«Алтын табақ» (аңыз)
Бірде Тәңірі тағала Жебірейілді шақырып алды да оған:
– Пейіштен бір алтын табақ аласың. Сосын, жұмақтың балы мен халуасын табаққа толтырып сал. Оны Мұхамбет досымның дастарханына апарып қой. Содан кейін пайғамбар мен оның төрт шадиярынан «дүниеде алтыннан артық, балдан тәтті, қылдан жіңішке не бар» деп сұра. Кімнің жауабы шырынды болса, соған бал мен халуаны алтын табақпен қосып сыйға тарт. Мейірі қанғанша жесін, – деп тапсырма берді.
Жебірейіл табақты асқа толтырып, дереу жерге жетті. Сол түні пайғамбар үйінде төрт шадиярымен сұхбат құрып отырған. Жебірейіл сәлемдесіп болып:
— Алла тағала мына табақ толы бал мен халуаны сіздерге беріп жіберді. Бірақ, одан дәм татпас бұрын «дүниеде алтыннан артық, қылдан жіңішке, балдан тәтті не нәрсе» деген үш сұраққа жауап берулеріңіз керек, — деді.
Ең алдымен сөз кезегін Әубәкір алды. Ол мүдірместен:
— Күн нұры – тары, ілім нұры – тау деп білуші едік. Сондықтан, рухани ілімді алтыннан қымбат деп білемін. Ал зәмзәм суының дәмі балдан тәтті деп санаймын. Намазда тұрғанда, дүние қамын ойлап қоймайын деп, көңілім қылдан да жіңішке болып тұрады, — деді. Жебірейіл:
— Бәрекелді, Әубәкір. Ендігі сөз Омарда, — деп, табақты Омарға қарай жылжытты. Омар:
— Алтыннан қымбат иман бар. Ал пайғамбармен ішкен қатықсыз қара көжем балдан тәтті. Адал мен арамды айырған кезде жүрегімді жалғыз қылдан нәзік етіп ұстаймын, — деді. Жебірейіл оның жауабына риза болды. – Оспан, сен дейсің?-деді. Ол да іркілместен:
— Құранның аяттары алтыннан артық. Пайғамбардың лебізі балдан тәтті. Қияметті ойлағанда, көңілім қылдан да бетер жіңішке болып тұрады, — деді.
— Жарайсың Оспан, жарадың. Жауабың көңілге майдай жақты,-деді Жебірейіл Әзіреті Әлиге бұрылып:
— Ал, Әли шері. Сенің де пікіріңді естиік, — деді. Сонда Әли:
— Жылы сөз бен көркем ой алтыннан да көркем. Асан мен Үсенді алдыма алып отырып ішкен көжем балдан да тәтті. Өлімді ойлағанда, ділімді жіңішке етіп ұстаймын, — деді. Жебірейіл оның да жауабынан жадырап сала берді.
— Енді Алланың хабибісі не едер екен? – деп періште пайғамбарға қарады. Пайғамбар:
— Дүниені толтырған барша алтыннан Алланың дидары қымбат. Төрт досыммен бірге жеген қара наным мен үшін балдан тәтті.
Үмбетіме Алладан рақым тілегенде, көңілім қылдан да жіңішке, — деді. Бәтима қонақтарға шай құйып отырған. Жебірейіл оған бұрылып:
— Енді пайғамбардың перзенті сөйлесін, — деп, алтын табақты оның алдына қарай ысырды. Сонда Фатима:
— Әкемнің насихаты маған алтыннан артық. Ерім ішкен көженің сарқыты мен үшін балдан тәтті. Ерім риза болды ма деп ойлағанда көңілім қылдан да жіңішке, — деді. Сонда Жебірейіл періште:
— Бәрекелді, бәріңіз де ақиқатты ғана айттыңыздар. Даналықтарыңа дән ризамын. Мына алтын табақтағы бал мен халуадан барлығыңыз да дәм татыңыздар. Кімде кім дәл сіздер сияқты терең ойлап, риясыз амал қылса, Ұлық Алла оны дәл осылай сыйласын, — деді.