Түркияда Елбасы туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

Oinet.kz 21-06-2019 1300

ea62f6b8-59a2-4345-874e-5972394ceda7.jpg

Кеше Түркияның Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Tarih Yapan Adam» («Тарих жасаған тұлға») атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Халықаралық Түркі академиясы мен ҚР Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған тұсаукесерге көптеген танымал азаматтар қатысты. Атап айтсақ, ҚР Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев және т.б. 

Кітап – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы. Мұнда Елбасының туған жері үшін жасаған жақсылықтары мен атқарған игі істері, еліміз Кеңес Одағынан бөлініп, егемендік алған жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиын-қыстау кезеңнен жол тапқан салиқалылығын, пайымы мен парасаттылығын, Қазақстанды әлемдегі  дамыған елдер қатарына қосу үшін тер төккен еңбекқорлығын  баяндайтын толғаныстар мен естеліктер топтастырылған. Бұл кітабында автор басты кейіпкері - Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін жан-жақты аша білген. «Тарих жасаған тұлғада» Елбасыға қатысты осы уақытқа дейін айтылмаған тың ақпараттар беріледі. Қасым-Жомар Кемелұлы көптеген қызықты оқиғалар арқылы Тұңғыш мемлекет басшысының образын жаңа қырынан танытады. 

Бұл кітап Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен жарық көрді.  Академия Президенті Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысының жазған кітабы өте құнды екенін алғысөзде жазды. Сонымен қатар, «Тарих жасаған тұлға» - туған елі үшін ұшан-теңіз еңбек сіңірген Елбасыны халыққа одан әрі танытуда зор үлес қосатынын да жеткізді. 

Мемлекет басшысы жазған кітапты түрік тіліне белгілі қаламгер, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев аударды.  Ол тұсаукесерде оқыған баяндамасында:

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кітап шығаруға келісімін алған Халықаралық Түркі академиясы былтыр аударуға ұсыныс жасады. Кітап қолыма түскеннен кейін мұқият оқып шықтым. Бұдан бұрын Елбасы туралы жазылған кітаптардан бөлек формада жазылған. Саясаттағы нәзік тұстарды шебер жеткізген. Аудар­ма барысында көптеген мәлімет алдым. Өйткені кітаптың авторы – тәжірибесі мол, тәуелсіздігіміздің дамуына зор үлес қосқан, интеллектуалдық деңгейі өте биік тұлға. Кітап түрік оқырманының көңілінен шығады деп сенемін, – деді. Сонымен қатар, ол жиын барысында құрылғанына бір жыл толған Түркістан өңірінің даму үрдісі жөнінде ой қозғады.

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу:

– Біздер – түркі халықтары же­тіс­тіктерімізбен мақтануымыз керек. Мақтанып қана қоймай, болашақ ұрпаққа, өскелең жас буынға жеткізуіміз керек. «Тарих жасаған тұлға» атты кітап сол күрделі кезеңнен елін аман алып шыққан түркі әлемінің Ақсақалы Н.Назарбаевтың қажырлы қайратын, елге сіңірген ерен еңбегін, толағай жетіс­тіктерін, Қазақстанның сыртқы саясатының тарихын шебер баяндайды. Сондықтан Қ.Тоқаевқа алғыс айтамын!  – деді.

Тұсаукесер рәсімінде бауырлас қос елдің арасындағы достық пен татулықты насихаттайтын баяндамалар оқылды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік үшін 3 миллион теңге: өтінімдерді қабылдау мерзімінің аяқталуына екі апта қал
Ғалымжан Мелдешов: «Термин бекіту жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу