Лесбек АМАНОВ: «Қара бауыр қасқалдақ-Қонаев, қаңғып келген шүрегей-Колбин»
Жүрекке сөзбен жетпеген дүние әнмен жетеді. Музыканың құдыреті де осында ғой. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастар туралы елдің арасында екіұдай пікір қалыптасып, биліктің көтерілісшілерді нашақорларға, маскүнемдерге теңеп тұрған сәтте бір ғана ән халықтың рухын көтеріп, іштегі бұғып жатқан ұлттық намысты қамшылады. Ол ән «Қара бауыр қасқалдақ» еді. Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бір жылдан кейін дүниеге келген әннің тарихы туралы, әннің авторы, белгілі сазгер Лесбек Амановтың өзінен сұрағанды жөн көрген едік.
--Әннің мәтінін жазған белгілі ақын Есенғали Раушанов. «Жұлдыз» журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзіме оттай басылды.
Қара бауыр қасқалдақ
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің
Еңбегіндей былқылдап.
...Ұя қалса иесіз,
Айдын үшін сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды,--деп астарлап жеткізілген өлеңде автор қасқалдақ деп—Қонаевты, ал Колбинді қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бірден түсіндім. Өлеңді оқып отырып ән өзінен-өзі шыға келді. Бұл 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын.
Алғашқыда әнді домбырамен, баянмен өзім айтып жүрдім. Кейіннен Асқар Момынов деген жігіт жетекшілік ететін Шардара ауданында құрылған «Наз» тобы орындады. Топтың әншісі Елік деген қырғыз қызы болатын. «Қасқалдақты» ол сахнада құлпыртып, тіптен тамаша етіп айтты. Осы кездері Шымкенттегі музыка мектебінің директоры Қайрат деген жігіт (фамилиясын ұмыттыппын) әнді алғаш рет «Тамашада» орындады. 1989 жылы «Арқас» тобы Шардараға гастролдік сапармен келді. Осы сапарда «Арқастықтар» «Наз» тобының орындап жүрген «Қара бауыр қасқалдық» әнін өздерімен Алматы сахнасына ала кетті. Көп ұзамай топың әншісі Болат Құсайынов оны «Тамашада» орындады. Ән бірден халық арасына тарап кетті.
«Есенғалиды қатерден тапқырлығы құтқарды»
-«Қара бауыр қасқалдақ» әні саяси астармен жазылғаны Колбиннің де құлағынан жеткен екен. Содан ол дереу әннің сөзін жазған Есенғали Раушановтың шақыртып алады. КГБ-ның адамдары алып кетіп бара жатқан ақынның ішкі жан дүниесі, әрине әп-сәтте әлем-тапырық болған ғой.
--Мына өлеңнің астарында не жатыр?—деген бірінші хатшының сұрағына ол:
--Генадий Василевич, бұл өлең Арал теңізінің проблемасына арнап жазылған. Қасқалдақ деген құстың қаны тоқсан түрлі дертке шипа. Ал, қазақтың түсінігі бойынша шүрегей деген құс сол қасқалдақты түрткілеп көлден қуып жібереді екен,--депті.
--А-а, солай ма, жарайды онда, өте тамаша жазылған өлең екен, --депті сонда Колбин. Есенғали бір қатерден өзінің осындай тапқырылығымен құтылған көрінеді.
Бірақ қауіп бұлты мұнымен сейілген жоқ. Сол бір қиын кездерде Есенғали ақын Шардарадағы маған «Заман құбылып тұр, ертеңгі күннің не болары белгісіз» деп, телефон шалған соң, мен Қызылқұмның қойнауына кетіп, мал бағып кеткен күндерім де болды.
«Қасқалдаққа» билеуге болмайды»
-«Қара бауыр қасқалдақ» әнінің мағынасын біреу түсінді, біреу түсінген жоқ. Бірақ жаңа стилдегі ән болғандықтан ол жастар арасында кең тарап, оған той-жиындарда жаппай билеу кең етек алды. Сол бір кездері газет-журналдарда журналистер, өнер адамдары, жалпы зиялы қауым өкілдері «Бұл әнге билеуге болмайды. Халықтың рухын көтерген, нағыз патриоттық әнге билеу кешегі Желтоқсанға қатысқан жастардың төгілген қанының үстінде билеу» деген мағынадағы мақалаларын жазып жатты. Содан бері бұл ән көбіне Желтоқсан оқиғасының қарсаңында айтылып келеді.
1991 жылы Дінмұхаммед Қонаев ақсақал Түркістанға зиярат етуге келген сарапында
--«Қара бауыр қасалдақ» әнін шығарған сазгер осы осы Шымкенттікі көрінеді. Сол жігітпен кездессем,-- деген тілегін айтыпты. Димкеңе жолықтыру үшін мені Шардарадан арнайы алып барды. Қазығұрт ауданында жолықтық. Осындағы аудан басшысының үйінде отырып, әнді Димекеңе бірнеше мәрте орындап бердім. Димекеңнің көңілі толқып «Қазақтың қай қиырына барсам да мені «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен қарсы алып жүр. Өзің де қазақтың қара баласы екенсің, Рахмет саған» деп, ризашылығын білдірді.
Ал, Есенғалимен 1993 жылы Алматыда досым әрі жерлесім, ақын-ғалым Бауыржан Қарабеков жолықтырды. Оны Ұлықбек Тұңғышбаев деген азаматтың үйіне арнайы шақыртты. Есенғали кездесуде өзінің жаңадан жарыққа шыққан «Қара бауыр қасқалдақ» деген кітабын маған сыйға тартты.
«Халық әннің авторын кеш таныды»
-Алғашқыда халық әннің авторының кім екенін білген жоқ. Түрлі кештерде «Қара бауыр қасқалдақ» авторы белгісіз, халық әні ретінде айтылып жүрді.
Тоқсаныншы жылдардың басында «Арқас» тобы Өскемендегі гастрольдік сапарында өздері шырқап жүрген «Қара бауыр қасақалдақ» әнін «өзіміз шығарғанбыз» деп, жариялап жіберіпті. Сол жердегі бір топ шымкенттік азаматтар бұған реніш білдіріп, «Жоқ, бұл ән сендердікі емес, оны шығарған өзімізді шардаралық сазгер Лесбек Аманов» депті. Сол жерде «Арқастықтар» көпшіліктен кешірім сұрапты.
Осыдан кейін ән теледидардан айтылса, менің аты-жөнімді жазатын болды. Тоқсан төртінші жылдары ақын Әкім Ысқақ Шардараға арнайы іздеп барып, менен сұхбат алды. Кейіннен «Лениншіл жас» газетіне «Қара бауыр қасқалдақ әнінің авторы кім?» деген мақала суретімен бірге жарияланды.
«Психология мен филосфияны оқымай-ақ сазгер боламын»
-Домбыраны қолыма бес жасымда алдым. Әкем жарықтықтың ақындығы болатын.
Әкем Анас бір әулеттегі соғыстан аман-есен оралған жалғыз тұяқ еді. Екі ағасы майданда шейіт болған. Мен дүниеге келген Қызылқұм ауданы Әжемсеңгір деген жер қазір Шардара су қоймасының астында жатыр. Ағам дүниеге келген кезде әкем «артынан тағы серік болар бір бала келсін» деп, атын Серік деп қойыпты. Мен туған кезде «Серіктің артынан ілесіп жүрсін» деп атымды Лесбек қойыпты.
Анам Маржанкүл дүниеден ерте қайтты. Мен ол кезде бес жаста едім. Көксу кеңшарының С.Ерубаев атындағы мектебіне барып, оны 1972 жылы бітірдім. Әкемнің жолын қуып (ол кісі орман шаруашылығында жұмыс істеген) Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға құжат тапсырғанмын. Бірақ түсе алмадым. Содан Алматы құрылыс техникумына түсіп, бір жылдан кейін оны тастап кеттім. Себебі өнер қайда жүрсем де мені қол бұлғап шақырып тұрғандай болды.
Бұдан кейін Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдениет институтына түстім. Бірақ оным қателік болыпты. Мен о баста не консерваторияға, не музыкалық училищеге баруым керек еді. Ал, мәдениет институты мәдениет қызметкерлерін даярлайды екен. Бір жағы оқуға той-жиындардан да қол тимеді. Қысқасы, көп ұзамай институттан шығып қалдым. Осыдан кейін «Психология, философияны оқымай-ақ сазгер боламын» деп, қолымды бір сілтеп ауылға тартып кеттім. 1983 жылдан бастап 2002 жылға дейін сонда аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істедім,--деді Лесбек Аманов.
Лесбек Аманов қазір Шымкенттегі халық шығармашылығы орталығында істейді. Расында да психология мен философияны оқымай-ақ, жоғары оқу орнын тәмамдамай-ақ халық мойындаған сазгерлердің қатарына қосылды. Қазір 100-ден аса әні бар. Көпшілігі халық әні болып кеткен. «Оралыңның барында ойна да күл», «Бауырлар» тобының орындауындағы «Біздер де ғашық болғанбыз», Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Қыз ұзату», Мұқағалидің сөзіне жазылған «Әйелдер-ай, қандайсыңдар», «Шолпанға» («Жігер» тобының орындауындағы), «Ақторғыным» әндері бүгінде тойдың да, сахнаның да сәні.
Oinet.kz мұрағатынан