БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ. САХАРАНЫҢ АРУЫ (Қысқа әңгіме)
Бірде Ұланбатыр қаласында халық өнерпаздарының біріккен өнер фестипалы өтетін болып соған қатысуға домбырамды көтеріп мен де бардым.
Монғолия елінің түкпір-түкпірінен келген не түрлі ғажайып сал-сері, өнер иелері бір қонақ үйіне орналасып он күн бойы күн-түн демей ұланасыр думанға бастық. Күндіз үлкен мәдениет сарайына барып өнер көрсетіп, кешке қонақ үйіне келіп той жасаймыз. Сол қызықты күндердің бірінде менің жиырма беске толған туған күнім шақ келген соң дастархан жайдым да көрші өнерпаздарды тойға шақырдым.
Онсыз да бастары ауырып ұрынарға қара таппай отырған өңкей сайыпқыран асау дарын иелері маған арнаған сыйлықтарымен қоса өз өз аспаптарын да көтере келді. Сөйтіп киімін шешкен жалаңаш адамның судан тайынбайтыны секілді көп кешіктірмей көңілді тойды бастап кеп жібердік.
Не болсын шіркін, ешбір қоспасы жоқ халықтың таза тұнық пәк өнері бірнен соң бірі ақ айрандай аспа төк шашылды-ай келіп. Тинамдай да кіршігі жоқ шексіз, шетсіз дала әуендері не бір сызылған сырнай тамақ әншілердің көмейінен төрт қабырғаның арасына сиыса алмай сығылыса тықсырылып құдірет болып құйылып жатты, шалқар бір шаттықтың тасқыны болып шашылып жатты.
Ох, сыйға толы, сырға толы, сиқырға толы халықтың ғажап ән, әуендері-ай де. Жел болып шалқып, айдын боп толқып, тау болып күңіреніп, нажағай болып жарқылдап, құлын болып кісінеп, бота болып боздайды-ау шіркін...
Сөйтіп той енді нағыз қыза бастаған шақ еді, тық, тық, тық... есік қағылды да артынша бір құшақ гүл, тәтті-тәпсек, арақ-шарап көтерген уыздай жас бойжеткен қыз көрінді.
Сонда білдік, қонақ үйінің екінші қабатында орналасқан сахара жақтың өнерпаз қызы біздің тойдан қалыс қалыпты. Мен алдынан жүгіріп барып кешірім сұрап, қолындағы дүниелерін алып төрге шақырдым. Рахметін айтқан ол сырт киімін шешіп ілгеннен кейін дастархан басына жақындап сыпайы ғана көпшілікке тәжім етті. Сосын баршамыздан ғафу өтіне маған бұрылып:
- Аға, тойыңызды тойға ұластырайын деп өзіңізден рұхсат сұрасам ниетімді қабыл алар ма екенсіз ә – деді, күлім қаққан әдемі от жанарын қадай иіліп. Оның дәл не дегелі тұрғанын дөп басып түсіне кетпесем де жайдары қыздың жарасымды жақсы ілтипатын бар шыныммен қабыл алып:
- Айналып кетейін қарындасым-ау, қарақаттай екі көзің мөлдіреп өңменімнен өтіп бара жатса «Өлім әкеліп тұрмын» - десең де рұхсат етіп қабыл алмай нем бар еді, айта ғой – дедім елжірей әзілдеп. Сөйтсем ол дағы бір әзіл сөздің тілмәші екен:
- Ойбай аға, кешірім етіңіз, жөн сегізді артыма қалдырып, онсегізге қадам басып өрт өмірдің қызығын енді бастаған шағымда сіздей авзал азаматқа өлім әкелетін мен немене, жынданып кетіппін бе. Өлім емес өзімді әкеліп тұрмын – деп маған үлбіреп піскен алмадай бетін тосты.
- Бәрекелді қарындас! Сен өзі отқа құйған майсың ғой сірә. Дүр-дүр етіп аспанға шапшып лаулап жанып жатқан жиырмабес деген өрт жалынға алай-дүлей ұйтқып соғып тұрған онсегіз деген боранды әкеп тұрсаң ол өлім емей не болушы еді айналайын. Қош, не болса да көріп алдым – дедім да оның аппақ жазық маңдайынан иіскедім.
Отырғандар шуылдасып шапалақ соғып шағын бөлменің төбесін ортасына түсіре жаздап айғайласып сүйкімді бойжеткенге қошемет көрсетті. Сонымен жиырмабестің дастарханына онсегіздің дастарханы қосылып той одан әрмен жалғасты.
Күмбірлеген күміс көмейден сыңғырлата ән төккен шашасына шаң жұқпас өңкей күреңтөбел тарландар жер танабын қуырып құлақты біткеннің құрышын армансыз етіп қандырды. Осылай сайраған сазды бұлбұл, сандуғаштар таң ағарғанда ғана амалсыз тарасуға бет бұрысты. Той тарқар алдында ризашылығын білдіріп бетінен сүйгісі келген жігіттерге сахараның ибалы аруы еуропалықтардың салтымен майысқан қолының сыртын ұсынды. Қыз сүйудің соңына ала мен де сірә құр қалмайын деп оның қолын сүйуге оқталып едім, ол кіп-кішкентай сүйкімді қолын теп-тез айландырып алақанын тосты. Мен:
- Қой қарындас, алақаныңнан сүйсем ұрдықшы болып кетерсің, сыртынан сүйейін – деп едім, ол жымың етті де:
- Ондай салттың бары шын аға. Бірақ мен кәзір ұрдықшы болғым келіп тұр. Жақсы ғой, осы бөлмеден шыққанда байқатпай сізді қалталай кетпеймін бе –демесі бар ма... Мен қарсылық еткем жоқ, жұп-жұмсақ алақанына ернімді тигіздім де бөлмесіне жеткізіп қойдым.
...Ертеңінде үлкен өнер сарайына барып өнер көрсетіп енді орналасқан қонақ үйіне қайтайын деп бірге кететін серік іздеп селтиіп темекі шегіп тұр едім, әлгі ділмәр шешен ерке қарындасым келіп жетті. Ана-мынаны сөз етіп жеңіл әзілдесіп тұрған соң мен оның нәзік сүйрек саусақтарын алақаныма салып аялап:
- Тентек ерке қарындасым, кеше көп адамның арасында ағаңды ұялтып қойдың ғой. Кәне бетіңді тосшы енді мен есемді алайын – деп бетінен сүйуге еңкеие беріп едім ол сәл ғана шегіншектеді де:
- Шын есеңіз кеткен болса – деп, қып-қызыл шиедей жұп-жұқа ерінін шошайтты. Дәл өйтеді ғой деп ойламаған басым сәл тосылып қалдым да:
- Айналайын ерніңнен сүйсем өсекші болып кетерсің – деп едім қыз аласы молдау мойылдай қара көздерін
бір төңкерді де:
- Пай, пай, пай ағасы! Алақанымды тоссам: «Ұрдықшы боласың» - дейсіз, ернімді тоссам: «Өсекші боласың» - дейсіз, егер мен басқа бірдемемді тоссам не деп бас тартар екенсіз ә. Жігітке ернінен сүйгізген әйел біткеннің бәрі өсекші болатыны рас болса мен өкінбей-ақ қояайын – деді де екі өкшесін көтеріп аяғының ұшымен созылып келіп менің мұртты ернімнен шөп еткізіп бір сүйді де айланып қонақ үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Мен аңдаусыз жерде жалаңаш денемді жалын шарпып өткендей тырп етіп қозғалмай тұрып қалдым. Сәлден кейін ғана сағатыма қарасам кеш те болып қалған екен.
Үнсіз ғана жымың еттім.
2008
"АЙДАН ТҮСКЕН КӨЛЕҢКЕ" Кітәбінан