Шетелдік компаниялар көбеюде

Oinet.kz 15-10-2024 98

image.png

 Еліміздегі статистикалық сандарды сөйлететін болсақ әрбір үшінші немесе төртінші компанияның шетелдік немесе Қазақстанмен бірлесе жұмыс жасап жатқанын байқауға болады. Бұл дегеніміз отанымыздың сыртқы елдермен байланысы нығайып, елімізде шетелдік компаниялар үшін ыңғайлы бизнестік орта  қалыптасқанын білдіреді. Ғасырлар бұрын Түркістан өлкесі Ұлы Жібек жолы бойындағы басты сауда-саттықтың, айырас пен қолөнершілердің ордасы болса, түрленген қазіргі Түркістан да сыртқы елдермен сауда-саттық, экономикалық байланысы күшейген инвестициялық орталыққа айналып келеді. Облыс орталығында зауыт, фабрика ашып, өнім өнімдіруге құштар шетелдік инвесторлардың қатары күн санап артуда. 

  Түркістан қаласындағы шетелдік компаниялардың экономиканы дамытудағы үлесі қандай, шетелдік инвесторлар үшін қандай жағдайлар қарастырылған және оларға қойылатын басты талаптар қандай, бүгінде шаһарда қандай шетелдік кәсіпорындар жұмыс істеуде және болашақта қала тағы кімдермен серіктес болады? Осы сұрақтардың жауабын бірге талқылап көрелік. 

 Түркістан қаласында қазіргі таңда ірі 4  шетелдік компания жұмыс істеуде. Олар: көршіміз Өзбекстандағы  «Qojakent Textile» ЖШС компаниясының бастамасымен ашылған «Turkіstan Textile» Біріккен Кәсіпорын» тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы, бауырлас ел Түркиялық «ГокТурк» атты  зауыты, Қазақстан мен Қытай бірлесе ашқан  шұлық өндіретін фабрика және ала шапан ағайындар ашқан «Тұран Мебель» жиһаз зауыты. 

  Одан бөлек қасиетті шаһарда тыңнан түрен салып, жаңа зауыт ашуға   ниет білдіріп жатқан шетелдік кәсіпкерлер көп. Бүгінде олардың біразымен келісім жасалған көрінеді. «Өткен жылы Түркістан қаласында халықаралық үлкен көрме өткен болатын. Сол шарада біздер Қытайлық 4 компаниямен келісімшартқа отырдық. Келісілген жобалардың бірі  ауылшаруашылығы саласындағы техникалардың қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт, екіншісі электросамокат, электроскутер шығаратын компания, үшіншісі текстиль бағытындағы зауыт болса,  төртіншісі «Turan» арнайы экономикалық аймаққа тартылатын электромобильдердің қуаттау құрылғысын шығаратын кәсіпорын. Қалада жүзеге асуы мүмкін тағы бір жоба аспан асты елімен байланысты. Қытайлық Ян Джи есімді инвестормен  келісімшарт жасалуда. Жоба бойынша «Turkіstan» индустриалды аймағында 100 гектар аумаққа «Қазақстан-Қытай» индустриалды аймағы құрылады. Ол жерде жоғарыда атап өткен кәсіпкер өзара қытайлық компаниялармен кластер ашатын болады»,- дейді «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры Қанат Ұзақбайұлы. 

 Бас директордың айтуынша  индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған  жергілікті және шетелдік жобаларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. «Кәсіпкерлерге жеңілдіктер  әртүрлі министрліктің тарапынан көрсетілуде. Мысалы ҚР Сырқты істер министрлігіндегі Инвестиция комитетінде  «Инвест проект» деген бағдарлама бар. Ол бағдарлама бойынша егер жобаның құны 2 миллион АЕК-тен асса (7 миллиард теңге) мемлекет тарапынан 10 жылға екі түрлі салықтан босатылады. Одан бөлек экспорттау саласында бізде де жеңілдіктер бар. Сауда және интеграция министрілгі тарапынан сыртқы нарыққа шығаратын тауарларға жеңілдіктер және қолдаулар бар. Сонымен қатар егер компаниялар өз қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату мақсатында шетелге оқуға жіберетін болса және шетелден мамандарды алтыратын болса мемлекет тарапынан субсидияландырылады. Яғни кеткен шығынның 70 пайызына дейін мемлекет өз тарапынан төлеп береді. Бұл керемет жеңілдік туралы көп кәсіпкерлер   біле бермейді. Сондықтан  бизнес өкілдеріне кадр сапасын мемлекеттік көмек арқылы жоғарылатып, мүмкіндікті пайдаланыңыздар дегім келеді»,- дейді Қанат Ұзақбайұлы. 

 Жалпы қалада шетелдік компаниялардың жұмыс істеп, қолдау көрсетудегі негізгі мақсат -  бәсекелестікті арттыру және жергілікті халықты жұмыспен қамту болып табылады. Сондықтан шетелдік кәсіпорындарға қойылатын басты талаптардың бірі  өндіріс орнында  кемінде 60 пайыз жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Индустриалды аймақтың қатысушысы атану үшін базалық құжаттармен қатар бизнес жоспар және эскиздік құжат қажет. Эскиздік құжат мәселен компания индустриалды аймақтан 1 гектар жер сұрайтын болса сол аумақты қалай толтырмақ, қандай құрылыс, нысандар түсетінін анықтау үшін қажет. Эскиздік құжатты комиссия міндетті түрде қарап шығатын болады.  Аталған құжаттарды әзірлеуге индустриалды аймақтың  мамандары көмек береді.

  Осылайша Түркістан жерінде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындар жергілікті халықтың қолына күрек тауып бере отырып, жұмыссыздықтың азаюына ат салысса, екіншіден, бәсекелестікті арттырып, қала экономикасының дамуына септігін тигізіп отыр. Осындай компанияның бірі – «ГокТурк» кәсіпорны қаланың экономикасына ғана емес құрылысына да ат салысып отыр. 

  «Зауыттың ашылғанына үш жыл болды.  Құрылысқа қажетті материалдарды өндіреміз. Мұнда қазір тұрақты 19 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы бір қондырғы әкелу жоспарымызда бар. Ол жабдықты орнататын болсақ тағы 15 жергілікті азаматты жұмыспен қамтитын боламыз. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көп болды. Біріншіден, индустриалды аймақтан жер телімін берді, электр энергиясы, су, газ секілді инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп берді. Олардың тарифтері бізге өте қолайлы, қолжетімді. Осы орайда  Түркістан қаласының әкімдігі мен индустриалды аймақтың мамандарына айтар алғысым шексіз»,- дейді кәсіпорын директоры Южал Туран. 

 Өндіріс орны   шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасаумен айналысады.  Жобаның  құны 250 миллион  теңге.  1 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3 миллион дана құрылыс блогы, 250 мың м2 брусчатка өндіруге қауқарлы. Құрылыс материалдарының  сапасы өте жоғары. Себебі кәсіпорын оны жасаудың өзіндік технологиясын қолданады. Айталық  аула қоршауға және үй құрылысына қажетті шлакаблоктарды өндуруде суды көп қоспайды. Соның есебінен оның беріктігі нығаяды. Шлакаблоктың мұнда екі түрлі түсі шығарылады. Сұр және қызыл. Ал шлакаблокпен өрілген қоршалулардың төбесіне жабылатын шатарыларын жасауда керісінше су көбірек қолданылады. Нәтижесінде өнім  жауы-шашын, суыққа төзімді болады.  Зауыт  автоматты құрылғылармен жабдықталған. Мұндағы жұмыстардың 50 пайызын адамдар жасаса, 50 пайызын аппараттар жасайды. 

 «Егер осы салада кәсіп бастаймын дейтін жастар,  қала тұрғындары болатын болса бізге  келсін. Қолымнан келгенше көмек беремін. Кәсіпті қалай, неден бастау керек, өнім шығарудың қыр-сырын, барлығын үйретуге дайынмын. Сондай-ақ өнімнің сапасына көз жеткізгісі келетіндер болса ойланбай өндріс орнына келіп, материалдардың қалай жасалатынын көзімен көріп кетулеріне де қарсы емеспіз»,- дейді зауыт басшысы.  

  Бүгінде өндіріс ошағында өнімдер саны уақыт өткен сайын көбеюде. Сондықтан болар халық көңілінен шыққан өнімдер қазіргі таңда көршілес елдерге де экспортталуда. Негізі кәсіпорын күніне 4 мың дана шлакаблок және 300 шаршы метр болатын брусчатка шығаруға әлеуеті жетеді. 

 Сала мамандарының айтуынша  Түркістан қаласында бүгінде құрылыс саласында 25 шақты кәсіпорын бар. Олардың басым көпшілігі «Turkіstan» индустриалды аймағында орналасқан. Сондай-ақ қаланың ішінде құрылыс материалдарын өндіретін ірі 3-4 кәсіпорын бар. Түркістан қаласындағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың жалпы өнімділікте үлесі едәуір жоғары деп айтуға болады. Мысалы 2022 жылы құрылыс саласындағы кәсіпорындар 6 миллиард өнім өндірген. Өткен жылы да сол шамада өнім шығарған. Бұл дегеніміз отандық өнімдерге сұраныс та, өсім бар деген сөз. 

  «Облыс орталығынан өз кәсібін ашқысы келетін, қызығушылық танытып отырған  кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатары артып келеді. Қаладағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар 1600-дан аса   тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн.  Біз кәсіпкерлерге, инвесторларға бірінші кезекте индустриалды аймақтан жер береміз. Ол жерде толық дайын инфрақұрылым жүйелері қамтылған. Оның өзі кәсіпкерлерге  үлкен жеңілдік. Сондай-ақ жеңілдетілген несие ұсынылады. «Даму» қоры немесе «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы алуға болады. 3 пайыздан 6 пайыз аралықта. «Атамекен»  кәсіпкерлік палатасы да кәсіп иелеріне бірқатар жеңілдіктер ұсынады. Құрылыс материалын өндіруге қажетті шикізаттың барлығы өзіміздің жерімізде табылады. Кәсіпкерлеріміз жаңа технологияны игеріп сапалы өнім шығарса деген ұсынысым бар. Санға емес сапаға мән берген жерде сұраныс та болалы.  Қаламыздағы индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындардың барлығы  сапалы өнім өндіріп отырғанын үлкен сеніммен  айта аламын»,- дейді Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің сектор басшысы Руслан Жұмашбеков. 

Бөлім басшысының айтуынша ғұмыры ұзаққа бармай жабылып қалатын кәсіпорындар да бар, олардың жабылуына бірнеше жағдай әсер етеді дейді. «Біріншіден, кәсіпкерде нақты бизнес жоспарының болмауы. Кезең-кезеңге бөлінген жоспар  болмаса істің мәні қашады. Екіншіден, зауыт-фабрикалардың кейде айналым қаражаты жетпей жатады. Ал қаражаттың жетіспеуі ол сапасыз өнім өндіріп отыр деген сөз. Сапасыз өнімге сұраныс төмендейді, сатылым болмайды. Үшіншіден, кәсіпорында мамандар, қызметкерлер тұрақтамаса айлық, жылдық жоспар толығымен орындалмайды. Бұл де кәсіпорынның қаржысына әсер етеді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің көбісі бизнесті үйінен, ауласына аша салады. Бұл үлкен шығын. Әсіресе, коммуналдық шығындар көп болады. Оның үстіне қаланың ішінде, бір түпкірде орналасқан өндіріс орнын көп адам біле бермейді, барғысы да келмейді. Ал индустриалды аймақты жұрттың бәрі біледі. Керегінің барлығын сол жерден таба алады. Сондықтан орналасқан мекен-жай мен өндіріс орнының жайлы болғаны да аса маңызды. Сол себепті менің айтарым  бизнес жоспарыңыз болса алдымен бізге, мамандарға жүгініңіздер. Біз әрі қарай бағыт-бағдар беріп, сіздің бизнесіңіздің ашылып, аяққа тұрып кеткенінше көмектемесіз»,- дейді маман.  

Жәрмеңке өтті
Белсенді кәсіпкерлер - қаланы түлетуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу