Белсенді кәсіпкерлер - қаланы түлетуде
Түркістан – қайнаған тіршіліктің, сауда-саттықтың қаласы. Соңғы жылдары шаһарда тауар өндіру бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Жаңа зауыттар, кәсіпорындар ашылып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 22 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 1759-ы – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар болса, қалған 19 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлер болып табылады. Айта кетерлігі, қала аумағында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 380-ге жуық шаруа қожалығы бар. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамыту – Мемлекет басшысының қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне барынша қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мамандар кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін көптеген қолдау түрлерін жан-жақты түсіндіруде. Мәселен, соның бір бағыты Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің қолға алынған «Кедергісіз кәсіпкерлік» деген жобасы. Оның мақсаты – Түркістан қаласындағы кәсіпкерлердің жаңа жобаларына қолдау көрсету. Жаңадан кәсіп ашуға ниет білдірген азаматтарды саласына, бағытына қарай топтастырып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу. Сала мамандары кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін азаматтарды қаланың индустриалдық аймағында, арнайы экономикалық аймағында кәсібін өрге домалап тұрған цехтар мен зауыттарды аралатады. Тәжірибелі кәсіпкерлер кеңесін беріп, жұмысты жолға қою бойынша консультация береді. Қызметкерлер тарапынан жаңа кәсіпті ашу үшін қандай құжаттар жинау керектігі, қай мекемеге бару қажеттігі тәптіштеп түсіндіріледі. Тағы бір бағыт - жұмыс істеп тұрған кәсібін одан әрі ұлғайтуға ниет білдірген кәсіпкерлерге көмек көрсету. Бизнес қауымдастықты несиелендіру, мемлекеттік гранттар алуға қатыстыру бойынша да сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда.
«Инвестиция тарту – ең өзекті бағыттардың бірі. Түркістан қаласына инвестиция құюға ниет білдірген шетелдік инвесторларға консультациялық көмек беру, ақпараттық сүйемелдеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Инвесторларға әкімшілік кедергілерді болдырмауға көп көңіл бөліп отырмыз. Биыл Түркістан қаласына 390 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. 8 айдағы көрсеткішіміз жоспар толығымен орындалып, 178 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген болса, нақты көрсеткіш 189 миллиард теңгені құрап отыр. 9 айдағы жоспар 246 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту. Соңғы айдың нақты статистикалық дерегі шықпағанымен, біз бұл межені де артығымен орындап отырғанымызды сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда Түркістан – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ, туристік әлеуетке ие. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сол себепті Қытай инвесторларының қызығушылығы үлкен болып отыр. Ежелден арасын Ұлы Жібек жолы байланыстырған киелі Түркістан қаласы мен Қытай елінің өңірлері іскерлік әріптестік қатынасты қайта жандандыруды көздеп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің делегациясы Қытайға екі рет барып, өндіріс орындарын аралады. Екіжақты жаңа іскерлік байланыстар орнатылуда. Өзім Қытайдың Хэнан провинциясында болғанымда құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыт басшыларына және тағы басқа ірі кәсіпкерлеріне іскерлік байланыс шарттарын таныстырып, Түркістан қаласына инвестиция құю тиімділігіне тоқталдым. Сәндеуге және әрлеуге арналған құрылыс сұйығын жасайтын зауыт басшылығымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Қытай елінен инвесторлар мен кәсіпкерлер Түркістанға келіп, бірқатары қазіргі таңда жаңа жобалар бойынша құжаттарды рәсімдеу ісімен шұғылдануда. Инвесторлардың қатысуымен қолға алынып жатқан жобалар көп. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының шақыруымен келген «Lihua» корпорациясы мақта талшығын өңдеп, дайын өнім шығаруды көздеп отыр. Инвестор Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастады. Инвесторға зауыт ашу үшін дайын инфрақұрылым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынылады. Алдағы уақытта шетелге мақта шикізатын емес, дайын өнімді сатуға қол жеткіземіз деген жоспар бар. «Lihua» корпорациясында алдағы уақытта 1800-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл үлкен жоба. Түркістан облысындағы мақтаның басым көпшілігі осында жеткізіліп, өңделіп, дайын өнім ретінде экспортталады деп көзделуде. «Lihua» компаниясы мақта кластері бойынша Қытайдағы көшбасшылардың бірі. Мақта өсіру, өңдеу, жіп және мата, киім шығаруға дейінгі жобаларды жүзеге асырады. Жалпы активі 3 млрд. АҚШ долларынан асады, иелігінде 115 зауыты бар. Компания өкілдерінің айтуынша, Қытай нарығына 8,5 млн. тонна мақта керек. Оның 3,5 млн. тоннасын шетелден алынады. Осы тұрғыдан Түркістанда іске асатын жоба аясында мақта өңдеу зауытын ашу, сонымен қатар амшылатып суғару технологиясын енгізіп, жоғары сұрыпты мақта өсіру де көзделіп отыр. Жалпы, Қытайдан келген инвесторлардың көбісі біздің кәсіпкерлермен бірлесе отырып жобаларды жүзеге асыруға ниетті екен. Яғни, бірлескен кәсіпорындардың қатары көбейе түспек. Біздің де кәсіпкерлердің көршілес елдің жаңа технологияларын мейлінше терең меңгеріп, алдағы уақытта өндірісті дамытуға деген қызығушылығы артып келеді.
Түркістанда бұдан да басқа бірқатар ірі жоба іске асырылуда. Айталық сэндвич панель шығару, пакет пен орауыш қаптарды шығару кәсіпорындары алдағы уақытта жұмысын бастамақ. Қала аумағында газ қондырғыларын, тоңазытқыштар, тұрмыстық техниканың түр-түрін шығару жөніндегі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Нарықта сұранысқа ие тауарларды шығаратын жобалардың болашағы жарқын екеніне сенім зор. Жалпы, Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймағында алдағы уақытта жалпы құны 105 миллиард теңгеге бағаланатын 18 жоба жүзеге асады деп күтілуде. Оның басым көпшілігі қазақстандық инвесторлардың кәсіпкерлердің жобалары. Инвестордың қаламызға келуі – жаңа жұмыс орындарының ашылуын, жергілікті салық түсімдерінің көбеюін білдіреді. Сондықтан инвесторларды тарту жұмысына әрдайым айрықша көңіл бөлінетін болады»,- дейді Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов.
Түркістан соңғы жылдары алып құрылыс алаңына айналды. Мұхтар Ақжігітұлы осы құрылыс жұмыстарының барысында өзімізде өндірілген құрылыс материалдарын көбірек қолдануға қатысты нақты әрекеттер бар екенін айтады.
«Әрине, бұл мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістанда өндірілетін құрылыс материалдарын құрылыс жұмыстарын жүргізі жатқан мердігерлердің көбірек көлемде пайдалануын қамтамасыз ету назарымызда. Біздің индустриалдық аймақта өндіріліп жатқан құрылыс материалдарының ассортименті жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Айталық темір-бетон бұйымдары, есік, терезелер шығарылады. Олар қаламыздағы құрылыс жұмыстарында пайдаланылуда. Түркістандық кәсіпкерлердің белсенділігін атап өткім келеді. Қазір қалада күйдірілген шыны өндіруді, автокөлік майларын шығаратын зауыт салуды, еден қаптамалары – паркет шығаруды жоспарлап отырған кәсіпкерлер бар. Жаңадан қолға алынып жатқан жоба - тұрғын үйлерге автономдық газ қондырғыларын орнату. Қазір жаңа кәсіпорынның құрылысына қатысты құжаттарды рәсімдеу кезеңі өтуде. Келесі жылы осы жобалар іске асса жергілікті нарыққа жаңа өнім түрлері ұсынылатын болады»,- дейді ол.
Түркістан – кәсіпкерлік пен туризм саласы қатар дамыған қала. Туристермен қатар инвесторлардың да көне шаһарға деген қызығушылығы алабөтен. Бұған дейін көптеген сәтті бизнес бастамалар іске асырылған қала аумағында алдағы уақытта көптеген инвестициялық жобалар қолға алынып отыр.