Алтын кілт. Ертегі
Ертеректе бір дүниеқор шал өмір сүріпті. Тіртінектеп жинаған мол байлығын сарайлар мен сандықтарда сақтайтын көрінеді. Сандық толы алтындары болса да балаларына бақыр тиын бермейді екен. Барлық қоймаларының есіктерін құлыптап, кіліттерін тізбектеп мойнына асып жүріпті.
Кәріліктің емі болған ба. Ақыры бір күні сын сағаты соғып, соңғы демін алып жатады. Өмір мен өлімнің арасында жатып қатты қиналады. Тамағынан тамшы су өтпей, бір жұтым ауаны әрең тыныстап екі дүниенің есігінде жатып алады. Күндіз-түні кірпік қақпай күзеткен балалары әкелерінің көз алдарында қиналғанына шыдай алмай данагөй қариядан ақыл сұрайды.
- Қайтсек болады? Әкеміздің жаны қиналып жатқанына аптадан асты. Бір ақылыңызды айтыңыз -деп өтінеді.
Дана қария тілден қалып, тірі әруақ болып жатқан шалға қарап отырып:
- Әкелеріңнің мына өмірде бір қимасы барға ұқсайды. Соны тауып берсеңдер қиналмай кетеді -депті.
Жиналған жұрт ойланып қалады. Ағайын туғанның барлығы жиналған, балалары қасында, туған жердің төсінде жатыр енді бұған не керек. Адам үшін бұл дүниеде не қымбат болуы мүмкін?
Жауапты шалдың ақылды келіні береді:
--Атам қойнына немерелерін емес қоймаларының кілтін алып жатушы еді. Бір қимасы сол болар, кілтін берейік -дейді.
Жиналған жұрт кілтерді алдырып алдына тастағанда қиналып жатқан шал кәрі саусақтарымен шеңгелдей қысып арғы дүниеге аттанып кете барған екен. Аруалап қоярда тастай қатқан қолдарын ешкім аша алмаған деседі.
Айтпағым, ел үміт артқан азаматтар дүниеге қызығып, оны қуып кете берсе, іргелі ел болуымыз да неғайбыл -ау. Себебі, айуандық тойымсыздық жолына түскен кісілер үшін "Ұлт, Отан" деген ұғымдар болмайды. Тек "байлық, дәулет" деген нәрселер ғана өмірлік мақсатына айналады да, сол жолда кімді де болса сатуға барады. Ата-бабамыз: "Дүние деген қолдың кірі. Мал дегенің, сырты түк, іші боқ" -деп, дүниеден жеріте айтып кеткен. Бірақ, оны елеп-ескеріп, есіне сақтайтындар тым аз болып отыр.
Айдар Темірбекұлы