Алты адамды атып өлтірген жауыз алғашқы қылмысын Шымкентте жасаған екен

Oinet.kz 10-07-2019 1035

Screenshot_6.jpg

18 шілде күні Алматыда болған қанды қырғынның мән-жайы енді белгілі бола бастады. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ұлтты қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановтың алғашында президенттің алдында тұрып айтқан мәліметтері кейінірек біздің анықтауымызша, дәл емес болып шықты. Мәселен Қасымов  ұсталған Р.Күлікбаевтың түрмеде 5 жыл 11 ай отырғанын айтты. Алайда ол 2012 жылы 3,5 жылға сотталған. Егер оның жазасын ақырына дейін өтегені рас болса, ол бостандыққа былтыр тамызда шыққан болуы тиіс. Ал, В.Жұмақанов оның екі рет сотталғанын, сәләфиттік идеологияға  түрмеде шырмалғанын айтты. Алайда Р.Күлікбаевқа қатысты үкімдерге қарағанда ол әсіредіншілдікпен сотталғанға дейін-ақ әуестенген. Сонымен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың әр жерде үзіп-жұлып айтқан ақпараттарын құрастырып, оқиғаның қалай болғанына көз жүгіртіп көрелік.

Руслан Күлікбаев 17 шілдеден 18 шілдеге қараған түні Алматыдағы қонақ үйлердің біріне келіп, осы жерде жеңіл жүріске салынған Өзбекстан азаматшасын өлтірген. Ұсталғаннан кейін ол оны жезөкшелікпен айналысқаны үшін қасақана атып өлтіргенін айтқан. Бұдан кейін ол сол жерде жүрген бір азаматты қорқытып, көлігін мініп кеткен. Министрдің айтуына қарағанда  ол осы қылмыстан соң өзінің ұсталатынын  және ұзақ жылға түрмеге қамалатынын түсініп, полициядан кек алуға бекінген. Осы жері қисынға келмейтін сияқты. Егер Руслан Күлікбаев әлгі жезөкшені абайсызда немесе ашу үстінде өлтіріп қойған болса, онда сенуге болар еді. Алайда ол жезөкшені мақсатты түрде, қастандықпен өлтірген. Полицейлерді өлтіруді де ол алдын ала жоспарлаған және оның мұнысы күштік құрылымдарға қарсы шабуылдауды мақсат еткен радикалды діни ағымдардың ұстанымына сәйкес келеді.

 Р.Күлікбаев жалғыз, жеке дара әрекет еткен. Оның ешқандай сыбайласы болмаған. 18 шілдеде сағат 10-дардың шамасында ол сөмкесіне отты қаруын салып алып, Алмалы аудандық сотына барған. Осы жерде судьяны немесе прокурорды өлтіруді ойлаған. Алайда бұл ойы жүзеге аспаған соң жақын жердегі Алматы аудандық полициясына қарай бет алған.  Р.Күлікбаевтың полиция ғимаратына кіріп, сойқан салғаннан ұсталғанға дейін 25 минут өткен. Осы 25 минутта ол соңғы мәліметтер бойынша 6 адамды өлтірген, бірнеше адамды жарақаттаған. 

Р.Күлікбаев алдымен өзінен құжаттарын көрсетуді талап еткен кезекшіні тапашамен екі мәрте атып, ауыр жаралаған. Кезекшінің автоматын алып, іште отырғандарға қарата оқ жаудырып, үш полицей мен бір азаматтық тұлғаны жарақаттаған. Бұдан кейін далаға жүгіріп шығып, көшеде көлік тоқтатады, оның жүргізушісін қарумен қорқытып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті  Алматы қаласы бойынша департаментіне қарай жүруге мәжбүрлеген. Осы кезде тәртіп сақшыларының көлігін көріп қалып, оған автоматтан оқ атып, тағы екі полицейді жарақаттайды. Департаментке келген кезде Күлікбаев жол шетінде тұрған полицияның көлігін көрген. Көлікте отырған екі полицейді аяусыз оқтың астына алады. Тәртіп сақшыларының бірі ауыр жараланып, екіншісі сол жерде жан тапсырған. Осы кезде сырттағы айқай шуды  естіген департаменттің кезекшісі оқ жаудырып, екіарада біраз атыс болған.  Абыр-сабырда кепілде келе жатқан көлік жүргізушісі қашып кетеді. Р.Күлікбаевтың бұдан кейін қайда бармақ болғаны белгісіз. Ол сол жерде жүрген шекарашы азаматтың көлігін тартып алуға әрекеттенеді. Шекарашы қарсылық көрсеткен соң оны өлімші етіп жаралайды, мұнымен қоймай көшеде кетіп бара жатқан бейбіт тұрғынды атып өлтірген. Кейіннен «Лада» көлігінің жүргізушісін қорқыта отырып, оған қала орталығына қарай жүруді бұйырған. Көлік бағдаршамның қызыл жарығынан әдейілеп өтіп кеткенін көрген патрульдік полиция қызметкерлі оның соңына түскен. Тәртіп сақшылары көлікті жол жиегіне тықсыртып тоқтатқан кезде Күлікбаев оларға қарсы оқ жаудырады.  Бір полицей өлімші болып жараланған. Бұдан кейін Абылай хан даңғылымен төмен қарай қашқан қылмыскердің соңына  Мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратында сол күні күзетте болған полицей түскен. Қылмыскердің  төрт жеріне оқ тигізгенімен, полицейдің өзі өлімші болып жарақат алған. Р.Күлікбаев осы жерде құрықталады. 

Күлікбаев деген кім? 

Бізге белгілі болғандай, Руслан Күлікбаев Байқоңыр қаласында туылып, сонда орта мектепті бітірген. Ата-аналары ажырасып кетіп, әкесіз өскенге ұқсайды. Алғаш рет 2010 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен сотталған. Р.Күлікбаев осы жылдың шілдесінде Шымкенттегі «Самал» базарында алтын саудасымен айналысатын әйелді тонамақ болған. Оның ізіне түсіп, көпқабатты үйдің дәлізінде оған шабуыл жасап, күш қолдана отырып, қолындағы сөмкесін тартып әкеткен. Сөмкеде ұялы телефон мен 115 мың теңге болған. Патрулдік полиция Күлікбаевтың ізіне түсіп, ұзамай қолына кісен салған. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырғанымен, жазаны шартты түрде есептеп, сот залынан босатып жіберген. Арада екі жыл өтпей жатып, ол тағы ұсталады. Бұл жолы сот оған аяушылық танытпаған.

2012 жылдың ақпанында «Алматы-Атырау» бағатындағы пойызда кетіп бара жатқан Р.Күлікбаевты полицейлер тексерген. Тінту барысында оның сөмкесінен ескі үлгідегі тапанша дыбыс тұншықұтырғыш құралымен, оқ-дәрісімен бірге және діни кітаптар алынған.  Ұсталушы қаруды Тараздағы саябақтан (Күлікбаев пойызға Тараз қаласынан отырған) тауып алғанын және полицияға тапсыруға әкетіп бара жатқанын айтыпты. Тергеушілер сол жолы  Р.Күлікбаевтың айтқанына сенген. Қарудың қайдан алынғаны толық тексерілмеген. Діни кітаптарға да талдау жүргізілмеген. Сотта Күлікбаевтың өзі намаз оқитынын, бірақ ешқандай экстремистік ұйымға қатысы жоқтығын айтыпты.  Таразда жеті адамның өмірін қиған теракті Күлікбаев ұсталардан бар-жоғы үш ай бұрын ғана болған.   Осы оқиғадан кейін тәртіп сақшылары қырағырақ болуы тиіс емес пе еді? Егер Күлікбаев осы кезден бастап қатаң бақылауға алынғанда 2011 жылдың қарашасында тараздық тероррист Қариевтің жасаған қырғынын Алматыда қайталануына жол берілмес па еді деген ой келеді... Сот бұл жолы оны 3 жарым жылға бос бостандығынан айырған. 

Руслан Күлікбаевтың теріс ағымдардың жетегінде кеткенін, сәләфилік ұстанымын қатаң сақтағанын оның Алматы облысы Ынтымақ ауылында тұратын қайын жұрты да растап отыр.  Ақтөбе мен Алматыдағы терактілер теріс ағымдардың, оның ішінде сәләфиттердің қоғам үшін қаншалықты қауіпті екендігін көрсетті. Биліктің жақын арада оларға қарсы қатаң шара қолданатыны енді айтпаса да түсінікті болып тұр. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Қазақстанда бар-жоғы жүз мың киік қалыпты
Жерді өзбекстандықтарға жалға беруден ұтылмаймыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу