Сыр сүлейі Сәрсенбай жырау
Осыдан біраз жыл бұрын Сыр өңіріндегі шығармашылықпен айналысып жүрген бір топ өнерпаздың сәтімен басы қосылып қалған еді. Шырайы шыққан отырыста ақын-жазушы да, суретші де, сазгер де, әнші-күйші де бар болатын. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, жыр оқылып жатты. Бір тұста жазба ақын Асқар Кіребайұлы тосын мінез танытып, ақ домбыраны қолға алып, бабымен шертіп, терме толғады.
Ұлы Сырдың ұлтанында өскен бізге бұл өңірдің әр алуан терме мақамдары қашаннан таныс, құлақ қаныққан. Ал Асқардың беталысы бөлек. Айтылу мәнері бұрын біз естіп жүргендердің біріне ұқсамайтын, бояу-нақышы өзгеше, мың бұралып, қырық құбылған, мұң мен назға толы ерекше саз. Терменің қайыратын тұсына келгенде Асқардың қарлығыңқы дауысы аспандатып, асқақ көтеріп кетуге жарамағанын да аңғарғандаймыз. Десе де жар жағалап алып шықты.
- Бұл Сәрсенбай жыраудың мақамы, Сәрсенбай сазы,-деді Асқар.
Бұрылыс-бұлталаңы, құмбыл қалтарыстары мол осы орамды толағай толғайтындар әттең аз...
Кейін Сәрсенбай жыраудың ұлы Алшынбек, немересі Майраның орындауында сонау бір жолы Асқар айтқан сырлы саздың терең тылсымдарына қаныға түскендей болдық.
Жақында Сәрсенбай жыраудың немересі, термеші Майра редакцияға арнайы соғып, өтініш айтты.
- Өткен жылы Сәрсенбай жыраудың туғанына 100 жыл толды. Арманымыз
сол, бүкілхалықтық дәрежеде аталып өтілмеді,-деп мұңайды Майра. – Рас, әр кезде ол кісі туралы журналистер С. Есмаханов, Т. Еңсегенов, А.Кіребаев мақалалар жазып, жариялады. Одан бері де бір қауым уақыт өтті. Жүз жылдығын ырғап-жырғап тойлатуға жарамасақ та, ең болмаса есімін елдің есіне тағы бір түсірсек деген ниеттеміз. Өтінішім, осы жолы сіз қалам тербесеңіз қайтеді?
Ойланып қалдым,- Көзін көріп, сөзін естімеген кісі хақында қалам тарту қалай болар екен,-деп қиналдым.
- Рухы риза болсын, көріңізші,- деп қиылды Майра.
«Әруақты жерден ат үркеді» дейді қазақ. Төрт аяғын тең тастаған
тайпалма жорғадай осынау үлкен дарын иесінің әруағынан имене отырып, қолға қалам алдық. Жампоз жырау жайлы немересі Майра тереңнен сыр тартты. Біздің қызметіміз хатқа түсіру ғана болды.
ТЕКТІНІҢ ТӨҢІРЕГІ
Сәрсенбай жырау 1900 жылы, яғни өткен ғасырдың басында Қармақшы ауданындағы «Бозарқаш» деген жерде (қазіргі «Ақжар» шаруашылығының аумағында) дүниеге келген. Әкесі Сәрсенбай өзіндік күнкөрісі мол, орта шаруасы бар, ауыр мінезді кісі болса керек. Бөртекеңнен үш тарайды. Үлкені Ермаханның отырған жерін әңгімеге ұйытатын, тауып айтатын қасиеті болған. Ал, ортаншысы Дүйсен айтулы жыршы, дүлдүл термешінің өзі екен. Ортасынан озған өнерпаздың даңқы Сыр бойынан асып, Орал, Астрахань, Ташкент, Қарақалпақ аймақтарына да жетіп жатқан.Ол осы алыс өңірлерлі шарлап, терме төккен, жыр саулатқан.
Бөртебайдың кенже ұлы Сәрсенбай аға жолын қуып, оның өнерін жаңа, тың өрістерге бастайды. Сәрсенбайдың қайыруында Бөртебай тұқымына тән жыршылық пен термешілік өрнегінің бояуы жарқырай ашылып, ажарланып, айдындана түседі. Сәрсенбай өзіндік әуен, тың мақам, соны саздарға бой ұрып, ден қояды.
Сонымен Бөртебай балаларына бұл киелі де қасиетті өнер қайдан келді? Әрине, жоқтан бар жасайды. Оның үстіне өнер атаулының қай түрінің болмасын бастауы, қайнар бұлағы болмақ. Тексіз талант жоқ. Бөртекеңнің бәйбішесі, Сәрсенбайдың анасы Шонық әнші, күйші әрі суырып салма ақын болған. Ол жас күнінен ақын қыз атанып, жұрт алдына шығады. Сондай күндердің бірінде Шонық қыз көрші ауылдағы тойға шақырылады. Бұл тойда атақты жырау Тұрымбет жырлап жатады. Сары атанмен сар желдіріп жеткен Шонық ақын Тұрымбет отырған үйдің тұсына келіп:
Қай майдан, мына майдан, құба майдан,
Құба үйрек алма мойын ұшар сайдан.
Алыстан іздегенім тап болды ма,
Дауысы Тұрымбеттің шықты қайдан? – деп шырқаған екен. Тұрымбет жырау ақын қызға риза болып, төрден орын ұсынып, ақ батасын берген дейді.
Бойына біткен бұла таланттың қайнар көзі қайдан екенін Сәрсенбай жырау «Таныстыру» атты жырында былай баяндайды.
Өзімнен арғы жерде өнер жоқ ед,
Ал шешем Шонық ақын орны төр ед.
Күй, жырға еліктеуім сонан болар,
Анамның ақ сүтімен келген қорек...
ШАЙЫРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Мақам сазы өз тұсындағы жырауларға мүлде ұқсамайтын, асықпай, жәймен айтып отырып-ақ тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, баурап алатын Сәрсенбай жырау әдемі әнші, әрі керемет күйші де болған дейді. Ол көбіне Құрақтың Досжанының күйлерін тартқан. Әсіресе, халық күйлері «Нар идірген», «Желдірме», «Бұқтым-бұқтым» және басқаларды аса шебер орындаған.
«Тыңдалмаса-сөз жетім» демекші, көшелі жырдың көпшілікке жеткізудің де әр алуан әдістері болған. Өйткені, тыңдаушының бәрі бірдей емес. Жастардың арасына түскен шақта оларға лайықты ән айтуға тура келеді. Күй десе ішкен асын жерге қоятындар және бар. Сондайда бір уақ ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, жиналған жұрттың назарын әбден өзіне аударып алған соң барып, Сәрсенбай жырау негізгі тақырыбына көшетін болған. Көбіне көп ол Омар мен Тұрғамбеттің, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп, Дүр Оңғар мен Қарасақал Ерімбеттің, Нақып қожа мен Қуаныш Баймағанбетовтердің жырларын орындаған, ара-арасында өз термелерін қосып отырған.
Сәрсекең жастайынан дінге сеніп өскен. Содан да болар оның өлеңдерінің барлығында дерлік Алла тағала ауызға алынып, ілтипатпен аталады. Солардың бір парасы «Әзіретәлінің құл боп сатылуы», «Әзіретәлінің Мағауиямен соғысы», «Қырқұсын оқиғасы» жырлары. Соңғы жырда Мұхаммед пайғамбардан бұрын өткен жүз жиырма төрт мың пайғамбардың бірі-Аюп пайғамбардың заманында болған оқиға желісі жырланады.
Діни сенім имандылыққа уағыздайды, қанағат қылғызады. Сәрсенбай жырау дүниеге қызықпаған, ойын-тойларда көрсеткен қызметіне берілгеннің аз ғана бөлігін өзі алып қалып, көбісін маңайындағы жарлы-жақыбайларға үлестірген. Құдайға берілгендігінен болар, қонаққа шақырған жерде арақ-шарап көріне қалса, қанша өтінгенге қарамастан шығып жүре береді екен.
Белгілі ақын-жырау Қуаныш Баймағанбетұлының «Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлері» атты толғауында жолдар сәрсенбай жыраудың болмысын айқындап, айшықтай түседі.
Асықпай жыр мәнерін салған тезге,
Әрі ақын, жаңылмайтын айтар сөзге.
Баптайтын домбырасын өзі жасап,
Сәрсенбай Шөмекейде жырау өзге...
Өз өнерімен халыққа кеңінен танылған Сәрсенбай жырау біршама уақыт артистер тобының құрамын еніп, ел аралаған. Жыраулық өнердің шеберлік шегіне шыққан Сәрсекеңнің өнеріне көрермендер былай тұрсын, өз әріптестері де сүйсініп, тәнті болғанға ұқсайды. Көз көргендердің, бастас білетіндердің айтуынша, Сәрсенбай жырау жырды он төрт мақаммен қайырады екен. Сол мәнер, сол сиқыр саз сақталды ма, орындаушылар соның баршасының бабын тауып, оясынан шығып жүр ме? Бұл сауал, әрине, ойлантады. Жыраудың ұлы Алшынбек таспаға түсірген жырларда Сәрсенбай сазының әрісі алты-жеті қайырымы ғана қайтарылған дегенді айтады.
Сәрсенбай жырау кең тынысты, күрмеуі көп күрделі дастандарды, хикаялар мен хиссаларды жырлаған. Сонымен бірге өзі де күрдері шығармалар шығарған. Оның «Мұңсыз хан», «Жүсіп-Ахмет», «Мақпал-Сегіз» дастандары әр түрлі тақырыпты қамтиды. Аталған дүниелер фольклор зерттеушілерінің назар аударуын қажет етеді. Аталған дастандарды жыраудың ұлы Алшынбек пен немересі Майра орындап жүр.
ТАЛАНТ ТАБИҒАТЫ
Осы жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен бір мақаланы оқығанымыз бар (автордың аты-жөні есімде қалмапты). Мақала иесі таланттарды екі топқа бөледі. Біріншісін табиғи таланттар деп, оларға арқалы, арынды, қиын мінезді шығармашыларды жатқызады. Екіншісін қолбала таланттар деп атап, бұған қабілетті, бірақ иі жұмсақ, көнгіш, көнтерлі қаламгерлерді қайымдайды. Бұл пікірге қосылуға да, қосылмауға да болады. Ал, қолдап, құптар болсақ, Сәрсенбай жырау соның біріншісіне жатады.
Жетпіс жасында, сол 1970 жылы дүниеден озған Сәрсенбай жырау мінез жағынан да ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлға болған. Жағымсыз әрекетке жаны қас екен және онысын бет-жүзің демей жарқыратып жарып айтқан. Мұндай мінез ең алдымен ел басшыларына ұнамаған. Содан шетқақпай болған жырау домбырасын арқалап, көбіне ел аралап кеткен. Сондай бір әрі-сәрі кезеңде өлең-жырды жақсы көретін өз сопы атанған Оспан деген кісінің жырауға қаны ұйып, қасына тартқан екен. Осекең атастырып қойған қызының қалыңын кері қайырып, қызын жырауға өз қолымен қосады.
Жырауға:
- Шырағым, енді бейтарап жүрісті қой. Сендей асыл тектілерден тұяқ қалуы
қалуы тиіс,- дегенді айтады. Сөйтіп, Сәрсенбай жырау тұрақтап, үйлі-баранды болып, Тереңөзек ауданындағы «Мектеп-Күмісқорған» деген жерде, қазіргі «Шаған» шаруашылығы аймағында өсіп, өркен жаяды.
Басқа қырын кім білген, Сәрсекең өнердегі өресіздікке кешіріммен қарай алмаған. Тұстастары мен көз көргендер: «Сәрсекеңнің тәрбиесі қатты еді»,-деседі. Өзінен өрген бір екі ұрпағын: «Термені өзгелерге ұқсатпай орындаңдар» деп қамшысын суға салып отырып тыңдайды екен. Айтушы сәл айныса, тартып жіберетін болғаны ғой.
Өз өмірінің мән-мағынасы тек өнерде деп ұғынған талғампаз жырау бұл орайда жеке басына да жеңілдік жасамаған, әрқашан серпіліп, сергек жүрген. Бойындағы басты қаруы – дауысын атша баптаған, айнытпаған. Жұрт алдында жыр айтуға аса жауапкершілікпен қараған. Жырау жиынды жерге барып өнер көрсетер күні таңертең аш құрсаққа бір кеседей сары майды қайнатып ішеді екен. Сары май жүрек саздырмайды, әрі тамаққа аңсарыңды аудырмайды. Бір қауым жыр толғап, тершіп, бабына келген жыршы ара-арасынды қара шайды ұрттап қойып, тамақ жібіткен. Солайша кемеліне келіп өзін жарау сәйгүліктей сезінген өнерпаздың өрге салсаң өрлей түсер тұсын көз көргендер қазір де жыр қып айтып жүр.
Майраның естіп, білуінше, Сәрсекең отбасында да өзін оғаш ұстаған көрінеді. Алыс-жақыннан жолаушылап қайтып оралғанда алдынан бәйбішесі шығып қарсы алмаса, аттан түспейтін болған ғой. Байқауымызша, жыраудың мұндай мінездері баршылық сыңайлы.
Бұдан көп жыл бұрын әйгілі сазгер НұрғисаТілендиев туралы атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов көлемді мақала жазып, онда асқақ таланттың қарым-қабілетіне қайран қалатындығын қайымдай келіп, оның кейбір мінездеріне кешіреммен қарау керек дегенге сыйған. Себебі, халыққа, қауымға қажеті-өнерпаздың мінезі, әрекеті емес, өнері!
Бұл пікірді Сәрсенбай жырауға да қатысты деп қарауға болады. Көкірегі күмбірлеп, көмейінен сан құбылтып саз төккен жырау өмірден озғалы отыз жылдан асып барады. Артында қалғандар жыршының мың тарау мінездерін бұл күнде сағынышпен еске алады. Ең бастысы, сан қилы Сәрсенбай жырау сазын сол сәйгүлік қалпында, сұңқардай самғаған күйінде естігісі келеді. Шіркін, шашасына шаң жұқтырмас текті таланттың өрелі үнін өз құлағымен шалып қалған кісінің де арманы бар ма екен десетіндер де аз емес.
СӨЗ СОҢЫ
Өнерді жасаушы жеке адам болғанымен, оның игілігін көретін иесі, тұтынушысы – халық. Ал, тұтынушысына жетпеген өнер тұл. Осы орайда, біздің бір байқағанымыз, ел ішінде Сәрсенбай жырау мақамын, Сәрсенбай сазын сағынушылар, аңсаушылар көп те, оны орындаушылар біз күткендегіден аздау секілді. Рас, сексенінші жылдардың соңына қарай Қармақшы ауданындағы «Ақжар» кеңшарындағы ауылдық клуб жанынан «Сәрсенбай жырау мектебі» ашылып, оған он бестен астам талапкер өнерпаз қатысты. Осылардың дені сол ауылдағы мектептің оқушылары еді. Талапкерлерге Сәрсекеңнің ұлы Алшынбек дәріс беріп жетекшілік жасады. Сол тұста Сәрсенбай сазы тың тыныс алғандай болған. Кейінгі жылдардағы әлеуметтік ахуалдың нашарлауы және Алшынбектің ауру-сырқаулы болуының салдарынан аталған жыраулық мектептің жұмысы саяқсыды. Сонымен, бұл бағытта бұл күнде бар күш Майра Сәрсенбаеваға түсіп тұр. Атасының асыл өнерін тот баспасын, ол бүгінгі, одан қалды келер ұрпақтың рухани қажетіне жарасын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырқырап, жанұшырып жүрген жалғыз өзі десек артық айтқандық емес.
Табиғаттың қолайлы сәтін күтіп, жер астында жылдар бойы тұқымы бұзылмай, бүлінбей жататын текті өсімдіктер болады. Олар жауыны мен жарығы мол кемел кезең келгенде дүр етіп бой көтереді, жер бетіне жаңаша сән беріп, жаңа леп әкеледі. Текті өнер де сондай.
Қаладағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде өткен оқу жылында жыраулық өнер және терме пәні енгізілді. Оған Майра Сәрсенбаева жетекшілік жасап, дәріс беріп жүр. Бұл сөз жоқ, Сыр сүлейлерінің, оның ішінде Сәрсенбай жыраудың да жасампаз өнерінің өрісін кеңейте түспек. Колледж директоры Ә.Әбдіқалықова, әуез пәнінің ұстаздары Ж.Келгенбаева мен М.Мақашеваларда осындай пікірде.
Сөз соңында мақаламыздың басында айтылып қалған айғаққа қайтып оралар болсақ, Майраның реніші ретсіз де емес. Асылында, дәстүр бойынша мол рухани қазына жасаған өнер адамдарының, сол секілді белгілі қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары кеңінен аталып өтілген. Қазір бұл дәстүр басқаша сипат алып бара жатқандай. Бұл күнде мерейтойлар қолында билігі, қалтасында қаржысы барларға, іздеушісі, сүйеушісі күштілерге бағыт алып барады.
Болмыстағы барша құбылысқа баға беретін күш, әрине, халық екенін бәріміз де білеміз. Ендеше, келер күндердің алтыннан жезді айырып алатынына күмән болмаса керек. Тіпті турасына келгенде таланттың тектілігі мен құдіреті мерейтойлармен айқындалмайды, ол құрмет, қошемет қана. Соған шүкіршілік етіп, қанағат қылғаннан аса алмаймыз. Ал мақала жазғандағы мақсат болса, Сыр сүлейі Сәрсенбай жыраудың рухы риза болсын, жарықтық бір аунап түссін деген. Ылайым, солай болғай.
Әскербек Рахымбекұлы
Сыр бойы газеті, 6 ақпан 2001 жыл