күннің, оқиғасы ретінде өрбиді. Əлiшер есiмдi қаламгер кiтабын жазуға кiрiскен. Барлық əлемі, бүкiл ойы шығармашылыққа байланған. Бүгінгі өмірінің бейнесі, ой қатпарларында жатқан өзіндік əлемі, айналасындағы таныстары, күнделікті өмірі – жазып жатқан кiтаптың негізгі идеясына айналған. Сол себептен, оның қолжазбасы тірі, ерекше тынысты əлем. Бұл — бiр жəне де кейiпкердiң ұғымында: Кiтап дəуренi өткен. Кiтаптың қадiрi кеткен. Кезiнде кiтапқа бас иген, кiтаппен дос болған адамзат оған «сатқындық» жасады. Бұл құбылыс романның бас кейiпкерi Əлiшердiң мұңына, мүмкiн, трагедиясына айналған. Сондай-ақ тап осы «cатқындық» бiр есептен, оның шығармашылық iзденiстерiнiң бастауы да. Өйткенi нағыз өнердiң кезеңi – «əдебиеттiң өмiрдiң көркем бейнесi» емес, суреткер жасар жаңа əлем кезеңi екенiн терең сезiнетiн кейiпкер дəстүрлi əдебиет стилiнен саналы түрде бастартады — өзге өлшемдi əдебиет жасауға ұмтылады. Мұнысынан жап-жақсы нəтиже шығады. Содан да барып оның оқырманы ендi өнер, мəдениет контексiндегi пəлсапа əлемiнде күн кешуге мүмкiндiк алады [2].
Д. Амантай шығармада мəні мəңгілік мəселелерді сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Əлішер өмірдің мəні, тұлғаның кемелденуі, жетілуі, моралдық принциптер мен болмыстың мəңгілік заңдылықтары турасында сергелдең ойға беріледі.
Əлішер, бір жағынан, əлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан — ол «постмодернистік» дəуірдегі адамның рухани құлдырауына, азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның жалғызсырауы туады. Рухани биікке көтерілген сайын адамның жан-жағында өзін түсінетін адамдар азая береді. Мұндай феноменді жалғыздық деуден гөрі, жалқылық, даралық деген жөн сияқты. Əлбетте, даралық та жалғыздықтың бір түрі, бірақ ол негізінен сол адамның өз қалауымен болады жəне ол одан лəззат, шабыт алуы міндетті. Қай дəуірде болмасын, өз ортасынан ерекшеленіп туған адамдар əулие, данышпан, ойшыл, атақты ғалым, т.с.с. ұлы адамдардың өмірі осылай өткені тарихтан белгілі. Данышпан адам үшін өзін айналасынан оқшаулану, айналасынан безіну, жалғыз қалу – рухани кемелденудің, өзін-өзі жетілдірудің, өз бойындағы бүкіл қабілеттерін толық жүзеге асырудың бір шарты. Адамзат қоғамын алға жетелеген бүкіл жаңалық атаулы соны ойлап тапқан адамның жалғыз қалып, жайлылықта ой кешкен шабытты сəтінде дүниеге келген. Зерттеуші Ə. Бөпежанова Əлішердің мінез ерекшелігі турасында: «Ол — адам санасының тұтастығы жойылған, «əлемнің кіндігі — адам» қағидасы белгілі бір деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мəдениеттің «жеңіп», адамның, қоғамның өмір салты, тіпті дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнің кейіпкері деуге болады; белгілі философ-мəдениеттанушы А. Наурызбаева «постгуманистік кезең» деп анықтама беретін кезеңнің кейіпкері; алайда рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мəдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейіпкер», деп сипаттама береді. Қорыта айтқанда, жазушы біраз қазақ жазушыларының бұрынғы романдарында кездесетін қалыпты бұза отырып, постмодернистік ізденістерге барады. Яғни нақты бір логикаға сиятын сюжет, нақты аяқталған образ жоқ. Автор адам санасындағы үзік-үзік жарқылдарды бейнелей отырып, бірнеше философиялық үзінділерден роман жасап шығарды. Постмодернизмнің басты ұғымдары – екіұштылық, көпмағыналылық, күдік тудыру, əлемді хаос деп қабылдау, жанрларды біріктіру, адам рухының белгілі бір кезеңін бейнелеу, оқиғалардың мерзімі, уақыты, кеңістігінің анық болмауы, кейіпкерлерінің жас мөлшерінің тіпті есімдерінің аталмауы т.б. Сондай-ақ модернизм үшін дəстүр маңызды болса, постмодернизм одан бастартады.
Қазіргі қазақ прозасының тағы бір өкілі Асқар Алтай — əңгіме жанрының шебері. Бұған жазушының «Казино» жинағына енген əңгімелері айғақ. Оның əрбір əңгімесінің мəні мен мазмұны бір-біріне ұқсамайды. Оқыс оқиғалар көкірегі ояу адамды селк еткізері хақ. Оның «АҚШ консулының тас лақаты», «Лайбаран», «Түсік», «Тараншы Жолбарыстың сатқындығы», «Кентавр», «Қызыл қасқыр», «Стақан», «Сібір офицері», «Альпинист», «Шаһид», «Салбурын», «Прописка», «Көзжендет» əңгімелерінен мазмұндық, түрлік ізденістер байқалады.
Жинақтың беташары – «Казиноны» бей-жай отырып оқи алмайсыз.
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бəрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұңдар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ...» [3] деп басталған əңгімеден астаң-кестең, былық тірлікке кезігесіз! Астанадағы генерал-«кэнбешниктің» қырықтан асқан баласы Жошының тамағы тоқ, көйлегі көк. Баратын жері — Казино. Бар мақсаты — сұңғақ та сұлу Есілаймен кездесу, нəпсі-шайтанның құмарын басу. Жошы бұрын үйленген, сəби де сүйген, неге екені белгісіз, əйел затына деген суық, жат сезім бар бойында. Сол сезім ажырастырып та жіберді. Ол əрекетіне титтей өкінген жоқ. Тіпті бауыр еті – баласына да суып кеткен. Міне, қырықтан асты. Алды – тұман, арты – қараң. Жошы болмысында қатыгездік мол. Бақсақ, қатыгездіктің дəмін еккен əке-шешесі екен. Əлде төрт, əлде бес жасында бір-біріне пышақ ала жүгіргенде бала тұңғыш рет қызыл қанды көріп шошынған. Жігіт ағасының имандылықтан білетіні – Бісіміллə Рахман Рахым. Одан өзгенің бəрі — нəпсі қалауы. Істеп жүрген тірлігі – арақ ішу, құмар ойыны, зинақорлық – бəрі-бəрі күнəлі істер. Астанадағы əкесінің де шекесінің «шылқығаны» шамалы. Əлдебір жас қызға «бұт артып», сəбилі болуымен өзімен-өзі əуре. Жаратылысында Жошы жаман жігіт емес. Күнəлі, жиіркенішті іс-əрекетін саналы түрде істегенмен, оған өзі қатты өкінеді. Нəпсі-шайтанның арбауына шырмалғанымен, одан шығудың жолын білмейді. Жошы, Жошының əкесі сынды адамдар өмір сүрген қоғамның барар жері – құрдым. Сол үшін адам баласы өзін-өзіжақсы жаққа өзгертуі керек! Парақорлықтан, жағымпаздықтан, мақтангершіліктен, қызғаныштан, көре алмаушылықтан, тойымсыздықтан, тыраштанудан, еліктеуден, арақ-шараптан, ысырапқорлықтан т.б. толып жатқан жағымсыз істерден аулақ болуы керек. Жинақтағы Асқар Алтайға тəн стиль: оқырманды бірден баурап, жетелейтін шұрайлы тіл, шиыршық атқан оқиға мен оқырманға салар ой, дəл қойылған тақырып мен мұндалап тұрады.
Асқар Алтайдың əңгімелерінің көптеген сюжеттері белгілі бір фабулалық кестелеу арқылы ХХ ғасырдың соңғы жəне ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы қазақ қоғамында орын алған қоғамдық процестерді айшықтайды. Тақырыпнамалар, біріншіден, адам мен қоғам, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды көтерумен; екіншіден, қаһармандардың отбасылық жəне махаббаттық жағдаяттықтарымен байланысты осы бір «мəңгілік» тақырыпты əлеуметтік жəне жеке бастық мəселелік аясында белгілі бір кезеңге тəн стильдік жəне жанрлық модалдылық реңкімен берумен; үшіншіден, ұлт қаламгері санасындағы кейіпкер келбетінің түр өзгешелігіне ұшырап, экзистенциалды сипатта сомдалуы бұрынғы қалыптасқан канондарға сыймауымен байланысты болып келеді.
Ал А.Алтайдың «Қаладағы құтпандары» өзгеше дүние. Хикаятта қаладағы қаңғыбас бес ит - алпамсадай Ала төбет, қара овчарка – Тік құлақ, сүліктей — Сары тазы, қоспа қанден – Торшолақ, сүйріктей қаншық – Ақ қанденнің кезбе тірлігі қамтылған. Иттердің көзімен кəрі анасын тастап кеткен қайырсыз ұрпақтары, маскүнем еркек, нашақор қыз-жігіттердің адамгершіліктен аттаған, қоғамға жат, лас, жиіркенішті кейіп-кескіндерін көріп, төбе шашыңыз тік тұрады. Күшік кездерінде ол иттердің өз иелері, мекен-тұрақтары болған. Кейіннен əртүрлі себеппен далада қалып, кезбелік өмірге көшкен. Қазақта жеті қазынаның бірі саналатын иттердің мұндай аянышты халге тап болуына, əлбетте олардың иелері, екіаяқты адамдар кінəлі.
Жазушы иттердің тағылық тірліктерін жеріне жеткізе бейнелеген. Көз алдыңызға елестетіп, сурет салған. Қаладағы қоғам келбетін бес ит көзімен суреттеп шыққан.
Желтоқсанның ақырған аязынан аш иттер бүрсең қағады. Түн сабылып жортып келеді. Іздегендері қу құлқын қамы. Топ басында тік құлақ – овчарка. Өзгелері соңында. Иттер қала сыртындағы ауыл тектес жатаған тамды үйлерді бетке алған. Кенет алдағы Тік құлақ терезелері үңірейген, өртенген үйді көріп сілейіп тұрып қалған. Ит жазбай таныды. Күшік кезінен көзіне ыстық мекен. Бірақ қожайыны жоқ. Өртеніп кеткен ғой. Өртеңнің ішінен ештеңе таппаған өзге иттер тайып отырды. Тік құлақ қалып қойды. Иесінің өзін мəпелеген сəттері елестеп үнсіз жылады...
Хикаят соңында құндақтаулы сəбиді көтерген қыз жөргектегі нəрестені аялдамаға əкеліп тастайды. Артында қалып бара жатқан тастанды сəбиге бұрылып, көз салған да жоқ. Не деген тас жүрек жан. Аяздан бүрсеңдеп тоңған, аштықтан бұралған иттердің ортасында – қорғансыз сəби. Құтпандардың көздері қарауытып əлі қырқынан да шықпаған періште-сəбиді жəукемдемек. Сол үшін де бірімен-бірі таласты. Абырой болғанда аяқастынан бір топ қыз-жігіт келе қалып, тастанды бала тірі қалды!
Жоғарыдағы екі хикаятта да төгілген тілмен бірге жан тебірентер тағдырлар, өмірдің ащы ақиқаты бар. Осылайша, Асқар Алтай қазіргі замандағы қала адамының образын, жалпы қазіргі заманның басты мəселелерін сөз етеді. Бұл əңгімелер, кімді де болса, терең ойға салатыны сөзсіз.
Бүгінгі прозаиктердің ішінде Сайтан кейіпкерін əңгімесінің тақырыбы етіп алған жас жазушы — Нұрлан Қабдай қала тақырыбындағы мифопоэтиканың жарқын үлгісі. Ол өзіне дейінгі прозада қалыптасқан суреттеу мен айшықтауды, психологиялық параллелизм жасауды жат көрмейді. Дəстүр сабақтастығын жалғай отырып, өзінің тың стилі мен ұстанымын алып келген. Əдетте, қазақ прозасындағы қала тақырыбы турасында сөз қозғалса, жазушыларымыздың қаламы бұл тақырыпқа онша жүрдек еместігін алдыға тартатындары көп. Ал Нұрланның «Сайтан» əңгімесі шын мəнінде қазақ қаламгерлері де қала тақырыбын өте жақсы меңгере алатындығын, қаланың өзіне де қазақы таныммен қарауға болатынын көрсетіп берген. Мəселен, «Ажары етегіне жеңгетайлық еткен жезөкшеге дейін сырты жылтырап тұрғанымен, іші құрттап жататын сидиған шыны ғимарат мұның да жұмыс орны». Қаланың қоғамдық көлігін ол былай кейіптейді: «Дымқыл асфальттың күсін бауырына көшіре жеткен автобус ысылдап аз тұрды. Кісісі аз екен. Түскен ешкім жоқ. Қайта терезеден бұған телміріп емес, болсаңшы деп одырая қалған қалың көз. Бір жаққа безіп бара жатқан, бір жақтан безіп келе жатқан екі аяқтыға аялдаманың өзі аял бола алмай қалғандай. Іштегі олар ерте кетті ме, сырттағы бұл ере кетті ме, автобус бұны бүйірімен қылғытып алып жөнеп берген». Өзге жас прозаиктерге қарағанда, тілі жатық автор портрет жасағандығымен де олардан айрықшаланады. «Əудемнен көрді. Əйнек қабырғалы аялдамада жалғыз отыр. Кезбе. Кезбе екенін де əудемнен: ұзыниен орындықтың шетінде ғана бүкшиіп отырған арқасынан, дал-дұлы шыққан пəлтесінен, күлдірей домбыққан оң беті мен қабарта салбыраған үстіңгі ернінен-ақ аңғарған. Қаланың қақ ортасында қайдан жүр? Былтыр көрген бұлтын іздеп келді ме деп ойлады. Не қылса да, автобус тосып отырмағаны анық» [4]. Бұл əңгіменің де кейіпкерлерінің аты жоқ. Кеңістік — қала, бірақ қаланың да аты жоқ. Уақыт: таңғы мезет. Жауын жауып тұр. Екі кеңістік бар. Біреуі — үйдің іші, екіншісі — жауынды қала. Анығында кейіпкер жауынды қалада үйінен қашып, өзін жалғыз сезініп кетіп бара жатады. Осылайша жалғыздықтан жабыққан келіншек қаладағы көлігі сапырылысқан жолға өзін өзі тастағысы келеді. Бірақ тəтті жанын қимай, бірақ жалғызсыраған өмірді де тəрк еткісі келіп тұрғанда бұның қасына ұзын бойлы, келбетті жігіт келеді. Танысады жəне оның үйіне еріп барады. Əңгіменің соңында мұның барлығы келіншектің жай ғана түсі болып шығатындығы. Өзінің күйеуімен ұрысып қалмағандығы, қалыпты өмірдің бір таңында бастырылып қалғандығы мəлім болады. Бір кейіпкердің түсі арқылы адамы көп, сонымен қоса жалғыздығы көп қалада Сайтанның арбауына адамдардың оп- оңай түсе қалатыны əңгіменің негізгі идеясы деуге болады. Кейіпкер бір түннің ішінде бүкіл қаланы кезбей-ақ бақытты өз үйінен табуға болатынын, өзіңді өлімге қию, жалғыздықты сезінген адамның қасына Сайтанның жақын жүретінін түсінеді. Барлық күрес — адам мен Сайтанның арасындағы күрес. Тек ол мифтік кейіпкердің мүмкіндігі жоғары. Ол адам кейіпіне ене алады. Өз кезегінде, əңгімесіне осы тақырыпты арқау еткен прозаик тақырыбын жақсы аша алған.
Ə.Қосбағарованың «Қара кемпір», «Хризантема», «Қызыл орамал» əңгімелері мен «Сізге» атты эссесіне əртүрлі жастағы əйел-аналардың қилы тағдыры негіз болған. Қазақ əдебиетіндегі əйел бейнесін толықтыратын бұл шығармалардың негізгі ерекшелігі — əртүрлі оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің жас ерекшелігінің бір-біріне ұқсамауы. Мəселен, «Қара кемпір» əңгімесіндегі жалғыз баласыный асты-үстіне түсіп, оны оқытып адам қатарына қосқан кемпірдің мүшкіл халі — ащы болса да өмір шындығы. Жазушы өмірдің күнгейін емес, көлеңкелі тұстарына көңіл бөле отырып, тығырықтан шығар жолды іздейді. Кеңестік дəуір ыдырап, еліміз егемендік алғанмен, адам баласының психологиясы өзгере бастағаны жасырын емес. «Хризантемада» жас бойжеткендер өмірінен сыр шерткен автор қала жастарының тіршілігінен хабар берсе, «Сізге» шығармасында махаббаттың адам жасына қарамайтындығына көңіл аударған. «Ол» əңгімесінде адал адамдардың арам қоғамда өмір сүре алмайтындығы студент жастар өмірімен шынайы бейнелеген. Алғашында студенттердің үлкен ақын санап, одан қолтаңба алып жүрген ақын ағасының ішімдікке салынып кеткенінің сырын ашу арқылы табиғат сыйға берген тума таланттар мен ақынсымақтар арасындағы текетірес, халтурщиктердің пайдасына шешіліп жататынын əшкерелеген. Жазғанын көршілері көшіріп алып, қолының ұзындығын пайдаланып, жинақ етіп шығарып жатқанын көрген ол өзі өмір сүрген қоғамға лағнет айтады. Негізгі кейіпкердің атын атамай-ақ, ол деп бейнелей білген автор сол ақынның түбіне жеткен ақынсымақтарды мақтамен бауыздаған. Мұндай жайттардың өмірде кездесіп жататынын жадында ұстаған автор оқырмандарына өнер жолының оңай еместігін сендірген. «Тағдыр» əңгімесіндегі кандидаттық диссертациясын қорғап, ауылға барып мектепте мүғалім болып жүрген Берікті мектеп директорының жұмыстан қысқартуы оның тағдырын тəлкек етеді. Көп білгені, еңбекқорлығы, əділдігі, турашылдығы үшін көпке жақпаған ол жұмыссыздықтың салдарынан ішімдікке салынып кетсе, «Күй» əңгімесіндегі күйшінің де тағдыры осы тақылеттес. Соңғы үш əңгімеде біздің қоғамның келеңсіз жақтарын əшкере етумен бірге, өнер мен өнер иелеріне қазіргі таңда қамқорлықтың азайып кеткендігі көркем бейнеленген. Жазушы əңгіме жанрына тəн көркемдік ерекшеліктерді жете меңгерген. Шым-шымыр оқиға қатысатын кейіпкерлерінің өміріне лирикалық шегініс жасаған ол барлық кейіпкерлерінің толық бейнесін шынайы сомдаған [5].
Қазіргі қазақ прозасындағы сөз майданында тың ізденістер бас көтеріп, саналуан эксперименттер жасалып жатқаны сөзсіз. Солардың біріне жазушы Мəдина Омарова шығармашылығы арқылы үңіліп көрейік. М.Омарованың кейіпкерлерінің күрделілігі, қайшылықты болмысы, көлемі шағын болса да сюжет қоюлығы мен психологиялық тереңдігі – көзге оттай басылатындығы. Көркем шығармаға арқау еткен идеясының образға айналуы, яғни кейіпкерлер əлемін жасау — жас жазушының қазақ прозасында бар болса да, өзінше алып келген өзгеше демі сынды. Қоғамдық мəселеден гөрі, кейіпкер болмысына терең үңілу, шынайы табиғатын көрсетуге ұмтылу автордың шексіз мұң тербеткен, сағым сағыныш сеңделткен тұлғасын елестетеді.
Қазақ прозасында кейінгі жылдардағы əдеби тенденциялардың бірі ретінде белең алған экзистенциализм ағымын Мадина да айналып өтпейді. Кейіпкердің рухани өмірінің түйткілді мəселелерін импрессионистік тəсілдермен ұсынғанын, «экзистенциализмдегі өмір шындығын абсурд пен хаос дүниесі деп қарайтын идеялардың» маңызын асқақтатқанын қаһарман мен авторлықпозиция ара-қатынасына терең үңілгенде байқай түсеміз. «Ақиқатқа адам болмысын тану арқылы жетуге ұмтылыс», «өмір сүрудің мəні — өзіңді өзің тануда» сияқты қағидаларды ұран етіп алып, өмір сүретін замандастарының қазіргі қазақ қоғамындағы трагедиялы табиғатын образдардың өз əлемінен аспай жататын реалистік психологиясы арқылы жеткізеді.
Қаламгер туындыларынан сан алуан кейіпкер галереясын көруге болады. Өзінің əрекетіне есеп бермейтін абсурд қаһарман, өзін шексіз сүйетін нарцистік психология, шектен тыс эгоист, өзін-өзі таба алмай адасқан, сезімнен ада тас жүректер т.б. «Қария», «Қарға», «Мысық» сынды əңгімелердегі кейіпкерлер жалғыздықпен шарасыз достасқан, қоғам қайраңына шығып қалған қорғансыздар ретінде суреттелген. Мəдина Омарова кез келген шығармаларындағы жаңаша кейіпкерге қазіргі қоғамның бүкіл қасіретін артуға ұмтылып тұрады. Автор көбіне қазіргі қоғамның дағдарысы — жалғыздықты жиі қарастырады. Жалғыздық — қазіргі ХХІ ғасырдың дерті, əсіресе ол урбандалған, дамыған елдерге тəн құбылыс. Миллиондаған тұрғыны бар қалада тұрып та адам өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бүгінгі қоғамдағы жалғыздықтың тереңдей түсуіне ықпал ететін себептер көп: біркелкі стандартталған өмір, интеллектуалдық деградация, айналадағы адамдармен байланыстың əлсіреуі, яғни, қарбалас тірлік, жұмысбастылық, уақыт–ақша ритмі жəне т.с.с. Тіпті, «ғаламтордағы өмір» деген түсінік пайда болды. Достарың да виртуалды, қарым-қатынастың бəрі интернет арқылы жасалады, əлеуметтік желі — ой-пікіріңді бөлісетін басты орын. Бұрынғыдай барыс-келіс, аралас- құраластық шын мəнінде сиреп барады. Достарыңмен, туыстарыңмен, тіпті бірге тұратын ең жақын адамдарыңмен байланыс шектеулі. Бұл үрдіс заманауи қоғамның жаңа проблемасын туғызды – индивидуализмге орын жоқ, мұнда əлеуметтік таптаурындар кең таралған, адам социумда өзімен бірдей, өзінен аумайтын, құндылықтары ұқсас адамдар арасында өзін жалғыз сезінеді. Осының бəрі қазіргі қазақ прозасындағы қала адамының бейнесін дəлме-дəл көрсетеді.
Қазіргі қазақ əдебиетінің белді өкілі өзіміздің Алмаз Мырзахмет те қазіргі қазақ прозасына қала тақырыбын алып келді. Жазушының «Ханшайым», «Қала мозаикалары» атты кітаптары жарық көрді. Соның ішіндегі «Жазушы жазбасы» мистикалық сарыны бар, там-тұмдап оқырман психикасына шабуыл жасайтын шығарма. Мұнда қаламгер жаңа əңгіме жазу барысындағы шығармашылық процесті сипаттайды. Кейіпкерлер тіріліп кеткен, мұның соңынан қалмайды, мұнымен тілдеседі, керіседі, тіпті бірігіп алып, авторға қарсы шығады. Түс пен өң, қиял мен шындықтың шарпысуында қаласыз. «...егер барлығы мен күдіктенгендей болса, бұл ойымның өзі бір жерде қағазға түсіп жатыр. Яғни, ол — менің ойым емес...», — дейді кейіпкердің кейіпкері. Бəріміз де кейіпкерміз ғой. Жаратқан жазып отырған кітаптағы еркі жоқ кейіпкер емей, кім едік? Автордың айтар ойы осы бағытқа жетелейді.
Алмаздың жазуын ерекшелейтіні — шиырлаған психологизм. Ол көп адамдардың бойында бар қараңғылықтан қорқуды (ахлуофобия) ұтымды ойнатады: «Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сəтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар деп ойлап жатқанда қайта ұйықтап кетіппін», «Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда аңғардым, кілт салатын тесіктен қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды», «Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен əлгі қыздың қарап тұрғаны сезілді» деген жолдарын оқығанда еріксіз түршігесіз. Жоқ, бұл жапонның қорқынышты фильмі емес. Кəдімгі кез келген адамның санасында болатын арпалыс. Сондықтан қазақы танымға да жат болмайды [6]. Ең бастысы, сіздің жүйке талшықтарыңызды бір жыбырлатып алған шығарма, «Қорқақтық қатыгездіктің анасы емес пе!», «Өлім мəңгіліктің дүниеге келуі емес пе?» деген сияқты толып жатқан оқыс тұжырымдарымен ойды қозғамай қоймайды. Тілде шұбалаңқылық жоқ, баяндау серпінді, қысқа да нұсқа. Айтпақшы, əңгімеде автор кейіпкерінен қашып құтыла алмай, ақыры пəтерді жағып кеткен екен ғой.
Алмаз — сюжет құрастырудың шебері. А.Мырзахметтің əңгімелерінен кейін кейіпкер тағдырына алаңдау деген ғанибет сезім есіңізге түседі. Алға жылжыған сайын Алмаз оқиғаны енді қай қиырға сүйрейді, сюжетті қалай құбылтады деп иненің ұшында отырасыз. Өйткені одан бəрін күтуге болады. Бұл аңғал да қарапайым, бір оқып шығып ұмытып кететін проза емес, біраз уақытқа дейін қиялыңды мазалап, санаңды сансыратар əңгімелер. «Ұшқындағы» оқиға «түс ішіндегі түс» емес, қиял мен шындықтың арасы да емес, кəдімгі реалды оқиғадай сипатталады. «Көгершін» əңгімесінде ақ көгершіннің көзімен қала өміріндегі «қанатсыздар» жайлы, оларда «жүрек бар ма екен?» деген сұрақ қою арқылы, қазіргі жай-жапсарды жазады. Сонымен қатар психологиялық иірімдерге толы «Автопортрет», «Өрт», «Жыртылған күнделік», «Қуыршақ» атты əңгімелерін, «Түн жанарындағы жас» пунктир хикаясын ерекше атап өту керек. Бұл шығармаларға кейіпкерлердің санатүкпіріндегі өз-өзімен айқасы, ақиқатпен арпалысы арқау болған. Жаңа заман дауылымен үдере көшіп, он шақты шал-кемпірі қалған «Қарттар ауылы» атты жетім мекеннің ең соңғы тұрғыны туралы шығармасы да — жақсы үлгіде жазылған сəтті туынды десек болады.
Қазіргі қоғамдағы маңызды мəселелердің бірін жазған Қанағат Əбілқайырдың «Қағаз қаласы» атты əңгімесі айрықша назар аударарлықтай. Бүгінгі күнгі жастардың ең басты мəселесі – баспанасыздық дерті болса, оның қазіргі қазақ қоғамын шырмауықтай шырмап алғаны шығарманың басты тақырыбы етіп алынған. Жастар үшін бұл үлкен мұқтаждыққа айналды. Өзіне-өзі сенбеу, келешегіне күмəндану, көбінесе, дəл осы бас ауырудан басталады. Қазақ халқы, оның өсіп келе жатқан ұрпаққа ие болатын бөлігі мұның зарын сұмдық тартты. Жəне бұл мəселе бүгінгі қоғамдағы тамыр-таныстық, жағымпаздық дертін тудырды. Жазушы даладан келіп, қаладан ұядай орын таппаған сансыз қазақтың мұңын көрсетіп отыр. Баспанасыздық зарының қазақ ұлттық болмысына тиетін зияны мен зардаптары шегіне жеткізе суреттеледі.
Сол сияқты, Қойшыбек Мүбарактың «Пəтер» атты əңгімесі де қазіргі қазақ жастарының əлеуметтік жағдайы туралы. Əңгіме қызықты оқылып, оқырманды тез баурап алады. Себебі бұл – қазір кең танымалдыққа ие болған жайт: ауылдан, кең даладан қым-қуат тіршіліктегі қалаға келген қаракөз қазақ баласының бір баспанаға зарыққан халі жөнінде. Қазақ жастарына мынау нарық заманында үлкен, кіші қалалардан жайлы пəтер алу – арманнан ары, жеті қат көктегі қол жетпес нəрсеге, көкейде ғана қалар тəтті қиялға айналған. Мұндайда «Кісідегінің кілті — аспанда» деген мақалдың көлденеңдеп кейіпкер алдынан шыға беретін сəттері көп. Əңгіме соңындағы өз ернін өзі қыршып, қаны бұрқ еткен кейіпкердің көңіл-күйі - Қазақстандағы талайларға етене таныс ауыр əлеуметтік ахуал.
Қазақ əдебиеті қанатын енді ғана керіп, бұрынғы жеткен құзыр шыңның басынан бұдан да алыс, бұдан да биік көкжиектерге көз тігіп отыр. Дүниеге жаңа ұрпақ келді. Олар алдыңғы толқын, аға ұрпақтың ісін ары қарай жалғастырмақ ниетте. Бүгінгі лебіз сол келешекке, жақсы болашаққа қосқан азғантай ғана жақсы сөз жарым ырыс болғай. Талантты жазушының кез келген образы өмірлік материалдың жинақталуының, өзіндік даралануының сипаты болып қана табылмайды, адам жəне қоғам туралы белгілі бір ұғымның көркем бейнесі қызметін де атқарады. Сонымен бірге қазіргі қала бейнесі мен қала адамының мəні туралы жаңа түсінік əдебиетте көркем бейнелеу тəсілінде жаңа дəуір ашады деп айтуға болады.
Əдебиеттер тізімі
Жарылғапов Ж.Ж. Қазіргі қазақ əдебиеті: оқу құралы / Ж.Ж. Жарылғапов, А.А. Мырзахметов. — Алматы: Эпиграф, 2016. — 164 б.
Амантай Д. Қарқаралы басында / Д. Амантай. — Алматы: Полиграфкомбинат, 2010. — 395 б.
Алтай А. Казино / А.Алтай. — Алматы: Атамұра, 2008. — 367 б.
Нұрлан Қабдайұлы сайты «Əдебиет порталы» [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://old.adebiportal.kz/ blog/blog-594/945/?&translit=arabic
Қосбағар Ə. Қызыл орамал / Ə. Қосбағар. — Алматы: Жалын, 2012. — 160 б.
Мырзахмет А. Қала мозаикалары / А. Мырзахмет. — Қарағанды: Гласир, 2016. — 216 б.