Патологоанатомның айтқан әңгімесі
Өмір деген қызық қой. «Жүре берсең көре бересің» дегендей, тіршілікте талай-талай тағдырларды бастан өткізеді екенсің, ойламаған оқыс оқиғалар да болып жатады екен. Кездеспесем деген адамдармен де кездесіп қалып жатасың. Бұл жолы осындай кездейсоқ кездесу болды.
Біздің аудандық аурухананың бірінші қабатында жақсы жабдықталған екі «люкс-палата» бар. Мұны «ақылы палата» деп те атайды. Бұл жақтың кіріп-шығатын есігі ғимараттың сырт жағында, аурулармен араласпайсың. Топырлап келіп-кетіп жатқан адам да жоқ, тып-тыныш. Науқастанып қалған аудан басшылары, ықпалды адамдар осы палаталарда ем қабылдайды немесе тиісті ақысын төлеген басқа кісілер де емделе алады. Бөлменің ішінде аурухана төсегінен басқа жазу столы, орындықтар, жұмсақ жиһаздар, теледидар, телефон да бар. Әжетхана, шомылғы да ішінде. Қонақ үй сияқты.
Осыдан біраз жыл бұрын осы «люкс-палаталардың» бірінде емделіп жаттым. Екінші палата бос тұрған. Бір күні сәскеге қарай дәрі-дәрмектерімді қабылдап болған соң дәлізге шығып тұрғам. Сыртқы есік ашылып, қасында кіп-кішкентай әрі қайыстай қатқан қара шалы бар бас дәрігер кірді. Мені көріп сәлемдесті де, әлгі кісіні бос тұрған «люкс-палатаға» апарып жайғастырды.
– Ағасы, осында 2-3 күн түнеп шығуыңызға рұқсат етемін. Онан әрі мүмкіншілік жоқ, – деп бас дәрігер шығып кетті.
Сәлден кейін әлгі қара шал маған келді. «Келіңіз, отырыңыз» деп жұмсақ диванға жайғастырып, электр шәйнекті токқа қосып, үйден келген дәмді шығардым.
– Ақсақал, жөн сұрасып отырайық. Қайдан келдіңіз, қандай науқаспен түстіңіз? – деп сөз бастадым.
– Інім, мен емделуге келген адам емеспін, барар жер, басар тауым болмағандықтан, аудан-аудандарды аралап, бұрынғы аралас-құралас, қызметтес болған дәрігерлерге барып, қонып-түстеніп жүрген жайым бар. Бәрібір бұрын өзің қызмет істеп жүрген кездегідей болмайды екен. Баяғы көзкөргендердің құдайға қарағандары болмаса, кейбіреулері қабақтарын кіржитіп жақтырмай қарсы алады. Имандылары болса, бірер күн үйінде түнетіп немесе 2-3 күн ауруханасының бір бұрышына қондырып шығарып салады. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген осы. Мына сендердің бас дәрігерлерің Серікханды да бұрыннан танушы едім, кезінде көп жәрдемім де тиген, соны бұлдағандай болып келіп отырған жайым бар. Бір кішкене жұмыс, құрқылтайдың ұясындай ұя тауып бере ме деген есекдәмемен келіп едім. Бірақ үмітім ақталмады. 2-3 күннен артық түнете алмаймын деген сөзін жаңа өзің естідің ғой, – деп қара шал бір тоқтады. Көзінде көзәйнек, үстінде көнетоз костюм-шалбар, басында баяғының ескі қалпағы бар. Қария көз алдымда екі иығы қушиып, белі бүкшиіп, шөкті де қалды. Аяп кеттім.
«Үй-жайыңыз, отбасыңыз қайда, неге мұндай күйге түстіңіз?» деуге дәтім бармай, «шай ішіп, дәм татыңыз» деуден әрі аса алмадым. Бірақ ішкі әлемім астаң-кестең. Сөз ләміне қарағанда кезінде әжептәуір қызмет істеп, талайларға шарапаты тиген кісі сияқты. Ал енді қартайғанда бұған не болды екен?
Осы кезде есік ашылып, менің емдеуші дәрігерім келді. Аққұба өңді, сұңғақ бойлы, сұлуша келген жігіт ағасының дене бітімі де тіп-тік, әдемі. Үстіндегі ақ халаты оны мүлде ажарландырып жібереді екен. Жуырда ғана Атырау жақтан бізге терапевт болып ауысып келіпті. Есімі – Қалижан. Өзі қандай көрікті азамат болса, жан-дүниесі де сондай сұлу да бай, ақкөңіл, парасатты, өмірден көрген-түйгені көп байыпты азамат екенін алғаш танысып, сөйлескенде бірден байқадым. Оның үстіне біліктілігіне, тәжірибелілігіне де тәнті болған жайым бар.
Екі-үш жылдан бері екі бүйрегім ашып, ауырып, әбден мазалай берген соң аудандық аурухананың бас дәрігері Серікханға барып жайымды айтқан едім. Ол маған екі бүйрегімді УЗИ-ге түсіріп, нәтижесін алып келу үшін облысқа жолдама бергізген соң УЗИ-ден өткем. Ондағы мамандар бір бүйрегіңіз семіп бара жатыр екен, кішірейіп кетіпті деп екі бүйрегімнің де көлемін жазып берген. Сонан соң бұл нақтаманы алып облыстың бас урологына барып едім, УЗИ-дің нәтижесін қарап көрді де: «Ауруханаға жатыңыз, отаның ақшасын төлесеңіз болды, кішірейген бүйрегіңізді кесіп тастай саламын», – деп күледі. Өзінше қалжыңбас, қылжақпас біреу сияқты. «Көрерміз» деп ауданға қайттым. Бірақ отаға түсіп, бір мүшемнен айрылуды іштей қалап тұрмағаным аян.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Серікханға келіп, жағдайымды айттым.
– Мәке, – деді ол УЗИ-дің нәтижесіне қарап отырып, – бізге жақында Атыраудан бір жақсы дәрігер ауысып келген. Сол кісімен кеңесейік.
Серікхан телефонмен өзі айтқан дәрігерді кабинетіне шақыртып алды да мені табыстады. Ол мені арнайы кабинетке ертіп барып, кушеткаға жатқызып, екі бүйрегімді сыртынан әрі түрткілеп, бері түрткілеп: «Ауыра ма?» – деп сұрады. Ауырмағанын айттым. Сонан соң ол:
– Сіздің екі бүйрегіңіз де сап-сау. Бірақ беліңізге, омыртқаңызға тұз жиналған. Екі бүйрегіңізді ашытып, әсер беріп жатқан сол, – деді.
– Олай болса неге бір бүйрегім кішірейіп кеткен? – деп таңырқай сұрап едім, дәрігер:
– Кей адамның бір бүйрегі үлкен, екіншісі кіші болып жаратыла береді. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Мұндай жағдайды талай рет көргенмін, – деп менің көңілімді орнына түсірді де, қайтадан бас дәрігерге ертіп барды.
– Бұл кісінің ауруы остеохондроз, бүйрегі сау, – деді.
– Онда бұл кісіні люкс-палатаға жайғастырып, өзіңіз емдеңіз, – деп тапсырды бас дәрігер мені оған. Өзі бір мың болғыр жігіт екен, елпілдеп жүріп қабылдау бөлімінен қағаздарымды толтыртып, люкс-палатаға жайғастырды да, сол күннен бастап ем-домына кірісті. Оншақты күнде екі бүйрегімнің ашып ауыратыны басылып, есімді жиып қалдым. Жаңа келген дәрігердің шынында да, білікті маман екеніне көзім жетіп, оған деген құрметім арта түсті. Ол өзі күнделікті қасымда біраз отырып, әңгімелесіп кетуді әдетке айналдырып алған. Аз уақытта бұрыннан сыйлас адамдардай достасып кеткен жайымыз бар. Дәрігер Қалижан қара шал екеуміздің әңгімеміздің үстінен түсті.
– Қалеке, отырыңыз, қарияның сөзін тыңдайық, – деп мен дәрігерге қарап едім, ол диванға барып жайғасты да біздің сөзімізге құлақ түрді. Мен қатқан қара шалға қайта көңіл бөліп:
– Аға, дәрігерлермен қатысым болды деген сөзіңізге қарағанда сіз бұрын бас дәрігер немесе денсаулық сақтау басқармасының бастығы болған сияқтысыз, – деп сұрадым.
– Мен облыстық сот-сараптама орталығының бас патологоанатомы болып 45 жыл қызмет істедім, бауырым, – деді қария. – Сол кезде облыстың аудан-аудандарында кездейсоқ кісі өлімі болып жатса, мені шақыртып сараптама жасататын. Былайша айтқанда, өлікті сойып, неден өлгенін анықтап беретін бас маман едім. Сот іс қарағанда менің қорытындымды негізге алады. Сол кездерде көп науқастар жергілікті дәрігерлердің нақтаманы дәл қоя алмауы салдарынан, біліксіздігінен өліп жататын. Мұндайда мен осылай деп шындықты жазып берсем емдеуші дәрігер сотталып, бас дәрігер жұмыстан қуылары анық. Мен соларды осындай көп қиындықтан құтқарып қалған адаммын. Аудандық, қалалық ауруханалардың бас дәрігерлері менің алдымда құрдай жорғалайтын заман-ай. Енді, міне, бәрі де мені елегісі келмейді.
Қария ауыр күрсінді де әңгімесін қайта сабақтады.
– Тек дәрігерлер ғана емес, милиция, прокуратура, сот қызметкерлері де менің қызметімді көп пайдаланды. Ұрыс-жанжалдан кісі өлімі болып жатады, басқа да қайғылы жағдайлар кездесіп қалады. Сотың бар ма, прокурорың бар ма, қылмыскерді ақтап алу үшін немесе қаралау үшін менің қорытындыма сүйенеді. Жалынып-жалбарынып «мына адамды қылмыстан арашалап аласың» десе, өлген адам өлді ғой деп, марқұмның өзін кінәлі ғып талай қағаз жазып бердік қой. Небір пендешілік өтті бастан. Қазір заман да, қоғам да өзгерді, енді сенен оның несін жасырам?! – деп қара шал тағы біраз үнсіз қалды.
– Ағасы, осы сот-сараптама саласында қызмет істеген жылдарыңызда қанша өлікті сойғаныңызды білесіз бе? – деп қалдым мен де бала сияқты астын-үстін сөйлеп.
– Неге білмейін, білемін. Бүкіл қызмет жылдарында мен 45 мың мәйітті сараптама жасаған маманмын, – деді патологоанатом жәй ғана ешкі сойғандай.
– Аға, біреулерді қылмыстық істен, соттан арашалап қалғаныңыз дұрыс шығар, ал бірақ көпе-көрнеу біреуді қаралап, қиянат жасаған кезіңіз болды ма? – деп тағы бір сұрақты төтесінен қойып жібердім.
«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, біраз әңгімелескен соң ол кісіге бойым үйреніп, еркін сөйлеп жібергенімді өзім де аңғармай қалыппын. Қара шал да мені жатсынбады.
– Мені қартайғанда осындай күйге түсіріп, жанымды жылдар бойы жегідей жеп келе жатқан да осы жазықсыз жанның көз жасы емес пе?! – деді ол ауыр күрсініп. Енді ғана ел қатарына қосылам ба деп болашаққа деген зор үмітпен қарап, жас ағаштай жайқалып өсіп келе жатқан бір жас жігіттің болашағына балта шауып жібергенім үшін өмір бойы өкініп келемін. Ол кезде мен де жаспын, жас маманмын. Тасым өрге домалап тұрған кез. Жоғарыда айтқандай, прокурор да, сот та, милиция да менің шашбауымды көтеріп, соңымнан жүгіріп жүрген дәурен. Бір күні сараптамаға бір бойжеткен қыздың мәйіті түсті. Аудан прокуроры маған өзі келді.
– Жақа, – деді прокурор, – бұл өлген қызды бір жігіт зорлаған көрінеді. Әрі бұл қыз райкомның бірінші хатшысы пәленшекеңнің жақын туысы екен. Сол кісі маған тапсырды, әлгі жігітті түрмеде шіріту керек деп отыр, сараптама қорытындысын осыған лайықтап жасап беріңіз.
Қызметіміз бір-бірімізбен тығыз байланыстағы кісілер болған соң ойланбастан жарайды дедім. Мәйітті аштым. Барлық ішкі ағзаларын мұқият зерттеп, қыздың қояншық ауруымен ауыратынын анықтадым. Қызға ешқандай зорлық жасалмағаны, алайда жігітімен жақындасқанда талмасы ұстап, өліп кеткені белгілі болды. Байғұс жігіт қыздың ауру екенін білмегеніне жазған-ау, сірә.
Кейін сот процесі кезінде жігіттің ата-анасы екі жас көптен бері сыйласып, сырласып, үйленуге келісіп жүргенін, оны қыздың ата-анасы да жақсы білетінін, бірақ олар қарсы болып отырғанын айтып зар жылады. Ал соттың төрағасы менің сараптамамның қорытындысы бойынша жас жігітті қызды зорлап өлтірді деп ұзақ мерзімге соттап жіберді. Егер мен сараптамамда қызға ешқандай зорлық жасалмағанын, оның қояншық ауруымен ауырғанын жазып бергенімде жас жігіт жазадан құтылатын еді. Амал не, мен ақымақтықпен бейкүнә жігіттің өміріне балта шапқанымды өзім де білмей қалдым. Сол жігіт 15 жылдық жазасын аман-есен өтеп келді ме, келсе қандай азамат болды екен деп ойлаймын. Байғұстың жас өмірі қапаста өткеніне, жазықсыз жазаланғанына кінәлі мен болдым ғой деп толғанғанда ұзақ түн кірпігім айқаспайды. Ішкі дүниемді от қарып жатқандай ұзақ жылдар бойы азаппен өмір сүріп келемін.
Қара шал ауыр күрсінді. Мен не дерімді білмей үнсіз қалдым. Бұдан 25 жыл бұрын немере інім тосыннан қайтыс болғанда аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура облыстан сарапшы алдырып, сараптамадан өткізгені әлі есімде. Ұзын бойлы, көзіне көзәйнек киген, қалың қара шашын шалқайта қайырған, жағына пышақ жанығандай ашаң, қара жігіт сараптама жасап, қорытындысын ішкі істер бөліміне өткізіп кеткен еді. Мына кісі сол болып шықты.
Ішіндегі мұң-зарын, шер-шеменін айтып жеңілдейін деді ме, қара шал әңгімесін қайта жалғады.
– Аталарымыз біреуге қиянат жасасаң алдыңа келеді деуші еді. Сол сөзге мән бермей келіппіз-ау. Әлгі жігіттің қиянаттың құрбаны болуы, ата-анасының көз жасы мені жібермеді-ау деп күйзелемін үнемі. Кезінде дүниеден кенде болған жайым жоқ, отбасым да таршылық көрмеді. Зіңгірлетіп үй салдым, балаларымның бәрін оқыттым, үйлі-жайлы еттім. Ал енді қартайған шағымда кемпірім өліп қалды, бір балам жынданып кетті, тағы бір балам нашақор болып, үй-жайды есірткіге айырбастап жіберді. Баспанасыз қалдым. Бұл маған жазықсыз кісіге жасаған қиянатым үшін Алланың жіберген зауалы ма, кім білсін?! Барар жер, басар тауым жоқ. «Кісіге қылған қиянат қайта өзіңді табады» деген осы болса керек, – деп шал көзіне жас алды. Бұрынғыдан да бүкшиіп міскінге айналған оны аяп кетсем де, соның кесірінен 15 жыл арқалап кеткен бейтаныс жігіттің тағдыры менің жүрегімді осып-осып өткендей қан жылады.
– Аға, сонда сот сараптамасының қорытындысын жалған жазып, құрбандыққа шалып жіберген жігітіңіз мен болатынмын, – деді кенет дәрігер Қалижан.
Қара шал да, мен де оған жалт қарадық. Әдеміше аққұба жүзі шүберектей бозарып, құп-қу болып кетіпті. Басалқалы, парасатты азамат емес пе, ашуын тез іркіп, бойын әп-сәтте билеп ала қойды.
– Бұл әңгімені бұрын тіс жарып ешкімге айтпап едім. Енді, міне, сіздің жан күйзелісіңізді сезіп, жаным ашығандықтан, кейінгі тағдырым туралы баяндап беруді жөн көрдім, – деді дәрігер. – Сот үкімі шыққан соң мені Жамбылдан Ақтөбеге алып кетті. Түрмедегі күндерім сүреңсіз өтіп жатты. Бір күні анам мен бауырларымнан хат алдым. Гүлжанның маған «сені сүйемін, сен үшін жаным құрбан, өзіңсіз өмір сүре алмаймын, тез үйленейікші» деп өліп-өшіп жазған хаттарын, екеуміздің бірге түскен суреттерімізді, тойға шақыру билетін дайындап жүр едік, соның бәрін бір білікті заңгерге көрсетіп, кеңес алғанын, енді іске сол кісі араласып, араша түскелі отырғанын жазыпты олар. Бірақ бұдан бірдеңе шығарына сене қоймадым.
Арада жарты жыл өткенде маған қайтадан сот болды. Сот мәжілісінде прокурор мен судья баяғы сот-сараптама қорытындысын алға тартып еді, менің шешем мен бауырларым жалдаған адвокат оларға табандылықпен қарсы тұра білді.
– Қыздың жігітке жазған хаттары, міне, менің қолымда. «Сенсіз өмір сүре алмаймын, сүйемін, күйемін» деп жазыпты. Екеуінің тойға арналған шақыру билеті де бар. Осы құжаттың бір-бір данасын сіздерге де өткізгенмін. Осыншама өліп-өшкен қызды сүйген жігіті зорлады деген сөз көңілге қона ма? Бұл бір деңіз. Екіншіден, қыздың жас кезінен бері қояншықпен ауыратыны, аудандық ауруханада есепте тұратыны туралы мәліметтерді таптым. Анықтамасы мынау, мұндай науқас қыз заңды некеге тұрып, жұбайлық қатынасты бастағанда да өліп кетуі мүмкін еді ғой. Бұл аз десеңіз, жігіттің кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтарым тағы бар, – деп қорғаушым бір құшақ қағазды соттың алдына қойды.
Алғашқы күні сот отырысы осымен аяқталды. Екінші күні сот жарыссөзді көпке созбай, бұрынғы үкімнің күшін жойып, мені бостандыққа шығарды. Елге баруға ұялған соң Ақтөбеде қалып, зауытта жұмысшы болып істедім. Жыл бойы сабаққа дайындалып, келесі жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, алты жылда оны ойдағыдай бітіріп шықтым. Ұзақ уақыт Ақтөбеде, Атырауда қалалық және облыстық ауруханаларда қызмет істеп, 30 жылдан соң ел жаққа оралған бетім осы. Келіншегім де дәрігер, үш баламыз бар, – деп менің емдеуші дәрігерім Қалижан қара шалға қарады.
– Ойпырмай, інім, бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой, жақсы азамат болыпсың. Кешір мен бейбақты, – деп қара шал дәрігердің алдына жүрелеп отыра кетті.
– Ақсақал, тұрыңыз, мен сізді баяғыда-ақ кешіргем. Қыздың ағайыны «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған ауданның бірінші басшысы еді ғой. Істің бәрі соның екпінімен өрбігенін де білемін. «Аққа қара жұқпайды» дегендей, ақ адам қанша күйе жақса да бәрібір ақ күйінде қалатынына көзім жетті, – деп дәрігер қара шалды орнынан тұрғызып, орындыққа жайғастырды.
– Отыз жыл бойы жан азабын тартып келген мен бейбақ бір жеңілдеп қалдым ғой, шырағым, – деп кемсеңдеді қара шал. – Енді дәл қазір өліп кетсем де арманым жоқ.
– Ақсақал, сіз өлгенде біздің жеріміз кеңейеді дейсіз бе? Талқаныңыз таусылғанша өлмеңіз. Мен облыстық денсаулық басқармасына айтып, сізді қаладағы қарттар үйіне орналастырып қоямын, – деді дәрігер қара шалға қамқорлық танытып.
Мен дәрігер Қалижанның адамгершілігіне қайран қалдым. Тіпті оған деген ықыласым да арта түсті.
Қара шал үстінен ауыр жүк түскендей құнжыңдап өз бөлмесіне бара жатты. Жүрегі кең, адал ниетті дәрігердің қолы да шипалы екен, сол жолғы емінен кейін бүйректерім қайта ауырған емес. Мына оқиға да көкейімде мәңгі тұрып қалды.
Мырзахан АХМЕТ.
Замана газеті