Ашық сабақ. Ұстазға деген құрмет туралы эссе
«Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі»
Оспанова Мөлдір Дәулетханқызы
Тараз қаласы, №31 орта мектебі қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі
Сабақ беру – үйреншікті
жай ғана шеберлік емес,
ол – жаңадан-жаңаны
табатын өнер түрі
Ж. Аймауытов
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында алынған терең білімнің кәсіби дағдылары негізінде еркін бағалай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп атап көрсеткен. Себебі келешек қоғамның келбеті – біздер, ұстаздар тәрбиелеп отырған шәкірттер. Ұстаз еңбегінің нәтижесі қандай болса, еліміздің ертеңі сондай болмақ. Ұстазға жүктелер жауапкершілік те арта түспек.
Ұстаз – мәңгілік нұрдың қызметшісі. Оның еңбегі мен шәкіртіне деген мейірім, махаббатына, сол ұлы жолдағы төккен теріне – бұл өмірде тек ана махаббаты ғана теңесе алады. Мен осынау адам тағдыры үшін аса жауапты аяулы кәсіпті таңдағаным үшін де өзімді бақытты сезінемін. Себебі әр таң сайын өзіңнің біреулерге керек екеніңді сезініп, өзіңді мектепте асыға күтіп отыратын шәкірттеріңнің бар екенін жан жүрегіңмен ұғыну – адами бақыттың ең биігі. Менің ұстаздық жолдағы өмірлік ұстанымым – абыз Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап» деген аталы сөзі. Осы аталған ақыл мен білімге ажар беріп, ұстаз келбетін айшықтандыра түсетін қасиеттердің ардақтысы – адамгершілікке арқа сүйеп еңбек еткен ұстаздан нашар оқушы шығуы мүмкін емес. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген аталы сөз де осындай ұстаздарға арналады. Ұстаз болу үшін, ұстаз болып туылу керек. Мен әр күн сайын әр сабағымнан « Мен бүгін шәкірттеріме не бердім, олар не алды» деген сауалмен өзімді жиі мазалаймын. Келесі сабақта кешегі еккен дәнімнің көктегенін, балғын саналарында сақталғанын көріп, төккен терімнің текке кетпегеніне бақша бағбанындай қуанамын. Бағбан да бақшасына еккен балауса көшеттерінің бой түзеп, бүр жарғанын көріп бақытқа кенеледі емес пе?! Ұстаздық мамандық пен бағбандық кәсіптің арасында көзге көрінбейтін бір нәзік байланыс бардай сезіледі маған. Сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Жас баланың миы-ақ қағаз тәрізді, оған не жазсаң, соны оқисың» деген тұжырымы осы ойларымды дәлелдей түседі. Оқушы кейде мен үшін жанып тұрған шырақ тәрізді. Ол ойыма дәлел: кеңес заманынан бастап, күні бүгінге дейін еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгі көрерменнің көзайымына айналған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасындағы ұлағатты ұстаз Сабыровтың жас маман Майқановаға: «Әттең, Сұлтанның шырағын жаға алмадым», – деп өкінуі көп жайтты аңғартады емес пе?! Сұңғыла жан тентек шәкіртінің кілтін тауып, болашағына бағыт сілтей алмағанына, шырағын жаға алмағанына әкелік жүрекпен қынжылады. Қазіргі таңда балауса өскінге әкедей қамқор бола алатын, шырағын жаға алмағанына асқан сезімталдықпен өкіне білетін Сабыровтай сезімтал ұстаздар бар ма арамызда? Әрине, ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Ондай қамқор, ұлағатты ұстаздар әр облыста, әр қалада бар. Бірақ аз.
Қазіргі қоғамдағы мұғалім – шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Қазіргі ақпаратты көздер мен техниканың дамыған заманында оқушыға берілетін білім де сол техникалармен байланысты. Дегенмен жаһанданудың алапат ағысына жұтылып кетпей қарсы тұру үшін жас ұрпаққа техника тілін ғана меңгертіп қою – жеткіліксіз. Ұрпақ санасын ұлттық рухтан ажыратпауымыз керек. Ол үшін қаймағы бұзылмаған қазақылықтың қазынасы – үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты асыл қасиеттерге негізделген ұлттық құндылықтарымызды қатар алып жүрсек қана өркениет көшіне өз елдігімізді сақтап ілесе аламыз. Ол үшін ұлт бағбаны ұстаздар мықты болуы қажет. Ұлтымызды осы бір өліара кезеңнен алып шығатын – ұстамы мықты ұстаздар екендігіне шүбәм жоқ. Он сегізінші ғасырда «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан басталады» деген ғибратты ой айтқан Абай атамыз осыны меңзесе керек. Қай қоғамда да адамдықтың айнымас ұстамына айналған ұстаз бейнесі – ұлттың айнасы, болашақтың бағбаны, мәңгілік нұрдың қызметшісі. Сонау замандарда-ақ мұғалімнің бейнесі, оның қастерлі кәсіп иесі екендігін, қоғамдағы орнын сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев «Алаш баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп дөп басып айтып кеткен. Халық рухани құндылықтардан гөрі материалдық байлықты бағалы деп санаған өліара тұста мәртебелі мамандықтың бәсі төмендеп кеткені де жасырын емес. Бірақ қазіргі таңда «Заман – білімді жастардікі» деген елбасының тұжырымынан кейін білімді жастарды тәрбиелеп шығаратын мамандық иелеріне деген көзқарас та өзгерді, мәртебесі көтерілді. Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейіне айналған қоғамның ғана келешегі кемел болады.