Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
«Қайтпаста» қазақтың екі баласын ұрып-соғып, мылтықпен атып кеткеніне бір айдан асса да әзірбайжан жігіті әлі ұсталған жоқ
Редакцияға хабарласқан бейтаныс азамат бізге сұмдық жаңалықты жеткізгенде жоғарыдағы мәліметтің рас-өтірігін анықтауға кіріскенбіз. Алдымен отты қарудан ауыр жараланған 17 жастағы қазақ жігітінің облыстық ауруханада жатқанын білдік. Бірақ алғашқыда онымен тілдесу мүмкін болмады. Жәбірленушімен тек өткен аптада, ол ауруханадан шыққаннан кейін, Сайрам ауданы Жалын ауылындағы үйінде жолықтық.
Шыны керек, алғашқыда «Қайтпастағы» атысты бұзақы жасөспірімдер арасындағы кезекті «разборка» шығар деп топшылағанбыз. Бірақ, сырт көзге өте иманжүзді, сыпайы және сабырлы Азиз МӘЖИТті көріп, бұл ойымыздың қате екенін түсіндік. Аңшы мылтығынан атылған оқтардан бір бүйрегінен айырылып, ішек құрылысы, өкпесі, жүрегіне зақым келген жас жігітке еріксіз аяушылық білдірдік. Өткен оқиға туралы оның өзі былай деді:
-- Біз бұған дейін «Қайтпаста» тұрғанбыз. Мен осындағы №58 орта мектепте 10 сыныпқа дейін оқығанмын. Қазір педагогикалық колледждің студентімін. Демалыс кезінде ағам Әлішер және оның досы Олжас үшеуіміз еурожөндеумен айналысып жүргенбіз. 1- шілде күні жұмыстан шыққаннан кейін үшеуіміз Олжастың көлігімен «Қайтпастағы» карьерге шомылуға бардық. Аталған елді мекендегі «Әлем» дүкенінің алдынан өтіп бара жатып, Вагиф деген әзірбайжан жігітін бір топ қыздармен тұрғанын көзім шалды. Вагиф менен екі жас үлкен. Измир деген жан жолдасымның ағасы. Мен оған көліктің терезесінен айқайлап, қол бұлғадым. Ол: «Осында қал» деді. Мен «Қайтып келемін» дедім де, үйге келіп, киімдерімді ауыстырып, Олжастың көлігімен «Қайтпасқа» қайта бардым. Келсем, Вагиф жалғыз өзі отыр екен. Осы кездерде оған Алимжан деген әзірбайжан жігіті хабарласып, «Нұржанды алып кел» деген тапсырма беріпті. Нұржан менің бұрынғы сыныптасым. Екеуміз алтыншы сыныпқа дейін бірге оқығанбыз. Ол отбасымен сол «Қайтпаста» тұратын. Ал Алимжанды тек сырттай танитынмын.
«Нұржанды алып кел» деген сөздің астарын мен кейін түсіндім. Нұржан мен Алимжанның арасында бұған дейін ерегіс болған екен. Алимжан осыған байланысты Нұржанға жолығып, өзара түсініспек болғанға ұқсайды.
Содан кешкісін мен Вагиф, Нұржан және оның қасына еріп келген үш жігітпен (мен оларды танымаймын) «Әлем» дүкенінің алдында отырдық. Бір кезде Алимжан Вагифке телефон шалып, «Сіргелі» мешітінің қасына барыңдар, сол жерде жолығамыз» деді. Аталған жерге келген соң Алимжанды 2 сағаттай күттік. Сағат түнгі 12-лердің шамасы болып қалған. Күткен адамымыз келмеді. Мен жігіттерге «Түн ортасы болып қалды. Мен қайтамын» дедім. Олар: «Сәл күте тұрайық, келмесе бәріміз бірге қайтамыз» деді. Осы кезде «Қайнар» мейрамханасының жанына екі көлік келіп тоқтады. Көліктердің түр-түсін ажырата алмадым. Себебі екеуі де жарықтарын өшірген жоқ. Біреуінің ішінен Алимжан түсті. Қолында шолақ мылтығы бар. Түсті де қасымда тұрған Нұржанның жағасынан алып, сүйрелеп апарып ұра бастады. Нұржанның бұрын миы шайқалғандықтан, Алимжанның соққысынан есінен танып қалды. Мен Нұржанға ара түспек болып, жақындап қалғаным сол Алимжан қолындағы шолақ мылтығын маған кезенді. Тарс еткен дауыстан кейін не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Алғашқыда мылтық аспанға қарата атылған шығар дегенмін. Жоқ, оқ сол жақ бүйіріме тиген екен. Қан саулап қоя берді. Біз жігіттермен бірге кері шегініп, жапа-тармағай қаша жөнелдік. Бірақ біраз жүгірген соң қансырай бастадым. Қасымдағы Вагифтен көмек сұраған едім, ол маған қарайламады. Ақыры жігіттерге ілесе алмай, бір тастың үстіне барып құладым. Көп қан жоғалтсам керек, бірте-бірте есімнен ауа бастадым. Осы кезде тас жолдың бойында ары-бері заулап өтіп жатқан көліктердің жарығын көзім шалды. Біреу-міреу көмектесер деп бар күшімді жинап, солай қарай ұмтылдым.
Алғашқыда жүргізушілердің ешқайсысы тоқтаған жоқ. Біраз уақыт өткен соң әлдебір көлік кідіріп, ішінен бір кісі түсті. Кейіннен білгенім ол Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкері екен. Ол полиция мен жедел-жәрдем шақырды.
Шынымды айтсам, алған жарақатымнан өліп кетемін бе деп ойладым. Маған шұғыл дәрігерлік көмек қажет еді. Бірақ оны оқиға орнына келген полицейлер түсінген жоқ, мені бас салып тергей бастады. Бұл кезде жедел-жәрдем де келіп қалған. Содан кейін амал жоқ, сұрақ-жауаптың тез арада бітуі үшін тәртіп сақшыларына «мені көлік қағып кетті» дей салдым.
Есімді реанимацияда жинадым. Кейіннен естігенім, Алимжан сол түні Нұржанды «Қайтпастағы» христиандар моласына апарып, басына мылтықпен ұрған, ұялы телефонын тартып алып, өзін бір темірмен бастырып кетіпті. Артынан Вагифке телефон соғып, «мынаны алып кет» деген көрінеді.
Осы оқиғадан кейін мән-жайды білмек болған ағам полиция қызметкерімен бірге Вагифтің үйіне барған. Олар сөйлесіп отырғанда Вагифке Алимжан ұялы телефон арқылы хабарласыпты. Полиция қызметкерінің ымдауымен Вагиф тұтқаны көтеріп, дауыс күшейткішін қосып қояды. Ағам түрікше де, әзірбайжанша да жақсы түсінеді. Олардың арасындағы әңгімеге қарағанда Алимжан алдымен Вагифтен түнде атылған оқтың кімге тигенін сұрапты. Артынан «Сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын. Аналарға қарағанда мен саған жақынмын ғой» депті.
Азиздің анасы Несіпкүл Абдуғаппарова былай деді:
--Мен өзім «Қайтпастағы» мектепте мұғалім болып істеймін. Сондықтан жоғарыдағы оқиғаға қатысқан жігіттердің қандай екенін жақсы білемін. Ұлдарымның бұзықтығы жоқ. Үлкен екі балам Құдай жолына түскен. Намаз оқиды. Азиз де кейінгі кезде имандылық жолына бет бұрып келеді. Жұма намаздан қалмайды. Өлім аузынан қалардай ол Алимжанға не жазды? Не үшін атты? Ешқандай жазығы жоқ, төрт мүшесі сау балаға осыншама қастық істердей не көрінді? Операция кезінде ұлымның бір бүйрегін алып тастады. Ішектегі оқтарды 10-15 күннен кейін алды. Оқ сондай-ақ, жүректің сыртқы қабығын зақымдапты. Дәрігерлер өкпеде де, қол еттерінде де оқ бар деп отыр. Ұлымның ішкі құрылыстарының бірігуіне тағы бір ай уақыт керек екен,--деді көз жасына ерік берген Несіпкүл апай Азиздің білегіндегі әлі алынбаған оқ түйіршіктерін көрсетіп. –Алғашқыда Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне барғанымда «Бұл қылмыс кісі өлтіруге оқталу болып табылады. Бұған арызсыз-ақ қылмыстық іс қозғаймыз» деген болатын. Алайда біздің білуімізше, полиция қылмыстық іс қозғаған жоқ. Бәрін жауып отыр. Алимжан қашып жүрген көрінеді. Полицияға «Вагифті неге жауапқа тартпайсыздар?» десек, «Оны үш сағаттан артық ұстай алмаймыз» дейді. Сонда әділдік қайда? Қылмыс жасаған адам неге заң алдында жауапқа тартылмайды?
Анасының сөзіне Азиз де қосылды: --Мен ауруханада жатқан кезімде Нұржан келіп кетті. Ол да осыны айтып отыр. «Тірлікті жауып тастапты» деді.
Қысқаша мән-жайы осылай. Әрине, біз «Қайнар» мейрамханасының жанында болған қылмыстық оқиғаның басы-қасында болғанымыз жоқ. Жоғарыдағы әңгімелердің барлығын жәбірленуші мен оның анасының айтқан мәліметтеріне сүйене отырып жариялап отырмыз. Заң бойынша «айыпталушы қылмыскер деп сот үкімінен кейін ғана танылады». Азаматты қылмыс істеді деп айыптау журналистің құзырына кірмейтінін ескертеміз. Бұл міндет құқық қорғау органдарына жүктелген. Алайда сол құзырлы органдар өздеріне тиесілі міндетін атқарып отыр ма? Өзінің іс-әрекетімен (шектен шығушылығымен деп түсінген дұрыс шығар) кәмелетке толмаған Азиз Мәжитті отты қарумен атып, оның өміріне қауіп төндірген, денсаулығына ауыр дәрежеде зардап әкелген Алимжанның үстінен неге қылмыстық іс қозғалмайды? Біз осыған байланысты өткен жұмада Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне барғанбыз. Бірақ не бастықпен, не оның тергеу жөніндегі орынбасарымен, не тергеу бөлімінің бастығымен жолығу мүмкін болмады. Тек сол күні кешкісін бастықтың бірінші орынбасары Нұрлан Нұржігітовпен телефон арқылы тілдестік.
-- Жоқ. Ол мүмкін емес. Ешкім мұндай ауыр қылмыспен ойнамайды ғой. Орын алған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 24 және 96-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, адамды өлтіруге оқталу дерегі бойынша,--деді ол.
--Осы іс бойынша қазір қанша адам айыпталушы болып табылады?
--Бір адам. Қылмыстық іс жәбірленушіні атқан Алимжан деген жігіттің үстінен қозғалды.
--Арада бір ай уақыт өтті емес пе? Ол осы уақытқа дейін неге ұсталмай отыр?
--Егер ұстауға мүмкіндік болғанда, оны сол күні-ақ қамауға алар едік. Алдағы уақытта ұсталады.
Айыпталушы ұсталады ма, ұсталса тергеушілер бұл істі сотқа жеткізе алады ма? Бұл сұраққа дәл қазір кесімді жауап беру қиын. Өйткені, полицияның кей істерді өздерінің салғырттығынан, жауапсыздығынан тоқтамға алып, артынан жылы жауып қоя салатын жайттар аз кездеспейді. Жоқ деп ешкім айта алмас.
Осындайда қай-қайдағы жайттар еріксіз ойға оралады. «Қайтпаста» екі әзірбайжан жігіті екі қазақ баласын ұрып-соғып, мылтықпен атып, орыс моласына апарып көміп кетіпті» деген хабардың кім-кімге болсын жайсыздау тиетінін жасыруға болмас. Оны өзіңіздің де ішіңіз сезіп отырған шығар. Әрине, қылмыскердің немесе жәбірленушінің кез-келген ұлттың өкілі болуы заңды құбылыс. Құдайға шүкір, облысымызда жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір кешіп жатыр. Қылмыстық оқиғаларды бет перде етіп, ұлт арасына жік салу, жалған намысты жыртып, аттандау ойымызда жоқ. Оқырман мұны дұрыс түсінсе дейміз.
Бірақ күрт өршіп кетуі мүмкін деген жайттарға аса жауапкершілікпен қарап, оның күні бұрын алдын алу құқық қорғау органдарына сын. Алысқа бармай-ақ осыдан үш жыл бұрын Төлеби ауданы Маятас ауылында болған оқиғаны еске алайықшы. Төрт жасар бейкүнә бүлдіршінді күрді жігітінің зорлауы, бұл оқиғаны аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары мен криминалдық полиция бөлімі бастығының жауып тастап, қылмыскердің жауапкершіліктен жалтарып кетуіне жол беруі, артынан қылмыскермен қоса осы қылмысты жасыруға ұмтылған басшылық қызметтегі полицейдің қоса сотталуы...Осының бәрі ұлтараларық шиелініске алып келіп, қаншама күрді отбасын зардап шектірді. Маятас оқиғасының артында ұлт пен ұлттың арасына қасақана от қойған, қақтығысты бастап берген топтың болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Мұның алдында Алматы облысы Маловодное, Казатком ауылдарында қазақтар мен шешендер арасындағы қақтығысты да 50-60 қаралы белгісіз топ бастап берген. Жасарын жасап, тасада қалып қойған сол бүлікші топ мүшелерінің заң алдында тиісті жазасын алған-алмағанын да білмейміз. Маятастағы оқиғадан құқық қорғау органдары қаншалықты сабақ алды? Оны уақыт көрсетеді. «Қайтпастағы» сұмдық оқиғадан соң қай-жайдағының еске түсіп жатқаны бекер деймісіз?..Қалай десек те қылмыскерлер қаншалықты әділ жазаланады екен? Бұл тақырыпқа алдағы кезде қайта оралатын боламыз.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж