«Besto Group» - өзі өңдейді, өндіреді

Oinet.kz 06-10-2024 77

image.png

Жиырма бірінші ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жайы. Дүниежүзіндегі әр тұрғын шамамен жылына 300 келіге жуық қоқыс шығарады екен. Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналып, оның ішінде қағаз, картон өнімдері, металл, пластик, тамақ қалдықтары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқты қалдықтардан өзге қоршаған ортаға зиянды әрі адам өміріне қауіпті батареялар, электр құралдары, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен құрамында сынабы бар басқа да заттар суға, топыраққа және ауаның ластануына аса жоғары әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, түрлі буып-түю секілді заттың сыртқы орама қаптары да осы қоқыстардың қатарында. Сон-дықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар. Бұл ретте 2025 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34%-ға дейін жеткізу мемлекет алдында тұр¬ған нақты міндеттердің біріне айналып отыр. Сондай-ақ еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөнін¬дегі тұжырымдамасына сәйкес 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды 50 пайызға дейін өңдеуге қол жеткізуіміз керек.

Қазіргі уақытта қалдықтарды игеру – дамушы елдерде басты мәселе. Дамыған мем¬лекеттерде қатты қалдықтар түріне қарай бөлек жиналып, қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Әлемдегі тәжірибелерге сүйенсек, Франция, Жапония, Қытай сынды «жасыл экономика» қағидаттарын ұстанған мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтар – табыс көзі. Бұл елдерде үйіліп жатқан қоқыс үйінділерінен түрлі бұйымдар шығарылып, күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдер төрткүл дүниеге таралады. Жаһандану жайлаған қоғамда табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанғандықтан адамзат үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр. Қоқыс – адамзат барда таусылмайтын қор. Осы шикізат көзін тиімді пайдаланып, ұқсата білу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – сіз бен біздің міндетіміз.

Әсіресе бүгінде кең қолданылатын пластиктен жасалған бұйымдар, яғни қоқыстар үлкен табыс әкеле алады.  Себебі пластик – бұл жаңа өнім өндіруге арналған құнды шикізат, бұл ретте ол бірнеше рет өңделуі мүмкін.  Статистикалық  мәліметтерге сүйенсек жылдан жылға түрлі пластик өнімдер өндірісінің көлемі артып отыр. UNEP мәліметтеріне сәйкес, 500 миллиард  тонна пластик пакеттер қоқысқа тасталады және минут сайын 1 млн пластик бөтелке сатып алынады. Өкінішке орай, осынау өнімнің айтарлықтай бөлігі бірінші рет пайдаланылғаннан кейін қоқысқа кетеді.

Қоршаған ортаны қорғау мәселелері мен қалдықтарды өңдеуге қатысты алаңдаушылық күшейіп жатқан уақытта кәсіпкерлер де қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуда. Солардың бірі түркістандық кәсіпкер Ұлықбек Ходжанов. Ол облыс орталығында орналасқан «Besto Group» кәсіпорнының негізін қалаған. 

Қала экологиясымен қатар экономикасының да жақсаруына үлесін қосып отырған зауыттың басты мақсаты қоқысты кәдеге жаратып, табыс көзіне айналдыру.  Кәсіпорында ғаламның проблемасына айналып отырған пластик қалдықтар  қайта өңделіп, шикізат дайындалады.  Ол шикізаттан түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалады.  Осылайша зауыт табиғатты да қорғайды және қаланың қоқыс мәселесін де шешуге ат салысып отыр. 

 «Біз қоқысқа кеткен пластикпен жылына 500 тонна дайын  өнім шығарамыз. Қажетті қоқыстарды осында қабылдаймыз. Тұрғындар қажет емес бұйымдарын өткізіп жатады. Әрине тегін алмаймыз. Пластик бұйымның сапасына қарай келісін 80 теңгеден 200 теңге аралығында сатып аламыз. Осылайша жарамсыз болып қалған заттарға екінші тыныс береміз. Түсіне білген жандарға қоқысты өңдеу үлкен табыс көзі. Бұл бизнестің тиімділігі көп. Біріншіден, пластиктер таусылмайтын қоқыс. Әлемді айтпағанның өзінде елімізде, оның ішінде қаламызда жылына тонналап пластик қалдықтар шығады. Оның бәрі табиғатқа, қоршаған ортаға зиян екені баршамызға аян. Міне, сол қоқысты қайта кәдеге жаратып, өзіңе де, өзгеге де пайдаңды тигізудге болады»,- дейді кәсіпорын директоры Ұлықбек Ходжанов. 

"Түркістан" индустриалды аймағында орналасқан  «Besto Group» ЖШС-да бүгінде жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. Барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Мұнда жалақы тұрақты және қызметкерлерге ыңғайлы жағдайлар жасалған. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады. Себебі мұнда адам күшінен бөлек соңғы технологиялармен жабдықталған қондырғылар қолданылады. Кәсіпорында қазіргі таңда ас үйге арналған ыдыстар, құрылысқа қажетті шелектер, канистрлер, тазиктер, киім ілгіш секілді тұрмысқа қажетті заттар жасалады. Сонымен қатар мұнда құрылысқа қажетті құрғақ және сұйық қоспалар, кафель жабыстыруға арналған желім,  газоблок, брусчатка тағы да басқа заттар өндіріледі. 

Ендеше, сіз қоқысқа лақтырған пластик бұйымыңыздың басқа тауарға қалай айналып шығатынын түсіндіріп өтейік. Алдымен  жарамсыз пластмасса заттары арнайы жабдықта туралып шығады. Туралған қоқыс екінші аппаратқа жөнелтіліп, ол жерден ұзынша жіп тәрізді формаға енеді.  Одан әрмен шикізат жақсылап жуылады. Тазартылған өнім келесі қондырғыға салынып нәтижесінде майда гранулалар пайда болады. Міне, сол ұсақ грануламыздан дайын өнім жасалады. Ол үшін арнайы аппаратқа салынып, шикізат ерітіледі. Жаңа қондырғының артықшылығы ерітіндіні кез-келген қалыпқа құйып, дайын өнім шығарып береді.  

 «Бір күнде 2000 мыңнан аса  пластик зат жасап шығарамыз. Заманауи аппараттың көмегінің арқасында жұмыс процесі оңайлатылған, көп уақытты алмайды. Мысалы айтатын болсақ ас үйде қолданылатын дуршлаг ыдысы небәрі 20 секундта қалыпқа құйылып, жасалып шығады. Жұмысшылар тек ыдыстың түбінде қалған артық пластмассаны кесіп отырады»,- дейді қызметкер Мехмет Октай. 

  Бір қызығы  тиімді бизнес идеяны кәсіпкердің ойына жақын досы салыпты. «Менің Бабур деген досым бар. Өзі құрылысшы. Жұмыс кезінде әртүрлі құрылыс материалдарын қолданады. Олардың түрі, сапасын бес саусағындай біледі. Сол өнімдерді неге өзіміз жасап көрмеске деп бірде өз ойын жеткізген болатын. Ол бұл туралы біраз ізденіп, әрекет жасап көрді. Осындай бірлескен ізденістің арқасында осы зауытты аштық. Әрине алғашқыда қорқыныш болды. Қалай жасаймыз, неден бастаймыз, өніміміз өте ме, сұраныс бола ма деген сұрақтар мазалады. Тәуекелсіз бизнес бастау мүмкін бе? Біз де белімізді тәуекелге байлап, осы кәсіпті бастадық. Қазір шүкір, бизнесіміз алға басып келеді»,- дейді кәсіп иесі. 

Кәсіпорынның ашылғанына көп уақыт болмаған. Зауыт әзірге түскен қаржысын айналымға салуда. Яғни жаңа қондырғылар сатып алу арқылы өнімділікті көбейтіп, кәсіпорынды одан әрі ұлғайтуды көздеуде. Себебі мұндағы қондырғылардың құны жоғары. Зауыт басшысының айтуынша мұнда қазір 5 станок бар. Әрқайсысының құны 40 миллион мен 100 миллион теңгені аралығында. Кәсіпкер тағы бірнеше жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. 

  Жоқтан бар жасап, керексіз дүниені кәдеге жаратып отырған кәсіпорынның өнімдері әзірге Түркістан мен Шымкент қаласы және Қызылорда облысына жөнелділуде екен. Түрлі құрылыс компаниялары және дүкендермен тығыз  жұмыс істеуде. Алдағы уақытта еліміздің өзге де аймақтарынан тапсырыстар түспек. 

  Ендеше, қайта өңдеу саласында тер төгіп отырған кәсіпорынның жұмысына біз де сәттілік тілейміз. 

Түркістан қаласында шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда
Жәрмеңке өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу