Қазақстан тарихы. Петров мәдениеті
Петров мәдениеті
Петров мәдениеті б.з.б. 17 — 16 ғасырларда Солтүстік, Солтүстік-Батыс, Орталық Қазақстан өлкелерін, Оңтүстік Оралдың сырты мен Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі орманды-далалы алқаптарды мекендеген қола дәуірі тайпаларының мәдениеті.
Алғаш қазба жұмыстары жүргізіліп, көрнекті деректер табылған Солтүстік Қазақстан облысындағы Петровка ауылы маңындағы зират бойынша аталған.
Бұл ескерткіштерді 1970 жылы Г.Б. Зданович зерттеді. Біршама жақсы зерттелген үлкен қоныстарының қатарына Амангелді-1, Боголюбово, Новоникольское-1 (Солтүстік Қазақстан облысы), Кеңөткел-5 (Ақмола облысы), Семиозерное (Қостанай облысы), Екпін-1 (Қарағанды облысы) жатады. Петровка, Бірлік-1, Бірлік-2 (Солтүстік Қазақстан облысы) сияқты ірі зираттардан құнды деректер алынды. Қарағанды облысы аумағында соңғы кезеңде зерттелген Нұртай, Сатан, Ащысу зираттарынан мәдениеттің кейінгі сатысының ерекшеліктерін байқататын жаңа мәліметтер жинақталған.
Зерттелген қоныстардағы пішіні тік бұрышты ағаш қабырғалы үйлердің орташа ауданы 25 — 100 м2. Құм аралас балшықпен сыланған еденде таспен жиектелген 1 — 2 ошақ орналасқан. Сыртынан айнала тереңд. 1,5 — 2,5 м, ені 2 — 2,5 м ормен қоршалуы қоныстардың басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Қоныстарда қола бұйымдар көптеп кездеседі. Сондай-ақ үй еденінде қазылған шағын шұңқырларда балалар мәйітін жерлеп отыру да басқа мәдениеттерде сирек кездесетін дәстүрге жатады. Зираттар пішіні дөңгелек келген топырақ обалардан тұрады. Арбалы жауынгерлердің, бай, салтанатты әйелдердің қабірлері өзіне сай қару мен әшекей түрлерінің көптігімен көзге түссе, балалар мен жасөспірімдер мүлде қарапайым, үстінде үйіндісі жоқ шұңқырларға жерленген. Қоныстар мен зираттарды қазу барысында қыш ыдыс үлгілері көптеп табылған. Мәдениеттің негізгі дерегі саналатын Петров мәдениеті қышының басты сипатын бүйірі әдеттегідей біркелкі дөңес емес, тіктеп шығарылған көзелер береді. Бұл ыдыстарға аласа пішін, қысқа мойын, сондай-ақ түбінен аузының кең болуы сияқты белгілер тән. Негізінен ыдыстың жоғары жағында орналасқан өрнек түрлеріне штрихталған үшбұрыштар, толқынды сызықтар, иректер, тырнақпен шымшылған таңбалар мен басып түсірілген шұңқырлар жатады.
Түсіру техникасының негізгі түрі — тегіс қалыппен басу, тарақ, т.б. сиректеу кездеседі. Аса маңызды дерек көзін құрайтын бұл ыдыстар мәдениеттің жергілікті энеолиттік дәстүрлерден бастау алатынын көрсетеді. Петров мәдениеті кезеңінен бастап Қазақстанның солтүстік өлкелерінде бақташылық пен егіншілік, металлургия салалары кеңінен дамыды. Б.з.б. 15 ғасырдан бастап Петров мәдениетінен біртіндеп жергілікті алакөл мәдениеті өсіп шықты.
Пайдаланылған әдебиет
↑ «Қазақ энциклопедиясы»