Не ексең, соны орасың (аңыз)
Ұлықпан хакім жас кезінде біреуге жалданыпты. Оның қожайыны ниеті бұзық қарау адам екен. Ойындағысын жүзеге асыру үшін басқаға озбырлық істеп, зұлымдық жасаудан тайынбапты. Бірақ аузынан тобасы, қолынан тәспісі түспейді. Үнемі: «Е, Құдайым, маған мол байлық, бақ-береке нәсіп ете көр», – деп дұға жасайды. Ұлықпан оның бұл әрекетінің барлығын біліп, көкейіне түйіп жүріпті.
Бір күні қожайын Ұлықпанды бидай егуге жұмсады. Ол қапқа толтырып, бидай емес, арпа салып әкеледі. Егістікке барып, еге бастады. Қожайын Ұлықпанның ісін көріп:
– Ей, ақымақ, мен саған арпа емес, бидай ек деп едім ғой. Қай құлағыңмен тыңдадың? – деп шүйлігеді. Ұлықпан сабырмен:
– Арпа ексе, бидай шықпай ма екен? – деп сұрады.
– Шықпайды, нақұрыс, – деп зіркілдеді ол.
– Қожам, ендеше сіз неге ұдайы жамандық жасап, жақсылықтан үміт етесіз? Арпадан бидай шықпаса, сіздің арам пиғылыңыз қалайша ізгілік болып қайтады? – деді Ұлықпан.
Қожайын содан бастап пиғылын түзеп, ел-жұртқа жәрдем беріп, жақсылық жасауды әдетке айналдырған екен.
«Отбасы хрестоматиясы»