Түркістанның көршілермен байланысы мықты

Oinet.kz 22-10-2024 42

image.png

Ала шапанды ағайынды ел Өзбекстанның жеңіл өнеркәсібі ТМД елдері ішінде айтарлықтай дамыған. Көршілерімізден әрине үйренеріміз көп-ақ. Өзбекстан еліміздің оңтүстігімен шекаралас мемлекет болғасын әрине байланыс бар. Әсіресе соңғы жылдары Түркістан қаласы мен өзбек елінің арасында сауда-экономикалық, инвестициялық байланыс нығайып келеді. Ол таңқаларлық жағдай емес. Себебі ежелден-ақ Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Түркістан да Ташкент те негізгі сауда орталықтары ретінде саналып, алыс-беріс, керуен-көш, сауда-саттық бағытында байланыс мықты болған. Міне, бүгінде сол үрдіс қайта жаңғырып, көрші елімізбен руханир шаһардың экономикалық, туристік жіне мәдени байланысы одан әрі нығая түсуде. Өзбекстан елінің инвесторлары қазіргі таңда облыс орталығына түрлі бағытта инвестиция құйып, зауыт-фабрикалар ашуда. Айталық «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан «Turkіstan Textile» Біріккен Кәсіпорын» тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы өзбекстандық «Qojakent Textile» ЖШС компаниясының бастамасы болып табылады. Сонымен қатар «Тұран Мебель» жиһаз зауыты да көрші ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың арқасында ашылған кәсіпорын. Аталған елмен Түркістан қаласының байланысы алдағы уақытта одан әрмен нығаятын болады. Мамандардың айтуынша алдағы жылдары қалада екі елдің арасындағы байналыстың нәтижесінде тігін және жіп иіру-тоқу фабрикасы ашылатын болады. Осы және өзге де жоспарлар жақында үлкен іс-шарада талқыланған болатын. 

Тарқатып айтсақ...

Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына қатысты.

Екі ел президенттері қол жеткізген екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Өнеркәсіптік кооперация, су, энергетика, транзит және көлік, газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда серіктесі саналады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі $2,5 млрд құрады. Олжас Бектенов сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өзара инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстанның барлық бағытта бірлескен жұмысының келешегі зор. Бұған, ең алдымен, мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Астанада өткен бизнес-форум аясында қол қойылған $7 млрд көлеміндегі инвестициялық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі кездесу жаңа ірі жобаларды жүзеге асырудың бастауы болып, бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты экономикалық дамуына зор үлес қосатытына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мұнай-химия, металлургия, автомобиль, индустриалдық, азық-түлік, химия және фармацевтика салаларында үлкен экспорттық әлеует бар. Қазақстан Өзбекстанға жалпы қосылған құны жоғары қазақстандық тауарлардың 40 түрі бойынша құны $550 млн-нан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын.Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың басым бағыты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту болып отырғанын атап өтті.

«Соңғы 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсіп, өткен жылы $4,4 млрд-қа жетті. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Шекаралас өңірлер бір-бірімен – Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент Түркістан облысымен, Науаи Қызылорда облысымен тікелей әрі тығыз байланыс орнатқан. Біздің басқа аймақтарымыз да байланыстарды дәйекті түрде нығайтып, сауда-саттық және өнеркәсіптік кооперацияны дамытып келеді. Бұл ретте әлі іске асырылмаған үлкен әлеует бар», — деп атап өтті Абдулла Арипов.

Форум барысында инвестиция көлемі $3,4 млрд-ты құрайтын 74 бірлескен жобаны іске асыруды және 14,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды. Оның ішінде Қазақстан аумағында 65 кәсіпорын ашу жоспарлануда, бұл елімізде 13,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы 4,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазақ-өзбек өнеркәсіптік кооперациясы ынтымақтастығына мысал ретінде Қостанайдағы Chevrolet Onix автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника шығаратын зауытты, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы тігін және жіп иіру-тоқу фабрикалары, Ангрендегі автоклавты газ-бетон өндірісі және басқа да өндіріс орындары жатады. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін бермек. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, кәсіпкерлер үшін салықтық, кедендік жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар қарастырылған.

Сонымен қатар көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстарды одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.«Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық ынтымақтастық форумы, іскерлік форум шеңберінде құны $352 млн-нан асатын 76 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырылуын жеделдету жөніндегі Тәжірибелік іс-шаралар жоспары бар. Құжат энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан аймақтары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Айта кету керек, форум қазіргі сын-қатерлер мен ынтымақтастық келешегін белсенді талқылауға арналған алаңға айналды. Оның аясында министрліктердің, шекара маңындағы өңірлер әкімдіктерінің басшылары және екі елдің бизнес-топтарының 200-ге жуық өкілі өңіраралық ынтымақтастық, өзара сауда-саттықты дамыту және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады. «B2B» форматында металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, IT және туризм сияқты экономиканың келешегі бар бағыттарындағы өзара іс-қимылды тереңдету тетіктері қаралды.


Түркістандық құрғақ түйе сүті Қытай нарығына жеткізілуде
Түркістанда технологиялық парк құру бойынша келіссөз жүргізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу