Әлібек Қуантыров Түркістандағы кәсіпорындарды аралады
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында ол облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Әлібек Қуантыров Түркістан қаласында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Министрге еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.
Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.
«Біз Орталық Азиядағы жаңбырлатқыш машиналар өндәретін ең алғашқы зауытпыз. Кәсіпорын адам күшін көп талап етпейді. Себебі мұнда барлығы автоматтандырылған компьютерлік роботтар қолданылады. Зауыт бәсекелестікке төзімді. Өйткені біздің өнімдер өзге кәсіпорынның өнімдеріне қарағанда бағасы 20-30 пайызға арзан жүреді»,- дейді «BNK Group» серіктестігінің өндіріс жөніндегі директоры Алмас Дүйсебайұлы.
Мекеме 2019 жылдан бері еліміздегі шаруаларға 15 мыңнан астам аймақты қамтитын техника жөнелткен. Биыл тағы 70 құрылғы сатыпты. Технология 4 мың аймақты суғаруға жарап тұр. Мекемеде айына шамамен 100-ге жуық жаңбырлатып суғару техникасы әзірленеді. Инновациялық техниканың жасалу әдісіне кеңірек тоқталып өтейік.
Ауылшаруашылығында таптырмайтын аталған машинаның құрылысына қажетті өнімдердің басым көпшілігі Ресейден және Америка құрама штаттарынан жеткізіледі. Айталық құраушы бөліктер Ресейлік металлдан жасалады. Мұндағы мамандар бір айда 160-150 тоннаға жуық темірді өңдеп, қажетіне жаратады. Ірі кәсіпорында алдымен қондырғының негізгі бөлшегі темір құбырларды әзірлейді. Оларға қажетті өлшемдер беріліп, кесіледі. Сөйтіп екінші кезеңде жұмыс қыза түседі. Қажетті металл лазерлік станокка қойылады. Мұндағы темірдің қалыңдығы 8 миллиметр шамасында. Ол негізгі бөлшектердің бірі ретінде саналады. Себебі онда егістік алқабына қажетті су тасымалданады. Кәсіпорындағы мамандар дәл осындай құрылғы бөлшектің 40-ққа жуығын әзірлейді. Одан кейін қос құбырдың арасын байланыстыратын жалғаушы жабдық жасалады. Ол егістік алқабында жұмыс процесінде қандайда бір апат, оқыс оқиға орын алғанда құбырлар бір-бірінен ажырап, бөлініп кетпес үшін жасалады. Жұмысшылар зауытта мұндай бөлшектің күніне 8-ін әзірлейді.
«Құбырларды орнынан тұрғызу үшін угольниктер қолданамыз. Яғни каркас арқылы құбырлар құрастырылады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бригадирі Бағлан Қалбек.
Жаңбырлатып суғару техникасы 25 жыл тоқтаусыз жұмыс істейді. Күтімі жақсы болса одан да ұзақ мерзімге жарайды екен. Сапалы өнімге елімізде сұраныс артып келеді. Зауытта жаңбырлатып суару технологиясының 3 түрлі нұсқасы құрастырылады. Тапсырыс келсе мамандар алқапты есептен құрылғыны құрып, шаруаға өнімді 100 пайыз дайын етіп тапсырады.
«Қондырғының басты бөлшегі - «басқару тетігіне» қажетті құралдар әйгілі chint және schneider компанияларынан тапсырыспен алынады. Осы жерде құрастырылып, алғашқы сынақтан өтеді. Бұл бөлшек қондырғының «миы» десек те болады. 440 вольттық аппарат металл конструкцияны әрі қарай қимылдату үшін күш береді. Мұның 3 қорғанышы бар. Ток күші көп болса немесе азайып кетсе сондай-ақ құлау жағдайында құрылғының істен шығуынан, күйіп кетпеуінен қорғайды. Мұндай кезде құрылғы автоматты түрде өзі өшіп қалады. Егістік алқабындағы көкөністер мен жемістер бірдей мөлшерде суарылмайтыны белгілі. Бір көкөніс суды көп талап етсе, енді бірін көп суару қажет емес. Жаңбырлатқыш машиналарда бұл функция қарастырылған. Таймер арқылы суару уақытын таңдауға болады. Көбірек суару қажет болса таймерді азайтамыз. Мұндай жағдайда құрылғы 12 сағаттың ішінде 1 айналым жасайды. Керісінше таймерді жылдам режимге қоятын болсақ құрылғы 6-8 сағатта бір айналым жасап, алқапты біркелкі суарып шығады. Бұл құрылғы арқылы алқаптағы өнім екі есеге өседі, есесіне суды үнемдеп, шаруалардың шығынын азайтады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бас инженері Дархан Абдуллаев.
Құрылғының келесі бір маңызды бөлшегі - редуктор. Ол жаңбырлатып жүргізілетін машинаның дөңгелектерін айналдырып, жүргізіп отырады. Келесі бөлшек «форсунка» деп аталады. Ол алқапқа суды жаңбырлатып шашады. Суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басты жабдық осы. Өндіріс орнындағы жұмыстың соңғы кезеңінде тисті өлшеммен кесіліп жасалған құбырлар Алматы қаласына жөнелтіледі. Себебі құрал ұзақ мерзімге жарау үшін арнайы химиялық қосындылармен боялады. Бұл бояулар темірді тот басудан, шіруден сақтайды әрі әдемі күміс түсті рең береді.
Жобалық құны 4 миллиард теңге болатын кәсіпорында 70-ден аса мамандар жұмыс істейді. Олар жылына 1000-ға жуық техниканы әзірлейді. Зауыт алдағы уақытта трактор жасап шығаруды жоспарлап отыр. Ондай жағдайда 30-ға жуық тұрғынның бос қолына күрек табылмақ. Осылайша мекеме ауылшаруашылық саласына қажетті қызмет пен өнімнің барлық түрін ұсына алады.
«Жаңбырлатын суару мен тамшылатып суарудың айырмашылығы тамшылатып суару қазіргі таңда инвестициялық тұрғыдан алғанда 15-20 пайызға қымбат түседі. Бірақ су үнемдеуі бойынша тамшылатып суару 10-15 пайызға төмен болады. Ал жаңбырлатып суару жүйесі қазіргі таңда барлық су үнемдеу технологиясына қарағанда ең тиімдісі және ең арзаны болып тұр. Масштабтау кезінде тамшылатып суару максимум 100 гектарға жасайтын болса ал жаңбырлатып суару бойынша 1000, 2000, тіпті 5000 гектар алқапты қамти алады. Біздің еліміздегі алқаптардың жері үлкен. Сол себепті ең тиімді технология қазір осы жаңбырлатып суару жүйесі болып тұр»,- дейді кәсіпорынның негізін қалаушы Ниязәлі Бесенбаев.
Кәсіпорынның даму кезеңі 3 бөліктен тұрады. Алғашқы кезеңі сәтті аяқталған, қазір екінші кезеңі жүзеге асырылуда. «Қазір зауыт екі ауысыммен жұмыс істеуде. Үшінші ауысымды құруға мүмкіндіктеріміз бар. Үшінші кезеңде «горячий цинкования» дейміз ғой, яғни мырыштау цехын ашпақпыз. Одан кейін трактор құрастыруды бастаймыз. Біздің өндіріп отырған құрылғымыз ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болғандықтан біз осы саланың барлық құрал-жабдықтарын құрастырып шығарғымыз келеді. Қазіргі таңда өзіміз егін егіп бастап жатырмыз. Себебі біз өзімізден алған тәжірибені болашақта фермерлерге беретін боламыз»,- дейді Ниязәлі Бейсенбаев.
Су үнемдеу демекші, ел басшысы «Turan Su» мекемесінің қызметімен де танысты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.
«Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.
Қазіргі уақытта «Aqniet Holding» жоғары сапалы және заманауи дизайнды қамтамасыз ететін жайлы мектептерге арналған парталарды шығарумен айналысады. Отандық компанияның үстелдері жайлылық пен сапаға баса назар аудара отырып жасалған. Оларды жасау барысында оқушылардың денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ететін экологиялық таза материалдар пайдаланылады. Әрбір кезең – жобалаудан бастап соңғы құрастыруға дейін – қатаң сапа бақылауынан өтеді. Бұл мектептегі оқу мен шығармашылық үшін тамаша жағдай жасай отырып, партаның беріктігі мен функционалдығын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда роботтарды қолданатын алғашқы жиһаз фабрикасы тек мектеп парталарын ғана емес сонымен қатар медициналық мекемелерді, сауда орталықтарын, кеңселерді, театрларды қоса алғанда, әртүрлі мақсаттағы жиһаздарды өндіруге маманданған. Мекеме жиһаздың кең ассортиментін ұсынады, үстелдер мен орындықтардан кеңселер мен мамандандырылған медициналық креслоларға дейін. Өнімдер тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жоғары сапа және оңай қолданысымен ерекшеленеді. Компания жиһаз өндірісінде, соның ішінде робототехникада озық технологияларды қолданады. Бұл өндірістің тиімділігі мен дәлдігін арттыруға, өндіріс уақытын қысқартуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, өндірістің әр кезеңін қадағалайтын мамандардың қолөнері мен шеберлігіне де үлкен мән беріледі. Нәтижесінде жиһаз заманауи технология мен жоғары сапалы қолөнер бұйымдарын біріктіреді.
Қазіргі таңда кәсіпорын 97 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 34 мың жиһаз өнімдерін сондай-ақ 24 мың мектеп парталарын шығаруда. Компанияның өнімдері ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған.
«Роботтың артықшылығы бір өзі бір күнде жиырма адамның жұмысын атқарады. 24 сағат жұмыс істеуге қауқары бар. Одан кейін робот жұмысты сапалы түрде орындайды. Мысалы дәнекерлеуде 100 пайыз құйылады және онда шлак болмайды. Жиһазға қажетті металл өзіміздікі. Қарағандылық Металлинвест компаниясынан алып жатырмыз. Ағашы да отандық өнімдер. Пластиктің өзін КРІ компаниясынан алып отырмыз. Бояуын ғана сырттан аламыз. Сол себепті тоқсан бес пайыз отандық өнім деуге болады»,- дейді «Aqniet Holding» компаниясының төрағасы Омар Бақтыгерей.
Айта кетерлігі, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Германияға жөнелтілген. Сұранысқа ие тауарлардың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаштан дайындалған жиһаз сынды тауарлар бар. Қазір елде жиһаз жасаумен айналысатын 2000-ға тарта кәсіпорын бар. Жоғарыда атап өткеніміздей олардың басым бөлігі Түркістан облысында, соның ішінде орталығы Түркістан қаласында орналасқан.