Түркістандық құрғақ түйе сүті Қытай нарығына жеткізілуде
Түркістан облысында түйе сүті Қытай нарығына экспортталуда. Қытайлық инвестордың қаржысына салынған кәсіпорында шұбаттан құрғақ ұнтақ дайындалып, аспан асты еліне саудаланып жатыр. Тәулігіне 10-15 тонна шикізат өңделіп, түйе ұстайтын шаруалар да тұрақты табыс тауып отыр.
Орталық Азиядағы теңдесі жоқ зауыт Түркістан индустриалды аймағында орналасқан. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны толықтай соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Автоматты жүйе арқылы жұмыс істейді. Тәулігіне 6 тоннаға жуық шұбатты өңдеп, одан 600 келіге дейін ұнтақ алады. Ал айына 100 тоннаға дейін түйе сүтін өңдеп, 10 тонна ұнтақты экспортқа шығарады.
«Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы өңдеу цехына жеткізіледі. Барлығы цифрлы технологиямен басқарылады. Сүт өңделетін өндірістік цехқа арнайы киімдегі технологтардан басқа бөгде адам кіргізілмейді. Дайын өнімнің сапасы әлемдік стандартқа сай болу үшін талап қатал»,- дейді өндірістік цех басшысы Хы Жы Чиян.
Алты жыл бұрын ашылған өндіріс орны пандемия кезінде біраз уақыт жұмысын тоқтатты. Былтыр қайта ашылып, бүгінде 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның бесеуі көрші елдің мамандары. Мекеме өзіне қажетті шикізатты өңірдегі 8 сүт өңдеу орталығынан алады. Жеткізілген түйе сүті сан түрлі сұрыптау мен түрлі тексерістен өтеді
«Мысалы бізге бір күнде алты сүт келсе, алты сүттің құрамын зерттейміз. Яғни ол жерде сүттің қышқылдығын анықтаймыз біріншіден. Сол сүтте қой сүті бар ма, басқа да бөгде сиыр сүті қосылды ма соны анықтаймыз. Ол ұнтақтың ақуызы мен майлылығын, оның да қышқылдығы, ылғалдылығы болады, соны зерттейміз»,- дейді зертхана маманы Қаламқас Масақбаева.
Кәсіпорын тәулігіне 100 тонна түйе сүтін қабылдай алады. Десе де зауыт әлі толық жұмыс қуаттылығына көшкен жоқ. Себебі өңірдегі түйе шаруашылықтары әзірге мұндай көлемдегі шикізатпен қамти алмай отыр. Қазір зауыт шауралардан шұбаттың 1 литрін 900 теңгеден сатып алуда. Мамандар 15 тонна сүттен 1 тонна ұнтақ алынатын айтады.
«Түркістанға келгеніме біраз жыл болды. Осында жаңа іс бастап, жұмыс істедік. Сондықтан мен үшін Түркістан әрқашан ыстық. Сондықтан осы жолы зауытты қайтадан іске қосу үшіТүркістаған н келіп отырмын. Түйе сүтінен таблетка шығаруды қолға аламыз. Ешкі сүті Түркістан облысында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды жандандыруға дайынбыз», – деді «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи.
«Golden Camel group LTD» зауытына 7 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар да шығарады. Өнімнің басым бөлігі шет ел мемлекеттеріне экспортталады. Жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда, Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында жалпы алғанда 50 мыңға жуық түйе бар. Оның тең жартысы сауылады. Зауыттың жұмыс істеуі өңірдегі түйе шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлуді талап етіп отыр. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан түйе сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шаруаларға 5 пайыз жеңілдікпен несие беріледі. Қазір зауыт шаруалардан шұбаттың бір литрін 900 теңгеден сатып алады. Мамандар 15 тонна сүттен бір тонна ұнтақ алынатынын айтады.
Алып өндірістің Түркістан облысында ашылуы аймақтағы түйе шаруашылығының дамуына оң серпін беріп отыр.
Айта кетейік, кейінгі бес жылда Түркістан облысы инвестиция тартудан көш бастап тұр. Бүгінде өңірдің экономикасына 8,1 миллиард доллар қаражат құйылған, 157 жоба жүзеге асып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Зауыт іске қосылған кезден қазіргі уақытқа дейін 200 тоннаның үстінде құрғақ сүт өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Бангкок тағы басқа елдерге экспорттаймыз. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Біріншісі, құрамында майы жоғары түйе сүті ұнтағы, екіншісі, аз мөлшердегі майсыздандырылған түйе сүті ұнтағы. Оның ішінде ақуыз мөлшері жоғары. Үшіншісі, майсыздандырылмаған түйе сүті ұнтағы, ол бір рет қолданатын кофе сияқты ішіндегі қалташаларда 15 грамнан бар. Ал қалған екеуі 300 грамнан сатылады», — дейді «Golden Camel» өндіріс орнының сату бөлімінің басшысы Шолпан Ерболат.
Яғни 300 грамдық бір құтыдағы ұнтақтан 3,5 литр шұбат шығады. Кәсіпорын дайын ұнтақты әзірге тек Қытайға экспорттап жатыр. Болашақта Ресей мен Еуропа елдеріне шығаруды жоспарлауда. Айта кетейік, бұдан бөлек өңірде Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жобалық құны – 400 миллион доллар болатын мақта өңдеу, жіп иіру және мата шығару зауытының құрылысы жүріп жатыр.
Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың шұбаты әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық. Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем. Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, шұбат адамның иммунитетін көтереді.
Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел бiр литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда шұбаттың тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.
Түйе сүтінің адам ағзасына тигізер шипасы орасан. Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп. Екіншіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.
Түйе сүтiнiң химиялық құрамы: 86,5 пайызы судан, 14,5 пайызы құрғақ заттан тұрады. Оның iшiнде сүттiң майлылығы— 5,0, белок — 3,6, казеин — 2,8, альбумин — 0,6, глобулин — 0,2, минералды заттар — 0,9 пайыз. Әсiресе, қос өркештi қазақ түйелерiнiң сүтi емдiк қасиетiмен құнды саналады. Аруаналардың сүтiнде майлылық 4,9 пайыздан 6 пайызға жетедi, ал, белок 3,9 пайыздан кем емес. Сүттiң белогы мен майлылығының тепе-теңдiгi шұбаттың құнарын арттырады. Амин қышқылының құрамы да жеткiлiктi.
Түйе сүтінін ұдайы пайдаланғанда ішкі мүшелердің қызметін реттеп, адамды семіртеді. Қазақ емшілері түйе сүтін науқастарды емдеуге қолданады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді. Шұбатты ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді, біртіндеп семіреді. Шұбатқа қоса бағлан етімен сорпалану да жақсы әсер етеді.