Танымал кәсіпкер өзінің ең алғашқы табысын қанша жасында тапқанын айтты

Oinet.kz 24-02-2019 1413

1529735126797508.jpg

— Қайрат Құдайбергенұлы, «Q4 Bussines School» аясында еліміздің барлық аймақтарын қамтитын «{Ж}етістік» жобасын жүзеге асыру Шымкенттен басталып отыр. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты қандай? Басқа бизнес — мектептерден ерекшелігі неде?

— «{Ж}етістік» жобасының (Етістік-жетістік) екі негізгі мақсаты бар. Біріншісі, Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге тағзым» бағдарламасын  қолға алу қажеттігі жөнінде айтқан болатын. Осы бағдарлама негізіндегі жұмысымызды  Шымкенттен бастап отырмыз. Бүгін Шубарсу ауылдық округіне барып қайттық. Шубарсу ауылының жас кәсіпкерлерімен кездесіп, сұхбаттасу барысында «ауылда бизнесті қалай   бастауға болады?» деген мәселені көтердік. Аталмыш ауылдағы кәсіпкерлердің арасынан бесеуін іріктеп алдық. Енді  бір ай көлемінде  олармен жұмыс істеп, оның нақты нәтижелерімен таныстыратын боламыз. Екінші мақсатымыз республика аумағында  тегін мастер — класстар  өткізу. Дәлірек айтсақ, қарапайым халықтың бизнес сауатын жоғарлату көзделіп отыр. Олар бізбен кездесіп, кеңес алып, жігерленіп алдағы уақытта өз бизнесін ашсын деген ниетпен жасалып жатқан дүние. Менің ойымша кез-келген адам кәсіпкер бола алады. Тек үздіксіз дамып отыру қажет. Білімін, кәсібін, басқа да дағдыларын жетілдіруі керек. Ең бастысы білімің және бизнеске деген талабы болса жетістікке жететіні сөзсіз. Себебі бизнес бұл- табыс формуласы емес, бизнес — бұл алгоритм . Істің алгоритмі болатынын білеміз. Бір сатыда бір істі аяқтайсыз, екінші сатыда тағы да бір істі соңына жеткізесіз.  Яғни нәтижеге әкелетін әрекетті істейсіз. Айтқым келетіні қазаққа тән жалқаулықты қойып еңбек  ету керек.

Ал бизнес мектептің ерекшелігіне тоқталатын болсақ. Ең негізгі ерекшелігі — қазақ тілді контентте сапалы білім беретін оқу ордасы дер едім. Себебі қазір қазақ тілде оқытатын сапалы бизнес мектептердің жоқ екені ешкімге де жасырын емес. Сол олқылықты жою мақсатында ерекше жүйені алып келдік. Біз нәтижеге жұмыс істейміз. Біріншіден, бұл үздіксіз тәжірибе. Екіншіден,  студенттеріміз үшін  бизнес туралы жазылған дүниежүзілік бестселлерлерді қазақ тіліне аударып ұсынамыз. Сондай-ақ әлемде бизнеске қатысты  қандай трендтер, франшизалар  турасында ақпарат береміз. Яғни әлемдік деңгейдегі бизнес компаниялардың жұмысын қалай бастағанын, тәжірибесін, жетістігін баяндап береміз. Қалай брэнд қалыптастыруға болатыны жайында түсіндіреміз. Ал егер білім алушының жеке кәсібі болса, онда оны әрі қарай дамыту үшін идея мен инвесторларды табуға ықпал жасаймыз. Біздің мақсатымыз — қарапайым халықтың бизнеске деген сауатын көтеріп, әлеуметтік жағдайы жақсы қоғамды қалыптастыру.

— Жуырда өткен  сайлауда жеңіске жетіп, Алматы қаласы мәслихатының депутаты атандыңыз. Осы орайда депутат ретіндегі пікіріңізді білсек, Bussines Lunch-тар, түрлі бизнес мектептер, мастер — класстар тек жеке материалдық қажеттілік үшін өткізілетін іс-шара деп ойламайсыз ба? Форумда айтылған ақпараттарды интернеттен де алуға болады емес пе? Ал бизнесте өз қателіктерінен сабақ  алып, ілгері қарай жүру арқылы да жетістікке жетуге болатыны белгілі.

— Сөзіңіздің жаны бар. Алайда басқа да бизнес мектептерге сын айтуға менің хақым жоқ. Бизнес мектептерге деген көзқарасым  оң.  Q4 Bussines School-дың негізін қалаушы жігіттер маған жолығып, әріптес болуды ұсынған-ды. Сөйтіп қазақ тілінде алғашқы сапалы білім ордасын құруды жоспарладық. Бүгінде ол жоспарымыз іске асты. Иә, әрине қазір қоғамда халықты алдап ақша істейтін түрлі компанияларды да кездестіруге болады. Дегенмен де кәсіпкерлікте жетістікке жеткен тұлғалардың тәжірибесін пайдаланудың зияны жоқ. Тиісінше ол қателіктің алдын алуға ықпал етеді. Тура жол көрсетіп, бизнесіңізге инвестор тауып беріп жатса оның несі жаман? Қазір кез-келген іс білімді қажет етеді. Бұл заман талабы. Бизнес мектептер бізге енді жетіп жатса, көптеген дамыған елдерде ол тәжірибе бұрыннан бері жұмыс істеуде.  Сонымен қатар бизнес форумда сіз өзіңіз сияқты әлеуеті мықты адамдармен танысуға мүмкіндігіңіз болады. Алдағы уақытта бизнес серіктес немесе жәй ғана жақын дос табуға тамаша мүмкіндік береді. Ең бастысы бұл форумдар мотивация береді. Сіздің көкейіңізде неге басқалар бизнес бастап жетістікке жетті деген ой туындайды. Сол кәсіпкер сияқты жетістікке жете аласың деген рухты көтеретін қуат пайда болады. Жалпы тәжірибе алмасудың зияны жоқ деп ойламын. Әрине мен оны тек біздің мектепке қарап айтып жатырмын. Өзіңіз айтқандай жөн-жосықсыз жұмыс істейтін адамдар қоғамда әрқашан болған да, бола береді де.

— АҚШ президенті Дональд Трамп кәсіпкерлерді қолдау мақсатында  салықты едәуір төмендетіп өзіндік бір қолдау көрсетті. Бүгінде бұл реформа көптеген кәсіпкерлердің  өмірін жеңілдеткені  белгілі. Әрине бұл өзге елдің жетістігі. Десе де, біздің елде кәсіпкерлердің жоланды кездесетін қиындықтар аз емес. Кәсіпкер,  депутат ретінде айтар қандай да бір ұсынысыңыз, жаңалығыңыз бар ма?

— Ең негізгісі менің ойымша,  бизнесмендерге бөгет жасамау керек. Олардың  ісіне араласуды доғару қажет. Кәсіпкерлікті қайта-қайта қадағалап, тексерудің қажеті жоқ.  Мемлекеттік құзырлы органдардың бақылауын төмендету керек сияқты. Тағы бір мәселе ол – банктегі бизнесмендерге берілетін кредиттердің пайызы өте жоғары. Әрине ол кәсіпкерлерге тиімсіз. Қарап тұрсаңыз  қазіргі банктерде берілетін несие 21 пайыздан басталады. Кәсіпкер 21 пайызбен кредит алып жұмыс істесе, үлкен тәуекелге барады.  Мемлекеттік қаржы институттарынан пайызы төмен несие беріліп немесе қаржылай қолдау көрсетілсе ол ең үлкен қолдау болар еді.  Сонымен қатар ақшаның өтімділігін қадағалау қажет. Яғни курсты бір қалыпта ұстау кәсіпкерлерге жобаларының болашағын жоспарлауға  мүмкіндік береді. Егер кәсіпкер бизнесінің болашағына сенімді болса, еліміздің экономикасын көтеру  мақсатында түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыратын еді.  Кәсіпкерлерге жоғарыда мен айтып өткендей жағдайлар жасалса,  елімізде халықтың әлеуметтік  жағдайы жақсарып, ол өз кезегінде экономиканың дамуына сеп болар еді.

— Қайрат Құдайбергенұлы, сізді жиі қайырымдылықпен айналысатын мейірімді жандардың бірі ретінде де жұрт біледі. Қазақ халқының кез-келген қасіретіне бей-жай қарамайтыныңызды істеріңізбен дәлелдегенсіз.  Қазір өзіңізді қоғамда толғандыратын  не нәрсе?

— Қоғамдағы өзекті мәселе – ол  ұлттық құндылықтарымызды, идеологиямызды жоғалтып алған сияқтымыз. Осы мәселені зерттеп-зерделеп, қолға алу қажет. Қазақы салт-дәстүрімізді бір сәтке де ұмытпай, кейінгі ұрпаққа, жастарға насихаттау маңызды. Қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлерін «трендке» айналдыру керек.  Өкінішке қарай, қазір қазақтың қыздары Еуропа, Америкаға еліктеп бөкселерін,  ұятты жерлерін еш ұялмастан ашып жүр. Адамгершілік, кішіпейілдік, ар-ұят сынды құндылықтар ұмыт болып бара жатыр. Инстаграмда Айжан Байзақова деген қыз пайда болған, сол секілділер «хайпқа» айналған.  Яғни Байзақова сынды қыздар қазақ қоғамын уландыруда. Қыздарға ішімдік ішу, темекі тарту, ашық-шашық киінуді қалыпты етіп көрсетуде. Бұл өз кезегінде соңымыздан еріп келе жатқан қарындастарымыздың тәрбиесіз болуына әкеледі. Тағы бір мәселе — еркектердің көптеп тоқал алуы, отбасыларын тастап кетуі. Бала тәрбиесі, күтімі жалпы отбасының әлеуметтік жағдайына қатысты барлық ауыртпалықты әйелге артып, өздері кетіп қалып жатыр. Біздің ата-бабамыз қашанда әйел қауымын сыйлаған, құрметтеген. Оларды ренжітпеуге тырысқан. Әйелді шаңырақтың отын түтетіп отырған иманды, инабатты жан ретінде бағалап, қадірлеген. Бөріктінің намысы бір, дегенмен қазіргі уақытта намысшыл, ұлтжанды, парасатты, жалпақ тілмен айтқанда мықты еркектердің саны аз. Қоғамда әлсіз еркектер материалдық тұрғыдан болсын, моральдық жағынан болсын мықты әйелдерді тауып алып жатқан жаман үрдісті де байқауға болады.  Адамдар тек қана байлыққа емес, отбасы құндылықтарына назар аударып, келешек ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән берсе қоғам азбас еді.

— Кәсіпкер ретіндегі ең алғашқы қадамдарыңызды қазір ерекше бір сағынышпен есіңізге аларсыз… Алғашқы жұмысыңыз, қадамыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

— 11 жасымда базарда сауда — саттықпен айналыстым. Сол менің ең алғашқы кәсібім болды. Әкем тауарға кететін, ал анам суық күндері жылыну үшін үйге барып келетін. Осы сәттерде өзім тұрып, сауда-саттықпен айналыстым.  Ал 13 жасымда ауылымдағы базар иесінің келісімімен бір орынды алып, «Барахолкадан» әкелген ойыншықтарды саттым.  Одан кейін  даяшы да, жүк тасушы да болып жұмыс істедім.  Қазіргі дәрежеге жету үшін көп еңбектендім, іздендім. Адам еш уақытта мен жоғары дәрежедемін деп айтпауы керек.  Алға қоятын мақсаты, арманы таусылмауы тиіс. Өзіңді басқалардан ақылды, жоғары санаған күні сен құлдырауға кетесің. Үнемі білім іздеп, жұмысымды жетілдіремін, халқыма әрдайым адал қызмет істейтін боламын деген ұстаным болғаны жөн.

Сұхбаттасқан Дана Сулейменова

«Рейтинг» газеті, 5 сәуір, 2018 жыл

Есен Елеукен: «Анаңның жанында тура бір балалық шағыңа оралғандай күй кешесің»
Шойбек Орынбай: «Қазір журналист еместер өздерін журналистпіз деп есептейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу