Айдар, тұлым, кекіл, кежім сәбилерге қандай мақсатта қойылған?

Oinet.kz 10-11-2019 708

Халық арасында «Айдарлыға – айда садақа, кекілдіге – күнде садақа» деген көне сөз бар. Кезінде біздің ұлтқа ғана емес, бүтін түркі халықтарына ортақ дәстүр болған, қазіргі кезде ұмытыла бастаған осы айдар, кекіл, тұлым, кежім балаға қай кезде қойылып, қашан қиылады? Олар бүгінгі күні қолданысқа ие ме?

Айдар – ер баланың дәл төбесіндегі шашын өсіру. Айдардың айналасында бөтен шаш болмайды. Негізінен, айдар кез келген балаға қойыла бермеген.  Отбасы көптен перзент сүю бақытынан айырылып, араға жылдар салып дүниеге келген сәбиге қойылады. Айдарға түрлі маржан моншақтар іліп, өріп қоятын да дәстүр болыпты. Бала ес тоқтатып, ұзын  айдарымен ерекшеленіп жүруге намыстана бастаған кезде, сүндетке отырғызбас бұрын қиылады.

Тұлым – баланың екі самайына қойылатын шаш. Айдардан ерекшелігі де осы. Тұлым шаш көбіне қыз балаға қойылады. Сымбатты, көрікті болып бойжетсін деген ырымнан туындаған деген болжам бар.  Тұлымы бар баланы «тұлымшақты», «тұлым шашты», - деп атаған. Қыздарға «тұлым қыз», - деген. Қыз 12 жасқа толғанда құлағын тесіп, сырға тағады. Дәл сол уақытта тұлымды да қиған. Қиылып алынған тұлым шашты бірден лақтырып тастамай, белгілі бір уақытқа дейін сақтаған. Оның мәні ұрпағы үзілмесін, ажырамасын деген.

Кекіл – баланың маңдайына қойылады. Кекіл маңдайдың жоғарғы тұсы мен қасқа дейінгі аралықты жауып тұрады. Ашық маңдайлы сәбиге адамдардың көз тиеді деген сақтық болған. Сондай-ақ, халық арасында кекілді балақайға періште ұялайды деген сенім қалыптасқан.

Айдар, тұлым, кекілге ұқсас халқымызда кежім қою (желке шашы) деген де ғұрып болыпты.  Баланың желке тұсына бірден көзге түсетін етіп қойылатын қысқа шашты осылай атайды. Кезінде, кежім шашы – ата-анасынан айырылып, жетім қалған сәбилерге қойылыпты. Балаға кежім қою ғұрпы  –   өзгелер сол баланың жетім екенін бірден аңғарып, ерекше қамқорлықпен қарасын деген жақсы ниеттен бастау алады екен.

Аталғандардың төртеуі де көне ғұрып саналады. Баяғы заманда ұлға да, қызға да қойыла берген. Сонымен бірге, ертеректе балаға айдар, кекіл, тұлым не желке шашын қоймас бұрын үлкен жиын өткізген деген дерек те бар.  Аузы дуалы ауыл ақсақалдары арнайы шақырылып, балаға бата беретін болған.  

Ежелде хандар ерекше  жақсы көрген мұрагеріне тұлым қойған. Кейін баласы мүшелге толғанда тұлымды қиып тастайды. Оның себебі, барлық ауру-сырқау сонымен бірге кетеді деген сенім болыпты. Айдар бірыңғай қыз сүйіп, кенет ұлды болғанда немесе керісінше, қыз сүйсе қойылады. Айдар, кекіл, тұлымды дәулетті отбасыдан шыққан балалардың статусы деуге болады. Күңнің балаларына бұл ғұрып жасалмайды. Байқап отырғандарыңыздай, айдар, кекіл, тұлым, кежім ғұрыптары негізінен көз тимеудің алдын алу үшін жасалады.

Айдар, кекіл, тұлым, кежім шаш қою  қазіргі кезде бар ма?  

Кеңес үкіметі кезеңінде ықылым заманннан қалыптасқан көптеген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қолданыстан шығып, ұмытылды. Соның  ішінде айдар, тұлым, кекіл, кежім шаш та бар. Өткен ғасырдың аяғында ғана жойылуға таяу қалған, ата-бабамыз сан ғасырлар бойы дәріптеп өткен базбір ұлттық құндылықтарымыз бірте-бірте жаңара бастады. Мүлдем ұмытылып кеткен дәстүрлеріміз жетерлік.

Соңғы жылдарда балаларға айдар, тұлым, кекіл қою кейбір өңірлерде сирек те болса көрініс таба бастады. 

Аружан Мырзатай

Ruh.kz

Қазақ қалай алғыс айтады?
Жеті ата. Ғибратты әңгіме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу