Оңтүстіктің спортына бөлінген есіл қаржы қайда жұмсалып жатыр?

Oinet.kz 22-03-2019 1077

Screenshot_4.jpg

Алматы, Астана, Қарағанды секілді спорт саласы бұрыннан дамыған өңірлерді айтпағанда бұған дейінгі жетістіктері бізден әлдеқайда төмен Батыс Қазақстан, Ақтау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысынан озып тұр. Өңірлердің рейтингісінде  облысымыз 12-14 орындарды місе тұтты. Есесіне спортқа жұмсалатын  қаржы көлемі жағынан Оңтүстік Қазақстанға  тең келетін аймақ жоқ. Бюджеттен бөлінген қаржы көлемі жылдан-жылға  еселеп артып келеді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек,  2010 жылы облыстық бюджеттен спортты дамытуға 6 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. 2011 жылы бұл көрсеткіш 10 миллиардқа дейін өсті. Салыстыру үшін - Қарағанды облысы былтыр спорт саласына 5,2 миллиард теңге бөлген. Қарағандылық спортшылар бұл қаржылай қолдауды артығымен өтеді. Былтыр жергілікті «Шахтер» футбол клубы ел чемпионы атанса, жуырда боксшы Серік Сәпиев жерлестерін олимпиаданың алтын медалімен қуантты. Тағы бір мысал. Көршілес Қызылорда облысында  спортты дамытуға былтыр бар-жоғы 2 миллиард теңге қаралған. Біздікінен бес есе аз! Есесіне қызылордалықтар олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин мен  қола жүлдегер Мария Вольновамен мақтанып жүр. 

 «Сонда Оңтүстік Қазақстан облысының  спортына бөлініп жатқан  есіл қаржы қайда жұмсалып жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Судың да сұрауы бар бұл заманда миллиардтаған теңгенің қайтарымы болуы тиіс емес пе? Қаржы көбейген сайын көрсеткішіміз төмендеп, кері кетіп бара жатуымыздың себебі неде? Бұған Полат Наурызбайұлы не дер екен? Әй, бірақ не десе де ақталуы ақылға қонбайтын сияқты.  

Олимпиадаға аттанған спортшылардың саны жөнінен де, жетістіктердің сапасы жөнінен де Лондон олимпиадасы Оңтүстік Қазақстан үшін ең сәтсіз  бәсекеге айналды. Ұлыбритания елінде өткен байрақты бәсекеге Шымкент өңірінен 13 спортшы аттанды. Ең жоғарғы жетістігіміз - боксшы Біржан Жақыповтың  ширек финалға дейін жетуі. Яғни, 5-8 орын.  Қалған спортшыларымыздың барлығы дерлік алғашқы жекпе-жектерінде ұтылып қалды. Рас, мұнда төрешілер тарапынан әділетсіз шешімдердің жиі жіберілгенін, осының салдарынан әсіресе бокс пен дзюдодағы үміттеріміз ақталмағанын мойындау керек. Бірақ, бұл спорт. Бірді-екілі спортшы болмаса, бүтін құраманың сәтсіздігін осыған жаба салу қисынсыз.

  Енді алдыңғы жылдардағы олимпиадаларға тоқтала кетейік.  2000 жылғы Сидней олимпиадасына Оңтүстіктің 14 спортшысы аттанды. Сол жолы ұлттық құраманың сапына қатарынан үш боксшыны қосқан екенбіз. Арасындағы ең төменгі көрсеткіш ширек финалған жеткен Олжас Оразәлиевтің өзінің шаршы алаңдағы ерлігі мен шеберлігін көпке дейін көпшілік аузының суы құрып айтып жүрді.  Ал 1 алтын, 1 күміс медаль олжалаған  Бекзат Саттарханов пен Мұқтархан Ділдәбековтің ерлігі қазақ спорты тарихындағы ең жарқын сәттеріне айналды. Бұдан бөлек,   Сиднейде қатарынан үш спортшымыз, атап айтсақ еркін күресте Геннадий Лалиев, дзюдода Базарбек Дөңбай үздік бестіктен көрінді. 

2004 жылғы Афины ойындары Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз  олимпиада ойындары болып есептелетіні мәлім. Сол жылы жалғыз алтын медальмен шектелгенбіз.  Бірақ, бұл жарыста да Оңтүстіктің спортшылары  құр қол қалған жоқ. Геннадий Лалиев қоржынымызға бір күміс салып, шымкентік жанкүйерлеріне қуаныш сыйласа, атқыш Ольга Довгун мен көркем гимнастшы Әлия Жүсіпова 4-орынға табан тіреді. Сондай-ақ, грек-рим күресінде облысымыздың намысын қорғаған Данил Халимов, таэквондшы Әділхан Сағындықов 5-орынға көтерілді. Боксшы Мұқтархан Ділдәбеков ширек финалға жетсе, ауыр атлет Татьяна Хромова 6 орыннан көрінді. Тағы бір  саңлағымыз  дзюдошы Мұратбек Қыпшақбаев өз салмағындағы мықтылардың ондығына кірді. Делегация құрамындағы 14 спортшының   жартысынан астамының  үздіктер  қатарына кіруі табыс емес пе?  

2008 жылғы Бейжің олимпиадасында  Оңтүстіктің намысын   16 спортшы қорғады.  Ауыр атлет Алла Важенина күміс медаль, боксшы Еркебұлан Шынәлиев пен еркін күрестегі Елена Шалыгина қола медаль олжалады. Бұдан бөлек Әлия Жүсіпова 5-ші, атқыш Ольга Довгун 6-орынды иеленді. Ауыр атлеттеріміз де жарады. 105 келі салмақта Бақыт Ахметов жарысты  5-ші, Сергей Истомин 7-ші орынға табан тіреген көрсеткішпен жарысты аяқтады. Былғары қолғап шеберіміз Біржан Жақыпов ширек финалда қытайлық Цзоу Шиминге есе жіберді. Демек, Бейжің додасында да шымкенттік спортшылар мықтылығын дәлелдей білді.

Лондон олимпиадасы  аяқталғалы  он күннен астам уақыт өтсе де   айтулы спорт мерекесінің жаңғырығы әл-әзір басылар емес. Ол заңды да. Қазақстан құрамасының Ұлыбританиядағы   жеңісті  қадамдары отандық спорттың жаңа белеске, жаңа деңгейге шығуының айқын көрінісі іспетті. Бірталай әлемдік алпауыт державаларды артқа тастадық. Үйреншікті 22-30 орындардан бұл жолы 12 орынға көтерілдік. Мұндай сәттілікті мемлекеттік үгіт-насихат машинасы да барынша пайдалануға бел буды. Олимпиада қаһармандарына бұрын-соңды болмаған сый-құрмет көрсетіліп, отандық спорттың жеңісі жан-жақты насихатталуда.   

Әйткенмен, олимпиадаға қатысты қандай-да бір қуанышты жаңалық айтылған сайын Оңтүстіктегі мыңдаған жанкүйердің бір күрсініп қоятыны бар.  Ел тарихындағы ең сәтті олимпиада облыс  үшін ең сәтсізге айналғанын, шымкенттік спортшылардың айтулы додадан құралақан қайтқанын «Рейтинг» газетінің өткен санында жазған болатынбыз. Бұл жайт республикалық ақпарат құралдарының назарынан да тыс қалған жоқ. Шымкенттік спортшылардың елге олжасыз оралуы олар үшін де таңсық жайт. Алайда, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшылығы мұнымен келіспей отырған сыңайлы. Тұманды Альбионға Оңтүстіктің делегациясын бастап барған  басқарма бастығы  Полат Қырықбаев  журналистерге берген сұхбаттарының бірінде «бір лицензияны да алмаған облыстар бар. 13 лицензияны иеленіп ел намысын қорғадық» деген пікірлерін айтты. Онысы бізді жұбатқаны ма, әлде өзін ақтап алғаны ма, ол жағын түсіне алмадық. Сөзіміз жалаң болмас үшін алдыңғы жылдардағы олимпиадаларға шолу жасап жатқанымыз да бекер емес.  Басқарма бастығы Полат Қырықбаевтың мұндай мәлімдемемен мыңдаған жанкүйердің жабырқау көңілін аулап, жұбатуы, дәлірегі ақталып сөйлеуі   ақылға қона ма?  Сіз қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман! Келіңіз, пікірлесейік.

Мұрағаттан, 19.08.2012 ж

Көк суыр ауласаңыз 3 жылға сотталасыз
«Өлі риза болмай тірі байымайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу