Әкіміне қарап футболын таны

Oinet.kz 07-03-2009 987

Screenshot_8.jpg

«Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші спорт түрлерінің ішіндегі Ер Төстігі футбол екеніне ешкім талас тудырмайды.  Әдетте футболдың дамуы бапкер мен ойыншыларға байланысты деп жатады. Оған дауымыз жоқ. Білікті бапкер мен мықты ойыншылар тұрғанда ел чемпионатында да, еврокубок жарыстарында да айтарлықтай жетістіктерге жетуге мүмкіндік бар. Бірақ, біздің елде бұл формула жеткіліксіз. Қазақстанда футбол клубының өркендеп, жеңістерге жетуі алдымен облыс  әкіміне байланысты. Өңірдің басшысы көңілі қалап, шындап кіріссе, қарапайым клуб әп-сәтте супер клубқа айналып  шыға келеді. Тіпті ел біріншілігін кейде әкімдердің чемпионаты деп те жатады.  Дәлел керек пе? Айтайық. 

Қостанай облысына әкім болып тағайындалған  Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың көңілін аулау үшін саксофонда ойнаумен шектелмей, жергілікті «Тобыл» клубын көтеруге белсене кірісіп кетті. Өзінің «футбол дегеніміз – саясат» деген сөзін растай түскісі келіп, Өмекең Қостанайда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барды. Облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөліп, сонау Киевтің «Арсенал» клубының бапкері Владимир Мухановты, сонымен қатар бірқатар ойыншыларды шақыртты. Нәтиже көп   күттірген жоқ. Ел чемпионатында соңғы бес жылда «Тобыл» бас жүлдеден  үміткер бірден-бір команда болып есептелсе, Еуропада да «Полония» (Польша), «Сент-Трюйден» (Бельгия) секілді клубтарды жеңу арқылы өзіне назар аударды. 

Шөкеев Астанаға әкім болып ауысқанда да «Жеңіс» клубы ел біріншілігінде жеңіс тойлап, чемпион атанды. Мына қызықты қараңыз: Шөкеевтің тұсында дүркіреп тұрған астаналық клуб Асқар Мамин келген соң сыр бере бастады. Есесіне, Елордада хоккей  үлкен қарқынмен дамыды. Себеп біреу-ақ: Мамин футболдың емес, хоккейдің жанкүйері болып шықты... 

Ел біріншілігінің суперклубтары ретінде «Қайрат», «Жеңіс», «Ертіс»  пен «Тобыл» аталып жүргенде ойда-жоқта 2005 жылы  «Ақтөбе»  клубы чемпионаттың алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұл жетістікті білетіндер Ақтөбе  облысының  әкімі Елеусін Сағындықовтың есімімен байланыстырады. Содан бері «Ақтөбе» Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, жуырда өткен ТМД елдерінің кубогында финалға дейін жетті.  Ақтөбелік жанкүйерлерінің «Елеусін Сағындықов облыс әкімі болып тұрған кезде «Ақтөбе» Қазақстандағы ең мықты клуб болып қала бермек» деп қуанып жүруі тегін емес. 

Қызылордалық «Қайсардың» былтырғы жетістігін көпшілік әлі күнге дейін айтып жүр. Бұл жетістік үшін көршілеріміз  сол кезде облысты  басқарған Мұқтар Құл-Мұхамедке әлі күнге дейін алғысын айтады. Құл-Мұхамед кеткен бойда  «Қайсардың» да мазасы қашты. Бапкер де, бірқатар мықты футболшылар да басқа клубтарға кетті. Бүгінгі «Қайсар» мен кешегі «Қайсар»  - екі түрлі команда.  

Спорт сарапшыларының пікірінше, биыл футболға деген ерекше  жанашырлығымен Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов пен Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин көзге түсті. 

Өзге облыстардағы жанкүйерлер командаларының жетістіктеріне қуанып, жетісіп жүргенде шымкенттік футбол сүйер қауымның көңілі жиі құлазитын болды. Стадионға келіп, сүйікті командасының сүреңсіз ойынын тамашалаған соң теңбіл допқа деген қызығушылық өзімен-өзі төмендей берді. Соңғы он жылда шымкенттік футболдың бағы жанбай-ақ қойды. 90-шы жылдардың басында 4-орынның өзіне намыстанатын  шымкенттіктер қазір турнирлік кестенің төменгі жағын «меншіктеп» алды. Жоғары қарай қанша сүйресе де нәтиже жоқ. Әсіресе, 2000-2001 жылдарды ешкім еске алғысы келмейді. Облыс тарихында дәл осындай құлдырау бұрын-соңды болмаған. 32 кездесуде 4 рет жеңіп, 23 рет жеңілген «Достық» клубы біріншілікті 16-орында аяқтап, жігерімізді құм қылды. Осы жылдары облысты Бердібек Сапарбаев басқарғанын елдің есіне салып қойғанымыз дұрыс болар. Сөйтіп, еліміздегі футбол орталықтарының бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан бір жылға үлкен футболдан көз жазып қалды. 

Жағдай облыс басшылығына Болат Жылқышиев келгенде біршама түзелді. Соңғы 10 жылдағы ең үлкен жетістігіміз де Болекең басқарған  2003 жылға тура келді. Жылқышиев футболды дамытуға мықтап кірісіп, бірқатар өзгеріс жасады. Нәтижесінде шымкенттік клуб чемпионатты 6-орында  аяқтап, жанкүйерлердің сенімін қайта оятты. Алайда, «Ордабасы» жүлделі орындарға таласады деген үмітіміз сол күйі орындалмады. Кезінде  «Тобыл» мен «Жеңісті» жарылқап,  қанатының астына алған  Шөкеев  «Ордабасының»  жағдайын жақсарта алмады. Сол баяғы үйреншікті 10-12 орындар. «Оңтүстік футболында төңкеріс жасаймын» деп күшеніп жүрген Әшімов қызметінен кетіп тынды. Енді оның бастамасымен пайда болған «Намыс» корпорациясының тағдыры не боларын уақыт көрсетеді. 

Биыл «Ордабасы» еурокубоктарға қатысуға мүмкіндік беретін деңгейде көрінгісі келетінін бір емес, бірнеше рет мәлімдеді. Бұл  алғашқы төрттіктен көрінеміз деген сөз. Осы  межеге жету үшін былтыр қызылордалық «Қайсар» клубымен шағын сенсация жасаған бапкер Владимир Никитенко шақырылды. Бюджеті аздау болса да, көршілеріміздің 2008 жылдың  ел біріншілігінде 4-орынға табан тіреуі Никитенконың біліктілігін дәлелдеді. Оның үстіне, «Ордабасының»  құрамы едәуір жаңарды. Былтырғы құрамнан бар болғаны 7 ойыншы қалды.  Командадан кеткен футбошылардың орнына Александр Кучма, Максим Азовский, Әлібек Бөлешев  сынды белгілі шеберлер келді. Сондай-ақ, Ресей, Белоруссия, Сербияның ойыншылары да құрамға алынды.  Бұған талантты Таңат Нөсербаевті қоссаңыз тәп-тәуір құрам болып шығады екен. Алғашқы ойында «Тобылмен» тең түскен «Ордабасы» биылғы чемпионатта шынымен-ақ жақсы нәтиже  көрсетуге ниетті екенін білдірді. 

 Десек те, көңілге кірбің ұялататын тұстар да жоқ емес. Чемпионат басталып кеткенімен, клубтың жылдық бюджеті әлі де белгісіз. Команданың өнері көбіне қаржыға байланысты екенін ескерсек, «Ордабасының» биылғы маусымдағы мақсат-міндеттері жайлы әңгіме қозғау әлі ерте. «Ауылына қарап азаматын таны» демеуші ме едік. Осыны өмір шындығына сәйкес аздап өзгертіп айтсақ бүгінде «Әкіміне қарап футболын таны» деуге тура келіп тұр. Жаңа әкім – Асқар Мырзахметовтің теңбіл допқа деген қызығушылығы қандай екені әзірше белгісіз. 

"Рейтинг" газеті

Масылдық пен батылдықтың арасы алшақтап тұр
Назарбаев: «Аллаға шүкір, қазақстандықтар еш жерде малай болған жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу