Кино: қалыс пен табыс
10-02-2022
Өткен аптада бір шаруаларыммен құрбымның жұмысына барғанмын. Амандық-саулықтан кейін құрбым мені асханаларына ертіп апарды. Түстенетін уақыт та болып қалған екен. Сәлден кейін жанымыздағы столдарға әріптестері де келіп отырды. Әңгіме арасында құрбымның бір әріптесі Өзбекстанға тойға барып келгенін айтты. Той дегесін бәріміз де елең етіп, сол жаққа қарай бұрылдық. «Қандай болады екен өзбектердің тойлары? Қызығын айтып отырсаңызшы», – деді құрбым. Оның сөзін сол жерде отырғандардың бәрі құптады. Әлгі кісі ол жақта көрген-білгенін былайша әңгімеледі.
«Тойдың қызығы өз алдына ғой, мен ол жақта ысырапқа жол бермейтінін байқадым, – деп бастады әлгі кісі әңгімесін. – Біздегідей дастарханда бос орын қоймай, құстың сүтінен басқасының бәрін қойып, оны пакеттеріне салып әкетіп жатқан әйелдерді көрмедім. Естуімше, ол жақта жеміс-жидек, кәмпит-пішінәй, тәтті сусындар, т.б. сәндік үшін қойылатын заттарды той иесі тойхананың өзінен жалға алады екен. Оны білетін тойға келген қонақтар ондай заттарды тұтынбайды. Біздегі сияқты пакеттеріне салып үйлеріне әкетпейді. Той біткесін той істеген адам әлгіндегі заттардың бәрін санайтынын санап, таразыға өлшейтінін өлшеп, тұтынған заттың ақшасын ғана төлеп, қалғанын өздеріне қайтарып береді екен. Бұл тойхана қожайынының той иесіне жасаған жеңілдігі екен. Біз шымкенттіктер оны қайдан білейік, чак-чактан біраз жеп қойыппыз. Ал ол жақтың адамдары тамақ пен салаттарды ғана жеп, «арендаға» алған тәттілерге қол созбайды екен».
Әлгі кісі әңгімесін аяқтасымен сол жерде отырған бес-алты адамның бәрі бір ауыздан «мынау дұрыс нәрсе екен» дестік. Шынында сол кәмпиттерді кім жей береді, жеміс-жидек те дастархан жұтаң көрінбес үшін сәнге қойылады. Кейбіреулер торт, пирожныйлар қойып жатады. Оның да үстіне арақ төгіліп, бекерге рәсуа болады деп әрқайсы өз ойларын айтысты. Жұрт тыныштала бастаған кезде үлкендеу бір әйел: «Қазір өзіңнің жақын туыстарыңның арасында ғана аталып өтілетін бесік той, туған күн, юбилейлерді де жұрт тойға айналдырып жіберді ғой. Үйлену той мен сүндет тойдан басқасының бәрі артық той. Қалғандары жай, отыз-қырық шақты адамға өзінің ең жақындарын ғана шақырып, аталып өтілетін нәрсе ғой», – деді. Ол апайдың да сөзін бәріміз құптап кеттік.
Әрине, тойды көпсінбейміз. Тойдың болғаны жақсы ғой. Бірақ қарызға батып той істеудің қажеті бар ма? Сіз не айтар едіңіз?
Г. ТҰРАРБЕК