Шымкентте дәрігерлерді кінәлап 260 арыз жазылған

Oinet.kz 17-01-2009 1118

Screenshot_2.jpg

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тамара Ващенкова жақында Оңтүстік Қазақстан облысына бірнеше күндік іссапармен келіп, медициналық мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты.  Елбасы ерекше назар аударып отырған саланың қалай сауығып жатқанын көзбен көріп, көңілімен түйсінген вице-министр бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуге де уақыт тапты. Ана  мен бала өліміне айрықша тоқталды.

Былтыр бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі 30 пайызға өскен. Оның бір себебі тірі туылған баланы есепке алу тәртібінің өзгеруіне тікелей байланысты. Жаңа тәртіп бойынша өмірге келген баланың салмағы 500 граммнан асатын болса ол тірі туылған  деп есептеледі. Бұрын сәби 1 келіден асып туылғанда ғана тірі дейтін тізімге ілігетін. Әлсіз, дәлірегі шала туылған ондай нәрестелерді аман алып қалу көп жағдайда мүмкін болмайды. Облыстық  денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуарбек Маймақовтың айтуынша құрсақта жатқан балада дұрыс дамымауы байқалса,  оның әрі қарай өсуі ананың денсаулығына зиян келтіретін болса амал жоқ іштегі шарананы алып тастауға тура келеді екен. Ал ана өлімі кеміген. Алайда, облыстағы қазіргі ахуалға қаныққан денсаулық сақтау министрінің орынбасарын жүкті әйелдердің өз денсаулығына деген жауапкершілік деңгейіне көңілі толмайды екен. 

- Жүкті әйелдер дер кезінде дәрігерге барып,  есепке тіркелмейді. Сол себепті олардың денсаулығы бақылаусыз қалып қояды. Бойындағы ауруы асқанған кезде өзінің және баланың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп, оны құтқару қиынға соғады.

ВИЧ індетінің анадан балаға жұғу жағдайы да мәз емес: кему орнына көбейіп барады. «Бұған ауылы аралас, қойы қоралас қоныстанған Өзбекстан   да өз септігін тигізіп келе жатыр» деген облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың  ақпараты журналистерді елең еткізді. Өйткені, сонда барып емделетін  оңтүстікқазақстандықтар саны азаймай отыр. Шындығында Өзбекстан қатерлі дерттің ошағы екенін  халықаралық ұйымдар да айтып жүргені белгілі. 

Әрине ана мен бала өлімінің барлығына тек соларды кінәлау қисынсыз. Ващенкова ханым айтқандай өткен жылы денсаулық сақтау министрлігіне және медициналық қызмет сапасын бақылау комитетіне оңтүстіктің тұрғындарынан 260 арыз түсуі талай жайтты аңғартады. Баспасөз бетерінде де ана мен бала өлімі дәрігерлердің жауапсыздығы мен сауатсыздығы салдарынан азаймай отырғаны жиі жазылып жүр. Тұрғыны мол өңірге қажетті білікті маман даярлау мәселесі көптен бері күн тәртібінен түспей келеді.  Қазір облыста 600-дей медициналық қызметкер тапшы.  Елді мекендерде  500 отбасылық дәрігерлік амбулатория салынуы тиіс. Медициналық  мекемелер заманауи жабдықтармен 40 пайызға ғана жарақталған.

Бекжігіт Мәуленов,

«КТК» телеарнасының меншікті тілшісі 

Шымкентте орталық стадионның тағдыры ойыншық болып тұр
ОҚО-да 2007 жылы 11 айда 2283 отбасы ажырасқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу