Соңғы қоңырау туралы шығарма
Мектеп – білім ордасы. Осында тарыдай болып кіріп, таудай болып шығамыз. Өмірге жасаған алғашқы қадамымыз. Адам болып қалыптасуымызда мектептің алар орны әркезде де ерекше. Бізді білім нәрімен сусындатып, әлеммен таныстырып, мәдениет пен өркениетті үйреткен қасиетті орда. Үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамымыз осы жерден басталады. Көпшілік ортада өзімізді қалай ұстауымыз керектігін, адамдармен қалай қарым-қатынас орнату қажеттігі сынды өмірлік мәселелердің де жауабын осы жерден үйренеміз.
Енді осы қасиетті мекенмен қоштасатын сәтте таяп қалды. Мектеп қабырғасында күнде үзілісті хабарлап отыратын коңыраудың сыңғырлаған соңғы дауысың еститінде де уақыт жақындап қалды. Бұл күн мектеппен қоштасатын қимастық сәті. Балалықпен қоштасып, үлкен өмірге алғашқы қадамымызды басып алтын ұямыздан қалықтап ұшып кетеміз. Кішкентай кезімізден бірге бір сыныпта оқып, ойнап-күліп, ренжісек көп ұзаққа созылмайтын бал дәурен шағымызбен қоштасамыз.
Мектептегі ең қызықты сәттеріміз сыныптастарымызбен тікелей байланысты. Олармен өткізген әр сәт қуанышты әрі қызықты. Сыныптастар біздің балғын балалығымыз бен еркелігімізге куә жандар. Енді осы жақын достарымызбен қоштасатын сәт келді. Мектепті аяқтап әрқайсысымыз әр қалаға арман қуаып кете барамыз. Үлкен өмірде әркез бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жанымыздан табылмасақта тілеулес болып жүреміз.
Соңғы қоңырау өмірімдегі қуанышты әрі көңілсіз күн болып қалды. Қуаныштысы өмірімізде өз бетімізше өмір сүріп, алға қойған мақсаттарымызға нақты қадамдар жасап, жетістікке жету жолында іс-әрекеттермен қимылдаймыз. Өкініштісі алтын ұямыз бен ұлағатты ұстаздарымызды, сырлас сыныптастарымыз бен риясыз бабалығымызбен қоштасамыз. Бұл өмір заңдылығы.