Ашық сабақ. Өзін-өзі тану. Имандылық-инабаттылық туралы. Тәрбие туралы

Oinet.kz 01-10-2019 1297

Имандылық-инабаттылық белгісі

 

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға инабаттылық қасиеттерінің құндылықтарын ашу және түсініктерін кеңейту;

Өмірге деген құштарлығын,ниетін ояту және өзара сыйластықты дамыту.

Қоршаған ортаға жақсылық жасай білуге және кішіпейілді  болуға тәрбиелеу.

Әдіс –тәсілі: түсіндіру,әңгімелеу

Ұлағат сөздер:

Кім өзін басқалардан зор санаса яғни жүріс-тұрысында басқаларды көзге ілмесе, қиямет куні Алла тағала оған жек көріп қарайды (Хадистерден)

Кішіпейімділіктің жетімсіздігі дегеніміз — ақылдың жетімсіздігі (А.Поп)

Жасанды кішіпейілділік — жақсы қасиет емес (Абай)

Жалған кішіпейілдік те, менмендік сияқты, жиіркенішті. (К.Гольдони)

Тәрбиелі — тәртіптің құлы, Тәртіпті — елдің ұлы. (Б.Момышұлы)

Тәртіп көрген адам бала күнінде,

Өнерімен қуандырар тубінде (Ж.Баласағұн)

 

Мұғалім:

Имандылық дегеніміз — жеке адамның айналасындағыларға қатысы жөнінен өзінің қандайда бір алабөтен артықшылығы немесе ерекше құқықтары бар деп санамауы, жұрт мойындаған тәртіпке өз еркімен бағынуы, өзінің жеке бастық керек-жарағын сол қоғамдағы халықтың материалдық жағдайына сәйкес шектеуі, барлық адамға құрметпен қарап, өзінің ғана мүдделеріне қатысы бар жекелеген адамдардың ұсақ-түйек кемшіліктеріне төзімділік көрсетуі, сонымен қатар өзінің және басқалардың жетістіктері мен кемшіліктеріне сын көзбен қарауы.

Адам — әлеуметтік тіршілік иесі. Осыдан адамның басқалар алдындағы, қоғам алдындағы, табиғат алдындағы жауапкершілігі, міндет-парызы келіп шығады. Осыны сезіну оны кішіпейіл етеді. Ондай адам өзінің артықшылықтарына пәлендей мән беріп жатпайды, өзінен-өзі солай болуға тиісті нәрсе деп қарайды. Бұл сияқты адамдар көбінесе, айтарлықтай артыкшылықтары бар адамдар, өз еркімен қоғамға, адамзатқа қызмет істеуге бел буған кісілер болып келеді.

Имандылық, қарапайымдылық адамның барлық іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, ең ақыры, киген киімінен де аңғарылып тұрады.

Иманды адам адамгершілігі мол, мейірбан болады, кісіге қара-суға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге әзір тұрады. Кішіпейілділігі жай нәрсе емес, ол — мінез, әлеуметтік мәртебе, көп қошемет тұтатын асыл қасиет болып табылады. Сол үшін де халық: «Кішіпейілділік — кішілік емес, кісілік», — деп, оның мәнін өте дұрыс айтып жеткізген. Кішіпейілділік адамның тамаша қасиеті ретінде тарихта талай-талай әнгімелерге арқау болған.

Ежелгі заманның әйгілі ойшылдары, философтарының кішіпейілдігі жайындағы әсерлі, тағылымды әңгімелерге қоса, адамның бұл асыл қасиеті жөнінде айтқан терең мағыналы нақылдары сақталған. Оларда бұл қасиеттің жақұттай құлпырған сипаттары туралы айтылады.

«Кабуснамада» Анушируан патшаның: «Дана деп кімді айтамыз?» — деген сұрағына, оның ақылман уәзірі: «Өзін басқалардан қарапайым ұстаған кісіні», — деп, жауап бергені айтылады. Шынындада кішіпейіл,қарапайым кісі өзіне қатты сөйлеп, дөрекілік көрсеткендерге де дүрсе қоя беріп, қаһарын шашпайды, зиянын көрген адамына да күш-құдіреті жетіп тұрғанымен, таптап тастауға құлықты болмайды, ашуын ақылына жеңдіріп, байсалдылык көрсетеді.

Ұлықпан Хакімнің көрсетуінше, қарапайымдылықтың мынадай жеті сипаты бар:

1. Ізгілікке құштарлық.

2. Айбатсыз елету.

3.Міндетсіз иба.

4. Дуалсыз қорған.

5. Кешірім сұраудан құтылу.

6.Періштедей тазалық.

7. Айыптан адалдық.

Демек, ақкөңіл, қарапайым болу, ізгілік жасауға құштарлық, айбат көрсетпей-ақ елеулі болуға, міндет қылмай-ақ сыйлы болуға қол жеткізеді.

Сіздің қарапайымдылығыңыз — сіздің қорғаныңыз, сізге ешкім тап бере алмайды. Сонымен қатар сіз өзініздің кішіпейілділігіңізбен, қарапайымдылығыңызбен еш нәрсені бүлдірмейсіз, ешкімге зиян келтірмейсіз, соныңыз арқылы ешкімнен кешірім сұрамайсыз, себебі — сізде айып жоқ, өйткені сіз — періштедей пәк адамсыз.

Егер қарапайымдылық жасанды болса, адамды басқалардан ерекшелеп, назарды өзіне аударатын болса, онда мұндай қарапайымдылық менмендіктің алдамшы түрі болып шығады. Ондайға ұлы Абай назар аударып: «Жасанды кішіпейілділік — жақсы қасиет емес»,—десе. XVIII ғасырда өмір сүрген итальян драматургі Карло Гольдони ақын ойын әрі қарай жалғастырғандай: «Жалған кішіпейілділік те, менмендік сияқты, жиіркенішті», — деп шегелей түседі.

Имандылыққа қарама-қарсы ұнамсыз қылық—менмендік. Оның басты белгісі — өзін артық, басқаны кем санау, соны үнемі сөзбен немесе іспен көрсетіп, байқатып, сездіріп қалуға тырысушылық.

Менмендік қоғамдық құбылыс ретінде адамдар арасында жіктеліс, тоң-торыс салқындық пайда қылады. Менмен адам кем-кетігін, кінәсын қаперіне алмай, өзін басқадан артық, жоғары санайды. Мақтауды ғана ұнатып, басқа сөзді естігісі келмейді, ақыл-кеңесті құлағына ілмейді. Сөйтіп, надандық батпағына батады. Даналық менмендікті ақылсыздықтың, ақымақтықтың белгісі, көрінісі ретінде қарастырады. Құрандада «Жер бетінде кердендеп жүрме! Әрине, сен жерді тесіп жібере алмайсың, не болмаса, сорайып өсіп, таулармен де теңесе алмайсың», — делінген {«Исро» сүресі, 37-аят). Сондықтан біздің тәрбие жүйемізде кішіпейілділік пен қарапайымдылыққа адамдар арасындағы қарым-қатынас жарастылығының басты шарты өте ізгі, ең тамаша қадір-қасиет ретінде маңызды орын берілуі керек. Басқасын былай қойғанда, бір ғана тілдесу кезіндегі кішіпейілділік пен қарапайымдылық адамдар қарым-қатынасына қаншалық сүйкімділік, сұлулық, ұнамдылық, тіпті көңілділік дарытады десеңізші! Егер кішіпейіл, сыпайы түрде тіл қатып, бірдеңені сұрап не жауап қайтарудың орнына тасырандап не ыңыранып, не шікірейіп сөйлесер болса я болмаса, «жоқ, болмайды» деп қайтарып тастаса, ондай адамды қалай тәрбиелі, кемел, келісті жан деуге болады?! Ондайдан ортақ іске, оның өзіне де келер кесір аз болмайды. Осыны білетін, іскерлікке зор мән беріп, оның психологиясын терең зерттеген өркениетті елдерде адам бойында бұл қасиетті қалыптастыруға зор мән береді. Мәселен, Жапонияда адамдар бір-бірімен сөйлескенде, «жоқ», «білмеймін» деген сияқты сөздерді қолданбауға тырысады екен. Олардың мәнін керісінше айтумен, яғни жағымды мағыналы сөздер арқылы білдіреді екен. Айталық, бір кесе шайдан кейін екінші кеседен бас тартқысы келгенде: «жоқ», «рақмет», «болды»деместен, қолындағы кесесін «маған әбден жақсы болды» деп кайтаратын көрінеді. Сондай-ақ танысы ұсыныс жасаған кісі оған: «Ұсынысыңызды қабыл етпес бұрын әйеліммен кеңесейін», — десе, оны сіз әйелінсіз аттап баса алмайтын жазған екен деуге асықпаңыз. Бұл —оның «жоқ» дегенді білдіруінің бір тәсілі. Егерсіздің: «Ертең сағат 18-де маслихат клубында кездесейік», — деген ұсыңысыңызға ол: « Сағат 18-де дейсіз бе? М-м, маслихат клубында ғой?» — деп қайталап сұраса, онда ұсынысыңыздың оның көңілінен шықпағаны деп біліп: «Сізге қолайсыз болса, басқа жерде сөйлесейік», — деуіңіз керек. Жас өркен тәрбиесіне атамыз қазақ бөлекше мән беріп, ерекше көңіл аударған. Кіші пейілділікті, қарапайымдылықты дәріптеп, менмендікті, кеудемсоқтықты ылғи да мінеп, ондай абыройсыз әдеттен аулақ болуды өсиет еткен.

Халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол», «Болған адам болдым демес, болдым десе, болғаны емес» деуі де, адам қанша болып-толса да, кемерінен асып төгілмеуі керектігін, кісілігі мен кішілігін, көпке деген ізеті мен инабатын үзбей, тіршілік етуі тиістігін айтқаны. Сондықтан халыктың бұл өнегесін үлкеніміз де, кішіміз де дәйім естен шығармай, ұлттық тәрбие талаптарына сай өмір сүруге талаптануымыз керек.

Бала үлкенге қарап өседі. «Атаға қарап, ұл өсер, анаға қарап, қыз өсер» дейді халқымыз. «Анасын көр де, қызын ал, табағын көр де, асын іш» деген мақалдың да мағынасы соған саяды. Сондықтан ата-аналар, үлкендер өздері үлгі көрсетпесе, кішіпейілділік, қарапайымдылық, олардың кереметтігі жайындағы сөздердің әсері ойдағыдай болмайды. Бұл жөнінен үйдегі сөз бен іс және мектептегі сөз бен іс арасында шынайы сабақтастық, жалғастық болуға тиіс.

Ашық сабақ: Абай – дара, Абай – дана қазақта
Ашық сабақ: Біздің Елбасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу