Абай Құнанбайұлының даналық сөздері

Oinet.kz 06-09-2020 961

АБАЙДЫҢ ТАҢДАМАЛЫ ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕРІ

▪Адал жүріп, адал тұр. ▪Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. ▪Адам баласына адам баласының бәрі — дос. ▪Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек — дұрыс іс. ▪Адам баласының ең жаманы — талапсыз. ▪Адамзат — бүгін адам, ертең — топырақ. ▪Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет. ▪Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы — қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. ▪Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. ▪Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер. ▪Ақырын жүріп, анық бас. ▪Асығыс түбі – өкініш. Ә▪рбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады. Ә▪рбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. Ә▪рбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді, күншілік күншілікті қозғайды. ▪Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. ▪Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. ▪Әрбір қайратсыз қорқақ мақтанғыш келеді. ▪Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді. ▪Әрбір ақылсыз надан арсыз келеді. ▪Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. ▪Бақпен асқан патшадан Мимен асқан қара артық. ▪Балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа[1] да қиянатбірлән болады. Бұл қиянатшылар — жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. ▪Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма! ▪Білімсіздік хайуандық болады. ▪[Біреу] жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол — надан, ләкин надан да болса адам. ▪[Біреу] өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. ▪[Біреу] өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол — наданның наданы ләкин өзі адам емес. ▪Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ — ол өзі де бір антұрғандық. ▪Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. ▪Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! ▪Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. ▪Ғылым таппай мақтанба. ▪Ғалымнан надан артпас ұққанменен. ▪Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. ▪Досыңа достық — қарыз іс. ▪Дұшпаныңа әділ бол. ▪Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. ▪Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал. ▪Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас. ▪Еңбек қылсаң, қара жер де береді. ▪Еңбексіз мал дәметпек — қайыршылық. ▪Ер ісі — ақылға ермек, бойды жеңбек. ▪Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. ▪Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. ▪Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. ▪Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. ▪Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: ▫әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; ▫екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; ▫үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: ▫төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. ▪Жақсылық ұзақ тұрмайды. ▪Жамандық әр кез тозбайды ▪Жаман дос – көлеңке. ▪Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін ▪Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмайды өңгесі. ▪Залымдық — адам баласының дұшпаны. ▪Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек. ▪Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. ▪Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: надандық; еріншектік; залымдық. ▪Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. ▪Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме. ▪Құдайдан қорық, пендеден ұял. ▪Құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі? ▪Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. ▪Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас. ▪Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ — кербездің ісі. ▪Малға достың мұңы жоқ малдан басқа. ▪Мал, мақтан ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. ▪Мақтан қума, керек қу. ▪Махаббат — әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән. ▪Мықты болсаң, өзіңнің нәпсәңді жең. ▪Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. ▪Hадан ел қуанбас нәрсеге қуанады. ▪Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық; ойыншы-күлкішілдік; я бір қайғыға салыну; я бір нәрсеге құмарлық. ▪Ойсыздарға қосылма. ▪Өзін өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. ▪Өзі өзгеше боламын демектің түбі — мақтан. ▪Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. ▪Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап. ▪Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. ▪Өлім барда қорлық жоқ. ▪Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ. ▪Өмірдің алды — ыстық, арты – суық. ▪Өмір, дүние дегенің Ағып жақтан су екен. ▪Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. ▪Пайда ойлама, ар ойла. ▪Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі, асықтық та жүрек ісі. ▪Сақалын сатқан кәріден Еңбегін сатқан бала артық. ▪Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. ▪Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан. ▪Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас. ▪Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. ▪Талап қыл артық білуге. ▪Талап, ұғым махаббаттан шығады. ▪Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. ▪Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. ▪Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? ▪Уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар зинһар[2] жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуел құданың, екінші — халықтың, үшінші — дәулеттің, төртінші — ғибраттың, бесінші — ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны. ▪Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. ▪Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз. ▪Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. ▪Ынсап, ұят бұл ғадаләттән шығады.

Туылған деген дұрыс па әлде туған деген бе?
Он сегіз жастан асқан қыз «отырған қыз» болып саналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу