Шойбек Орынбай: «Қазір журналист еместер өздерін журналистпіз деп есептейді»
– Шойбек аға, 65 жасқа толып жатқан мерейлі жекеменшік мерекеңізбен! 65 жас деген қандай? Төңірегіңіздегілер сізді «облыстағы ең жас жазушы» дейді. Бұл әзіл әлі өз күшінде ме?
– Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайтын шығар. Өйткені, ертең 70 те келеді, одан соң 75 те келеді, егер Құдай беріп жатса. Бұны уақыт көрсетеді. Ал, енді «облыстағы ең жас жазушы» дегенге келсек, бұл әзілді менің курстасым, танымал журналист Ертай Бекқұл шығарған. Оның ойынша, менен кейін облыста прозаға келген адам жоқ сияқты көрінеді. Бірақ, соңғы кездері бізде проза жазып жүргендер баршылық. Жалпы, әдебиет тоқтап қалмайды. Біртін-біртін дамиды. Жас таланттар сөзсіз шығады.
Ал, жас жазушылар неге аз дегенге келсек, проза – ауыр жанр. Еңбек, қажыр-қайратты талап етеді. Сондықтан да, проза жазатындар жас кезде емес, жасы қырыққа тақағанда көрініп жатады. Ал, енді поэзияға келсек, ақындар – тума таланттар. Олар қаласа жазушы болып кете алады. Мысалы, Әбіш Кекілбаевты алсақ. Ол өз шығармашылығын поэзиядан бастаған. Кейіннен жазушы болып, прозаның шыңына шықты. Ал, мен өлең жазбаппын. Негізі, ұйқас қуалап поэзияға қалам сілтесем де болатын еді. Бірақ, шын дарынды ақындар тұрғандар өлең жазып қажеті жоқ.
– Сіз өмір бойы журналист болып қызмет істедіңіз. Өз тәжірибеңізде, жазушылық пен журналистика екеуін қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Әрине, жазушылық пен журналистиканың айырмашылығы бар. Журналистика – белгілі бір саяси мәселелерге байланысты жазылады. Немесе әкімдік саясатын соғуың керек, яки оған қарсы, яғни оппозизиялық көзқараста болуың керек. Мен – бірінші бағыттағы адаммын. Мемлекет саясатын қолдаймын. Кеңес дәуірінде партияның саясатын соқтық, оны жасырмаймын. Коммунист те болдым. Ата-баба тарихын жазамын деп, ептеп қиыншылыққа тап болған кездерім де болды. Бірақ, сонда да қаламымды тастамадым. Сол қалпымда әлі жұмыс істеп келе жатырмын.
Жалпы, осы сарындағы сұрақты Махаң (Мархабат Байғұт – автор) да қойды: «қалай ойлайсың, сенің көркем шығармаларыңда журналистиканың жалған жібі жоқ па?» деп. Сонда мен былай жауап бердім: «журналистиканың жалған жібі – кейіннен шыққан термин. Ол термин – Мұхтар Әуезовке де қойылды. Өйткені, Мұқаң журналистикаға еңбек сіңірген адам. Сөйтіп жүріп ол «Абай жолын» жазып шықты. Бұл эпопеяның ерекшелігі сол, мұнда көне деген 1000 сөз – тұтас роман-эпопеяда бір-ақ рет қайталанады екен.
Менде жаңа сөздермен қатар, көне сөздерді де қатар қолданам. Көне сөздер менің тарихи шығармаларымда көптеп кездеседі. Және онша-мұнша мақалаларымда да көрініс тауып жатады. Көне сөздерді толықтай болмаса да, өз дәрежемізде білеміз деп айта аламын.
– Шоқтығы биік «Түрмеге түспейтіндер» атты кітабыңыз жайлы сөз қозғасақ. Кезінде кітап оқырман тарапынан зор сұранысқа ие болды. Осы дүние қалай жазылды? Не себеп болды?
– Бір кездері бәріміз бас-басымызға жекеменшік газеттер ашып алдық. Сонда менің «Ой керуені» деген 8 беттік газетім болды. Газет аптасына бес рет шықты. Оны толтыру оңай емес. Содан мен газетті толтыру үшін «Түрмеге түспейтіндер» романын бастап кеттім. Романға қажет деректер менде бұрыннан болды. Кейіннен де жинадым. Нәтижесінде, сасяси-криминалды детектив туды. Бұл дүниеге оқырмандар қызыққан себебі – ондағы кейіпкерлерді сырттан алған жоқпын. Көпшілігінің прототиптері бар.
Бірақ, қылмыс әр жерде жасалған. Бір-біріне қатысы жоқ болуы да мүмкін. Десе де, мен соларды тұтастыққа алып келдім. Өйткені, қоғам қылмысы – біртұтас дәрежеде жүруі тиіс деп ойладым. Шындығында да, екі жерде болған қылмыс бір-бірімен байланысты болуы мүмкін. Себебі, қылмысқа араласқан адам екінші қылмысқа да араласады. Сол кездері (1990 жылдары - автор) Парламентте отырған көптеген депутаттар, министрлер қылмысқа қатысты болды. Көріп тұрғанымыздай, криминалды құбылыс мемлекеттік дәрежеде жүрді. Олар мемлекеттік бағдарламаларды өз ыңғайларына қарай пайдаланды. Яғни, бағдарламада кеткен кемшіліктерді ұтымды пайдалана білді. Кейіннен Мемлекет басшысы бұған тосқауыл қою үшін Жолдаулар жолдап, мемлекеттік бағдарламаларды күшейтті. Сонда ғана олар жай-жай шеттей бастады. Десе де, іздерінің табы әлі де бар. Олар әлі кете қоймады. Себебі, қолдарында ақша бар, қолдарында өнеркәсіптік монополия бар, шетелде бізге қарсы ұйымдастырылған диверсиялық топтары – саясаткерлері бар. Бұлар «Түрмеге түспейтіндерде» көрініс тапты.
– Сізге қоқан-лоқы жасағандар болды ма? Себебі, оқырмандар кітаптағы кей кейіпкерлерді шырамытып жатты. Мысалы, мұнда сол кездегі облыс әкімі және биік мінбердегі шенеуніктер, сол замандағы бірді-екілі рэкеттің бейнесі көрінгендей болды.
– Болды. Роман үзінділері газет бетіне шыға бастаған кезде редакцияға біреулер «сен не істеп жатырсың?» деп телефон шалды. Мен: «Өз жұмысымды істеп жатырмын, газет шығарып жатырмын» дедім. Сонда олар: «Сен біз туралы жазып жатырсың ғой» дейді. Мен: «Бізіңіз кім? Редакцияға келіңіз. «Мені жазып жатырсың. Мен мынау едім» десеңіз, мен «Байқаусызда жазып қойыппын. Фамилияларыңызды атап, сіздерден газет бетінен кешірім сұраймын» дедім. Осы әңгімеден кейін олар зым-зия жоғалып кетті. Бар қоқан-лоқысы сол болды. Былай қарасақ, олар маған қастандық жасаған күнде де ештеңе ұтпайтын еді. Егер қастандық жасаса, қоғамда «Пәленше газетте Түгенше деген автор мынандай дүние жазды. Салдарынан оған қастандық жасалды» деген үлкен бір пікір туып кетеді. Олар сол қоғамдық пікірден қорықты.
Ал, облыс әкімдігіне келсек, олардың менде жұмысы болмады. Не шығарып, не қойып жатсың, оған мүлдем мән берген емес.
– Жекеменшік газет ашып, баспа бизнесімен де шұғылдандыңыз. Бұл пайда әкелді ме?
– Сол тұста мемлекеттік газетке жұмысқа барғым келмеді. Себебі, біраз азаматтар жекменшік газет ашып, жағдайларын қомдап жатты. Шыны керек, менде солар секілді болғым келді. Дегенмен, менен бизнесмен шықпайды екен. Бизнес – менің болмысыма тән емес екендігіне көз жеткіздім.
Әрине, газет шығарып жүргенде жағдайымыз жаман болмады. Өз-өзімізді асырап тұрдық. Бірақ, біз үлкен бизнеске бара алмай, ойлаған шыңды бағындыра алмадық. Сөйтіп, мемлекеттік газетке оралдым. Онда жаман болмадық. «Оңтүстік Қазақстанда» жүріп, біраз жобаларды іске асырдық. Бізде сот деректері бойынша жұрт қызығып оқитын арнайы беттер болды. Мен сот деректерін пайдалана отырып, белгілі бір оқиғаларды көркемдік тілмен баяндау тәсілін қолдандым. Ең соңына «осындай азамат сот шешімімен пәленше жылға сотталып кетті» деп қоятын болдық.Бұл форма оқырмандарға ұнаған болу керек, көптеген азаматтар редакцияға қоңыраулатып жатты. Біреулер бұны әдеби дүние деп қабылдап, «осыларды жинап кітапқа енгіз» деп жатты. Дегенмен, енгізбедім. Себебі, бұлар әдеби дүние емес, детективті очерктер еді.
– 1990, 2000 және қазіргі уақыттағы журналистиканың ара-жігін ажыратып бере аласыз ба? Соңғы 30 жылда журналистика қалай өзгерді?
– 1990 жылдары журналистер танымдық нәрселермен көптеп айналысты. Ақтаңдақтарымды, тасада жатқан тарихи тұлғаларды жарыққа шығара бастады. Әрине, бұның оң жақтары болды. Сонымен қатар, теріс жақтары да болды. Себебі, кей азаматтар өздерінің ата-бабаларын ақылман би, шешен, батыр етіп көрсете бастады. Мұндай үрдіс көбейіп кетті.
Ал, енді әдебиетке келсек, кейінгі жазушылар өзінің ата-бабасын жазып келе жатып, оны батыр болмаса батыр қылып, ең соңында «мен соның ұрпағымын» деп өзін көрсетеді. М.Шаханов ағаның шығармашылығы өте жақсы. Оның Отырар туралы бір поэмасы бар еді. Поэманың соңында Отырардан бір кісі қашып шығады. Сонда Мұқаң «сол кісінің ұрпағы мен едім» дейді. Мықты пафостық дүниені ең соңында өзіне алып келіп теңейді. «Отырардан қалған жалғыз ұрпақ менмін...» деп өзіне даңқ іздейді...
Кезінде біз Мұқаңның өлеңдерін жаттап өстік. «Танакөздері» қандай керемет! Десе де, ол осындай «дәрежеге жетіп», беделінен көп айрылып қалды. Ең бастысы, дара тұлғалар өз беделінен айрылмау керек. Жоқ емес, қазақта дара тұлғалар көп. М.Мақатаевтар қандай керемет тұлға болды! Мұхтар аға да Мұқағалидай даңқты бола тұра, арамызда көзі жоқ марқұмдарға тіл тигізіп өз абыройын түсіріп алды.
Ал, енді 2000 жылдардағы журналистика өз-өзін дәріптеуге арналды. Қазір журналист еместер өздерін журналистпіз деп есептейді. Не мамандығы жоқ, не жазу машығы келіспей қалғандар біреуді қорқытып-үркітіп жүреді.
Кей жерге барғанда өзімді журналистпін деп айтқым келмейді. Өйткені, олар «пәленше деген журналист келіп өйтіп-бүйтіп тиын-тебен алып кетті» деп реншітерін айтып жатады. Баспасөзге кездейсоқ келген солар қазір алға шықты. Сол себепті де, шындап келгенде, журналистиканың қадірі кетті. Қазір көпшілік журналиске қатарда жүрген тіленші ретінде қарайды. Журналистика – қорқытып-үркіту емес қой. Журналистика – шындықты айтушы.
– Кеңес Одағы тұсында жазылған детективтерде ұры-қарылар ақымақ болып суреттеледі. Ал, сіздің детективтеріңізде ұры-қарылар өте айлакер. Қанша қылмыс жасап жатса да, ым-жымын білдірмейді. Мысалы, «Түрмеге түспейтіндерде» қандықол Сұрсұлба деген кейіпкеріңіз мүлдем ұсталмай кетеді. Неліктен?
– Кеңес Одағында «милиция – қорғаның» деген ұран болды. Бірақ, сол милиция криминалды басқарып отырды. Яғни, сол заманда «Кеңес Одағы осындай» деген жалған ұран көп болды.
«Түрмеге түспейтіндерден» өзге де бөлек шығармаларымда криминалға баратындар саясат төңірегінде жүреді. Өйткені, ол – өмір шындығы. Қазір бізде қылмыскерлерді биік-биік қорғаны бар тұлғалар қорғайды ғой. Олар шабақтарын құрбандыққа шалып жіберіп, шортандары тайраңдап жүре береді. Яғни, қылмысты жасайтындар – ең соңғы тобырлар, шабақтар. Олар адам өлтіруі, көлік айдап кетеді. Ал, енді артта отырған – шортандар еш уақытта ондай әрекетке бармайды. Былай қарасаңыз, қолы тап-таза секілді. Бірақ, шабақтар пәленбай қылмысты «қолы тап-таза» кісінің айтуымен істейді. Бір қызығы, қылмыс жасап жүрген адам ең негізі тапсырыс берушіні білмейді. Ал, тапсырыс беруші қолы былғанған қылмыскерді білмейді. Ортада үлкен байланыстар бар.
Қылмыс жоғарыдан басталады. Ол белгілі бір елді, төңіректі басқарып отырған адам болуы мүмкін: аудан әкімі, полиция бастығы. Бірақ, ол көрінбейді. Ізді жойып отырады.
Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай