Өлгесін жер де қабылдамады
27-06-2022
Бұрынғы қазақ қоғамындағы неке прагмалық принциппен жасалды. Екі жасты айттырып үйлендірді. Тіпті бала туылмай жатып бел құда атанды. Әдетте олар құда жақтың шыққан тегін, абыройын, тәрбиесін есепке алды.
«Жар таңдама, жер таңда», «Шешесін көріп, қызын ал», «Баланың жақсы болмағы нағашыдан», «Алып анадан
туады» деген кеңестер мен «Ата даңқымен қыз өтеді» деген ұғымдар осыдан қалған. Мұнда ұрпақтың сапасын күшейте беру деген ниет жатыр. Романтиканы жаугершілік заманда елдік сана жеңеді. Қазақтың ежелгі тіршілігі рулық-ұйымшылдық жүйеге құрылғасын, басты негізге
ұлыстың ынтымағы алынды. Кері кеткен келін тұтас бір рудың генофондын бұзуы мүмкін. Сондықтан қыздың байлығы емес, тегі мен тәрбиесі назарда ұсталды. Жалпы жеті ата принципі руластар арасында үйленуге тыйым салды. Бір ұлыста өмір сүрген қыз бен жігіт өз бақытын міндетті түрде сырттан іздеуі керек. Тіпті Қалқаман-Мамыр секілді ғашық боп қалған жағдайда да сүйгендердің арасын жебемен бөлді. Оны шариғат та ақтай алмады. Ел ынтымағы – басты мүдде. Егер руласына үйленген бір прецедент шығатын болса, елдің салтын ыдыратып жіберуі мүмкін. «Қызға қырық үйден тыйым» қыздың өз еркімен жар таңдауына мүмкіндік бермеді. Қыз бақытын іздегенде әкесі мен шешесінің таңдауына
үміт артты. Жастардың ғашығына қосылуы өте қиын еді. Сондықтан да ел ішінде сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен ғашықтық әндер көбейді. «Жігітте арман бар ма сүйгенді алған?» деген тіркес сол кездегі халық әндерінде көп сақталған. Сол дәуірде прагмалық неке өзінің функциясын тиімді атқарды, бірақ қазіргі урбанизация ел-жұртты тіршіліктің бір қазанына салып, араластырып жіберді. Бұрынғыдай коллективті сана емес, индивидуалды сана орнықты. Әркім бақытын өзі табуы керек.
«Отбасы хрестоматиясы»