Жақсы мен жаман туралы мақал-мәтелдер
Жақсының сөзі кепіл,
Жаманның өзі кепіл.
Жақсыға сөз батады,
Жаманға шөп батады.
Жақсы өз басынан көреді,
Жаман жолдасынан көреді.
Жақсылық ағаш басында,
Жамандық аяқ астында.
Жақсылық зая кетпейді,
Жамандық пайда етпейді.
Жақсы ниетіңе келеді,
Жаман етіңе келеді.
Ескісіз жаңа болмас,
Жамансыз жақсы болмас.
Жақсы жүрген жерінде кент салады,
Жаман жүрген жерінде өрт салады.
Жақсының күнде бір үйі кеңиді,
Жаманның күнде бір үйі кемиді.
Жақсының қасиеті - жарастыру,
Жаманның қасиеті - таластыру.
Жаманның жақыны жоқ,
Жақсының алысы жоқ.
Жақсыға жармас, жаманмен арбас.
Жақсы ашып жер,
Жаман басып жер.
Жақсы сынаумен жариды,
Жаман сынаумен құриды.
Мың жаман тұрмайды қара пұлға,
Бір жақсы болды елге тұлға.
Жақсы керісіп отырып келіседі,
Жаман келісіп отырып керіседі.