Көмбе қарын

Oinet.kz 05-09-2020 712

Көмбе қарын.jpg

Қарт аңшы, бәрін білгісі, үйренгісі келіп құлшынып тұратын осы бір балаң жігітті жақсы көретін. Қасынан тастамай ертіп жүретіні содан. Талай жылдық аңшылық кәсібінде осы балаға мұра етіп қалдырғысы келген. Көнеден келе жатқан қазақтың етті көміп пісіру әдісінде ел ұмытпаса екен дейді.

--Мына жерді ошақ орнындай етіп, тізеден асыра қаз. Сосын сексеуілден отын дайында. Тік ошаққты қыздырамыз -деді аңшы.

--Көке, ошақ болғанымен бізде қазан жоқ, аңның етін қалай пісіреміз?

--Асықпа -деді аңшы. Әзірге жерді қаза бер. Қалғанын істің барысына қарай көре берерсің.

Аңшы терісі сыпырылған аңның етін түгелдей жіліктеп, асықпай мүшеледі. Етті терінің үстіне ауната тұздап, мойын етті бөлектеп бір қойды. Енді балаға су алдырып қарынның ішін сыртына айналдырып жақсылап жуды. Дайын болған қарынға мүшеленген етті жайғастырып сала бастады. Аңның етін қарынға түгелдей сыйғызып жіберді. Өкпе, бауыр, мойын етті қарынға қоспады.

Аңшы, бала қазған ошаққа жақындап барып, "әліде отты жаға түс" деп тапсырды. Ошақтың ыстық болғаны жақсы.

Сәлден соң жалыны басылған ошақтан бықсыған шалаларын теріп алып тастады. Қып-қызыл болып жайнап жатқан сексеуілдің шоғының бетін құрғақ топырақпен жұқалап жапты. Бұл, шоқтың қарынға тікелей тимеуі үшін қажет. Енді, аузы бүріліп бекітілген қарынды тік ошаққа түсіріп жайғастырды. Нар қамыстан қиып әкеліп қарынға түтікше жасады. Оны ошақтан екі метрдей қашықтықта басын шығарып қойды. Түтіктен еттің буы шығып тұрады.

Қарын салынған ошақтың бетін топырақпен жапты. Содан бала жинаған отынды үстіне мол етіп үйіп, алау жақты.

--Бұл от кемінде төр-бес сағат жануы керек. Ал, біз асықпай қас қарая келеміз. Оған дейін етте піседі -деді аңшы.

Аңшылар айналып келгенде ымырт үйіріліп қалған еді. Аңшылық өмірдің бәрі қызық көрінетін балаң жігіттің тағаты таусылып барады. Қарт аңшы асықпай ошақтың бетін кең етіп ашты. Қарынның бетін былғамай мұқият тазалап, кішкене бәкісімен тіліп жібергенде өз буына піскен аңның жас етінің иісі бұрқ ете қалды. Былбыраған жас еттің иісіне еріксіз жұтынған қос аңшы бір-біріне риза кейіппен қарасып қойды. "Әліде үйренерім көп екен -ау" деп ойлады бала аңшы. Қарт аңшыда балаға мейірлене қарап қойды. "Аман болсаң дала кезген аңшылық өмірдің талай құпиясын ашармын саған"

Осылай, бірін-бірі іштей ұғысып, түсініскен қос аңшы асықпай кешкі астарын жеуге отырысты.

Айдар Темірбекұлы

Арман туралы эссе. Армандай білген жеңіске жетеді
Басшылық қызметке көтеріліп астамсып кеткен кісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу