Түркістанға Қытайдан делегация келді

Oinet.kz 14-10-2024 139

image.png

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚХР-дың Сычуань провинциясы, Мяньян қаласынан келген делегациямен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің достық қарым-қатынасы жайлы, оның ішінде Түркістан облысымен арадағы сауда-экономикалық байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына тоқталды. 

– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына  қош келдіңіздер! Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміздің дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Шілде айында ҚХР-ға іссапар аясында Шэньси, Хубэй, Хэнань провинцияларының губернаторларымен кездесіп, әртүрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктерін талқыладық және тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келістік. Бүгінгі кездесу – өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталған жоспарлармен пікір алмасу үшін тамаша алаң. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтқым келеді, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 

Облыс әкімі ресми делегация өкілдерін 31 қазан күні Түркістан қаласында өтетін Халықаралық инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Ауқымды форум аясында бизнес форумдар, Түркістан облысы тауар өндірушілерінің көрмесі мен B2B форматындағы кездесулер өтеді.

Басқосуда сондай-ақ өңір басшысы Қытай елінің өкілдерін өңдеу өнеркәсібі, электротехника, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 

Көршілес елден жеткен жұмысшы топты басқара келген Мяньян қаласы сауда бюросы директорының орынбасары Ху Хунцзюань ханым аталған салалар аясында ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді. 

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жетті. Соның ішінде Түркістан облысымен өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 148,9 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 60,09 млн АҚШ долларын және импорт 88,9 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл ретте өзара сауда 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайыз ға өсті.

Мяньян – 2200 жылдық тарихы бар, ғылым мен техника дамыған қала. 5 миллионнан астам халық мекен еткен шаһарда 2023 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 400 млрд. юаньннан асқан. Тұтыну тауарларын бөлшек саудада сатудың жалпы көлемі 182,236 миллиард юаньға жеткен.

«KAZTOR LTD» - Түркістандағы бірегей кәсіпорын
Әлібек Қуантыров Түркістандағы кәсіпорындарды аралады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу