«Ғайып ерен, қырық шілтен»
Әрбір тасын қозғасаң тарихтың төрінен тіл қататын оңтүстік өңірінде киелі мекендер көптеп саналады. Соның бірі «Ғайып ерен, қырық шілтен» жайлы алыпқашты әңгімені көршілес ауылда қоныстанғандықтан бала кезден еститінбіз. «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өткенде күнәсі көп пенде сол тастың ортасында қысылып қалса құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен. Екі тастың ортасымен жүргенде көзге жылан, арыстан елестейді» деуші еді.
Төле би ауданы Қазығұрт ауылдық әкімдігі аумағындағы «Мәдени мұра» тізіміне кірген «Ғайып ерен, қырық шілтенге» апаратын асфальт жол екі жақтан да төменге құлап барып, түйіскен жерінен тағы да сайға қарай жүресіз. Құдірет шіркінді қарасаңызшы, жол төменге ентелей құлдилағанымен көлігіңіздің жылдамдығы өз-өзінен еріксіз бәсеңдейді. Сол жерде жан-жақтан тәу етіп келушілерге қызмет жасап жүрген Жиентай Мырзатайұлы сөзінен ұққанымыз: бұл батырлар жырында, ертегі-қиссаларда кездесетін- «Ғайып ерен, қырық шілтен», зарыққанға, тарыққанға күш-қуат беретін- «Ғайып ерен қырық шілтен», Қобыланды, Алпамыс батырлар жырында, қисса-дастандарда жазылған- «Ғайып ерен, қырық шілтен», Адам ата мен Хауа анаға дейін табиғаттың заңын, тіршіліктің көзін көрсеткен- «Ғайып ерен, қырық шілтен». Алақандай жерде 18 мың ғаламның бүкіл құбылыс белгісі шоғырланыпты. Шынында да алақандай жерден неше түрлі бейнелердің тас мүсінін көруге болады. Адам ата мен Хауа ананың, ұшқан құс пен жүгірген аңдардың бейнесі бір Алланың құдіреттілігімен жоқтан бар болған, ғайыптан пайда болған дейді. Ғайып ерен осы тұрған күш-құдірет, ал қырық шілтен – көзге көрінбейтін қырық бір ата.
- Қырық бір атаның біріншісі, міне, босаға, - деп сөзін бастады Жиентай Мырзатайұлы бір-біріне жақын жатқан екі тасты көрсетіп. – Ұл бала үйлену, қыз бала тұрмыс құру қажет, бұл жерден босағаның берік, шаңырақта ынтымақ-берекенің болуын сұраймыз. Өлі риза болмай тірі байымас, «бисмиллиһи рахмани рахим» деп босағадан оң аяқпен аттап кіреміз. Бала-шағамыздың амандығын, келешегіміздің жарқындығын, арман-мақсатымыздың орындалуын сұрап Тәңірден медет тілейміз. Қалтада темекі, насыбай болмасын, ішімдік ішкендер болса киелі мекен жаққа аттап басуға болмайды. Алла ниетімізді қабыл етсін!
Босағадан аттағаннан кейін алдымызда тұрған қасиетті тұт ағашына тоқтадық. Бұл жерден өзіміздің, артымызда қалатын ұрпақтың ырысты, несібелі, дәулетті болуын тіледік. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де осы тұстың барлығы қырман болған екен деседі. Кәриелер әулие басында қырман болса, ұрпағымыз ырысты болады деп бекер айтпаған болса керек.
Мұндағы ең үлкен қасиетті белгілердің бірі Адам ата мен Хауа ана. Бұл жерде еркек - жел, дауыл, от, суға шыдамды, әйел затының пірі, қорғанышы. Ата ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер ананы оттан, судан қорған болған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді. Ата мен ананың ортасындағы тесіктен өте аламын дегендер ортасынан өтеді, өте алмайтындар атаның қолтығынан өтсе де болады. Айырмашылығы сол, атаның қолтығынан өтіп, атадан медет сұраймыз, ортасындағы тесіктен өтерде ананы ұстап, анадан медет сұраймыз. Атаның бас жағындағы бес саусақ дәлме-дәл келетін ізге еркектер саусақ салып, әйелдер сәлем салып «Ассалаумағалейкум ата, ақ жол тілеп келдім ата» деп, сәлемдесіп, тілек тілейді. Екі тастың басын біріктіріп ортада кішкене тас тұр. Бұл жастықтың белгісі екен. Ерлі-зайыптыны теңестіретін төсек, ерлі-зайыптыны қосатын жастық. Ұл бала ата болу, қыз бала ана болу, ерлі-зайыпты болу, бір жастықта бас қосуға үмітіміз бар деген ниетпен ата-анадан сабырлық, ынтымақ, бірлік тілейміз.
Ана үйге жаралған, ана - от басы, ошақ қасы. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын деп тілек тілейтін отбасы, ошақ қасы екен. Одан сәл әріректе нәресте белгісі бар. Нәрестелі, перзентті болу сұралады. Ана ақ сүтіңе, ұл-қызыңа, қазан-ошағыңа ие бол дейді. Осы тұста ата-анаға бас иіп, құран оқылып, екеуінің ортасынан, атаның қолтығынан өту рәсімі орындалады.
Нұх пайғамбарымыздың уақытысында бүкіл жер жүзін топан су басқаны туралы аңыз көпшілікке аян. Нұх пайғамбар Алланың бұйрығымен, кеменің себебімен, «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулиенің күшіменен Қазығұрт тауының басына қайырлағаны айтылады. Кемеге ұқсас бейнетас пайғамбар кемесінің белгісі. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген өлең жолдарында айтылғандай кеме осы таудың басына тоқтап, пайғамбарымыз кеме тоқтаған жерге қазық ұрып, «Қазығұрт» тауының атауы осылай дүниеге келген деседі. Топан судан кейінгі тіршіліктің осы тұстан басталатыны аңызға арқау болған. «Ғайып ерен, қырық шілтен» топан су астында қалса да бүлінбеген деп айтылады.
Дүкен деп аталатын тасқа зиярат етушілер өзінің кәсібіне жарап жүрген заттарын қойып, тілек тілейді екен. Дүкен - әркімнің күнделікті жеп отырған наны, күнделікті несібесі. Әркім өзінің кәсібі, мамандығы бойынша күнделікті пайдаланатын құрал-саймандарын, пайдаланып жүрген көліктің, кабинеттің кілті секілді заттарды дүкентастың үстіне қояды. Ата-баба, ата-әженің көзі ретінде қалған, солар пайдаланған заттарды, киім-кешектерді, ескіліктен келе жатқан құрал-саймандарды қойса да болады.
- Әйелдердің пірі еркек, еркек әйел затының қорғанышы. Барлығымыз да әкенің тамшы суынан жаралдық, анамыздың құрсағынан келдік. Мынау ана, жалаңаш шалқасынан жатқаны. Мына кіші дәрет, мына үлкен дәрет, нәресте келер жолдары. Бұл тесіктен 13 жасқа дейінгі ұл-қыздарымызды өткіземіз. Ана перзентін жоғары жақтағы тесіктен жібереді, әке алдынан күтіп алады. Түйеге ұқсас бейнетас - ойсыл қара. Бұл түйе күншығыстан бүкіл адамзат баласына шапағат тілеп жатыр. Ойсыл қара біздің өсіп-өнуімізге тілектес. Мұның барлығы бір Алланың құдіретімен жаратылған, - дейді Жиентай Мырзатайұлы.
Жол бастаумен жалпақ тастың жанына жақындадық. Бұл көзге көрінбейтін аталарымыздың, қырық бір бабаларымыздың дастархан белгісі екен. Дастарханның кең, берекелді, мол болуын тілеуге болады. Басын көтеріп тұрған үлкен тас темір-терсектің пірі – Ер-Дәуіт. Мініп жатқан, ұшып жатқан Ер-Дәуіт. Күн сайын көбейіп бара жатқан көлік, ұшақ апаттарынан сақтап жүруді сұрауға болады. Үшінші тұрған аша тұяқтан қорамыздың малды болуын, төрт түлігіміздің сай болуын сұраймыз. Жанына жайғасқан қатты тұяқ жылқы та адамның қанаты. Оның жанындағы арыстан бейнесі. Ит ырысымыз деп жатады ғой, бұл үйіміздің ырысы.
Зиярат соңында «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулиенің босаға алдындағы бір арнаға тоғысқан үш бұлақтан - көз суы, құлақ суы және өңеш суы ем болсын деп ішіледі. Үш бұлақтың қосындысы адамзат баласының бүкіл ішкі құрылысына ем болатын қасиеті бар дейді.
Әулие басынан оралғаннан кейін ғылыми негіздерге көз жүгірттік. «Батырлар жырында Жаратушыдан кейін ең жиі еске алынып, кейіпкерлердің жәрдем тілейтін образы – «Ғайып ерен, қырық шілтен» деген анықтама беріліпті. «Ғайып ерен, қырық шілтен» жайлы қысқаша білгеніміз осы болды. Аңыз түбі ақиқатқа тірелері белгілі. Әрине, Аллаға серік қосу күнәнің үлкені. Бірақ, әулиелі жерге зиярат ету – Аллаға серік қосу болмаса керек. Біз тілекті тастан емес, әулиені дәнекер ете отырып, Алладан сұраймыз.
Oinet.kz мұрағатынан