Үлкендердің батасы жабылған есікті қайта ашады!

Oinet.kz 06-09-2020 1960

Көлік.jpg

Пандемия жүріп жатқан кез болатын. Бір-екі күннен бері ауылдағы анамның да ауырып, жағдайы болыңқырамай тұрғанын ести сала алып-ұшып қара шаңыраққа қарай аттандым. Ауыл алыс, жол шалғай. Жол қысқарсын, оның үстіне, жалғыз жүрмейін, жаныма серік болсын деп қол көтеріп тұрған адамдардың бір-екеуін ала кетейін деп тоқтадым. Менің ауылыма баратын екі адам тұр екен. Біреуі - жас қыз. Түріне қарасам, ер адам-ау деп менен қорқып тұрған жоқ, керісінше ала кетсе екен деп тұрғандай...

Екіншісі - бала-шағасы шығарып салып тұрған кейуана екен.

Ішімнен "жас қызды ала кетпейсің бе, жолда ойнап-күліп дегендей, көңіл көтеріп барасың" деген бір ой қылп ете қалды. Селк ете түстім де, ойланбастан апаға "отырыңыз" дедім. Артынша әлгі қызды да бір көлік тоқтап мінгізіп алды.

Апаны алғандағы мақсатым: көпті көрген кісі ғой, дұрыс әңгіме айтар, ойымның, ісімнің дұрысталуына септігі тиер, ең болмағанда, қарт ананың батасын алармын деген ой еді...

Мен қателеспеппін. Ақ жаулық киген апам шынымен де көпті көрген дана әйел болып шықты. Жол-жөнекей өмірден көрген, түйгені мен басынан өткен қызықты сәттерін айтып көңілімді бір көтеріп тастады. Менің де шыққан тегімді, отбасымды сұрап, іштей еміренумен болды.

Ауылға тақаған кезде апама:

-  Апа, менің де анам бар еді. Мына аты өшкір аурудың салқыны ол кісіге де тиген сияқты ғой, кеше сәл ауырып тұр дегенді естіп алып-ұшып бара жатқан бетім осы, - деп жөнімді айттым. Апам уайымдап қалды:

- Кәрі адамға керегі сендердің көңілдерің ғой, айналайын. Жалғыз қалдырмаңдар, - дей берді. Риясыз ақ тілегі мен батасын беріп, көліктен түсіп қалды. Жүрегі ауырып тұрып, маған жақсылық тілегенін айтсаңшы! Құдды бір менің туғаным секілді елжіреп тұрғанын көргенде ана деген жүректің сондай мейірімді болатынын еріксіз мойындадым.

Апаның бір ауыз жылы сөзі, батасы жаныма шуақ сыйлағандай болды. Алып-ұшып үйіме де келдім. Шай ішіп, туыс-туғанмен амандасып, арқа-жарқа болып отырғанда анамның да ойнап-күліп жүгіріп жүргенін байқадым.

- Апа, кеше ғана сізді ауырып жатыр демеп пе еді? - дедім күлімсіреп. Анам мәз:

- Балам, жай ғана суық тиген секілді ғой, кешеден бері бас көтертпей тұр еді, бүгін сорпа ішіп орнымнан тұрып кеттім. Оны қайтесің, өзің амансың ба? - деп қояды...

Үлкендердің батасы, үлкеннің еміреніп тұрып айтқан тілегі, үлкенннің риясыз көңілі деген осы екен ғой...

Қазір ойлаймын, сол кезде апаны емес, көңілімнің, нәпсімнің жетегіне еріп қызды алғанымда не болар еді?

Ол қызбен қандай әңгіме айтылар еді?

Қыздың жанында көлікті қатты айдап қойып, бірдеңеге ұрынбас па ем?

Бата алмақ түгілі күнә арқалап қайтуым да мүмкін еді ғой?..

Кейде қайғы мен бақытсыздықты өз басымызға өзіміз шақырып алады екенбіз ғой. Бұрынғылар дұрыс айтады:

"Үлкендердің батасы жабылған есікті қайта ашады, сөнген шырақты қайта жағады. Жер бетінде үлкеннің ыстық ықыласы, олардың аппақ ниеті шешпейтін мәселе жоқ!"

Шайтанның Пайғамбарға (c.ғ.с) айтқан сырлары
Ақша, ақша және ақша деген сөзді кім ойлап тапты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу