«Теріскей» әнінің тарихы

Oinet.kz 05-09-2020 1591

Screenshot_12.jpg

Ән падишасы Шәмшi Қалдаяқовтың Қазақстанның әрбiр қаласы мен даласына, ауылы мен ауданына ән арнағаны белгiлi. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы-жетпiсiншi жылдары бүкiл қазақ даласы Шәмшi әндерiмен тербелiп тұрғандай көрiнетiн. Елдiң батыс өңiрiнiң тұрғындары «Мұнаралы Маңғыстау» мен «Атыраудың ақ таңын», «Ақ ерке – Ақ Жайықты», қызылордалықтар «Сыр сұлуын», жамбылдықтар «Фосфорлы Жамбыл» мен «Мойынқұмда ауылымды», Оңтүстiк халқы «Арыс жағасында», «Ақсудан ұшқан аққулар» әндерiн тамылжыта шырқайтын. Композитордың осындай атаулы шығармасының бiрi «Терiскей» әнiнiң шығу тарихы жайында осыдан екi-үш жыл бұрын газетiмiзде мақала жарық көрген болатын. Осынау ән туралы зейнеткер Өктем Шайықұлының да өз айтары бар екен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Шәмшi аға Созақ ауданына сапаршылап барады. 

Осы аудандағы «Жартытөбе» совхозы қаракөл қой шаруашылығын өркендетуден Одаққа аты шығып, дүрiлдеп тұрған кезi екен. Әсiресе, №1 ферма он жыл бойы көш бастапты. Сондықтан да ауданға ат басын бұрған облыстан, астанадан келген қонақтар озат шаруашылыққа соқпай кетпейтiн болған. Совхоз директоры Исабек Мырзахметов №1 бөлiмше меңгерушiсi Шайық Оқшиевке: – Шәмшi Қалдаяқов қазақтың барлық қаласы мен даласын әнге қосқан талант. Бiздiң «Жартытөбе» совхозы қаракөл қой шаруашылығы бойынша Одаққа танылды. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде жақында «Жұлдызы жарқыраған Жартытөбе» деген мақала да жарық көргенiн бiлесiз. Ендеше, осындай iргелi де озық шаруашылыққа неге ән арнамасқа?! Ол үшiн Шәкеңдi қонаққа шақырып, жақсылап күтiп алайық, – деп ұсыныс айтады. Жаздың тамылжыған бiр күнiнде жайлау төсiнде ақбоз үй тiгiлiп, жартытөбелiктер сазгердi арнайы қонақ етедi. Көпшiлiк композитордың небiр қуақы әзiлдерiн тыңдап, қазақ қауымын тамсандырған әндерi жайлы әңгiмеге қанығады. Дастарқан басында бөлiмше меңгерушiсi Шайық Оқшиев: – Айналайын Шәмшi, бүгiнде бүкiл қазақ даласы сенiң әндерiңмен тыныстауда. Өзiм кешегi Ұлы Отан соғысының қанды қырғынында тамағымнан оқ тиiп, жараланғаныма қарамастан, керемет даусым болмаса да оңашада сенiң әндерiңдi ыңылдап айтып жүремiн. 

Ән деген бiр құдiрет қой. Ол шаршағаныңды басып, тынықтырады, жүрегiңе үмiт ұялатады, көңiлiңдi хош етедi. Бiздiң «Жартытөбе» совхозы кейiндеу құрылғанымен, бүгiнгi таңда қаракөл қой шаруашылығын өркендетуден Созақ ауданы ғана емес, республикада алдыңғы орында. Сол себептi еңбекшi халықтың көңiлiн көтерiп, «Жартытөбеге» тамаша ән арнасаң деген тiлегiмiз бар, – дейдi. Осы тұста Исабек аға да шаруашылықтың жетiстiктерiн, Қодас Арқабаевтың Социалистiк Еңбек Ерi атағын аудан бойынша бiрiншi болып алғанын, аға шопан Бибi Төлебаеваның КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болғанын баяндап берiп «Созақтың тарихы – қазақтың тарихы емес пе?! Жартытөбелiктердiң еңбегi қандай мақтауға да лайық» дейдi. «Жарайды, мен ойланып көрейiн» деген сазгер тысқа беттейдi. Жартытөбе төбесiн айналып, терең ойға берiлiп, ыңылдап, бiрқыдыру уақыт серуендейдi. Өзгелер сазгердiң мазасын алмау үшiн оны оңаша қалдырады. Ет пiсiрiм уақыттан кейiн дастарқан басына көңiлдене оралған Шәмшi: – Ән өмiрге келдi, ол үшiн қобалжымай-ақ қойсаңыздар болады. Исеке, жаңа әннiң мәтiнiн тек Сабырхан Асанов жазуы тиiс. 

Мен бұл ауданда бiршама уақыт боламын, сондықтан Сабырханды тезiрек алдырсаңыздар, – деген өтiнiш бiлдiредi. «Жартытөбе» совхозынан шыққан композитор одан әрi Шолаққорғанға барады. Шолаққорғандықтар да «бiзге ән арнасаңыз» деп өтiнiш айтады. Сонда композитор табиғатына бiткен қуақылығымен жылы жымиып алып: – Апыр-ау, «Жартытөбе» совхозындағылар да осы өтiнiштi айтты. Бiрi – шолақ, бiрi – жарты... Бұл өңiрде бүтiн дүние бар ма өзi? Егер бүтiн табылса, ән де дұрыстау шығатын едi, – деп дастарқан басындағыларды ду күлдiредi. Көп ұзамай Алматыдан ақын Сабырхан Асанов келiп, Жартытөбе, Шолаққорған ғана емес, жалпы Созақ өңiрiне арнап «Терiскей» әнiнiң сөзiн жазады. Бұл мәтiнге осы өңiрдегi тарихи орындардың атауы тегiс енедi.

Үмiтхан АЛТАЕВА, 

«Оңтүстiк Қазақстан»

Тәуіпке барған аға
Жүзі қара
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу