Мінсіз жиһаз Түркістанда бар
Әлеуеті барған сайын артып, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан Түркістан қаласының өндірістік қуа¬тын арттыруда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі зор. Облыс орталығының қалыптаса бастаған алғашқы күнінен орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді. Бүгінде рухани шаһарда «Түркістанда жасалған» деген атаумен түрлі салада өнім өндіріп, тіпті, тауарлары шетел асып жатқан кәсіпорындар бар. Әсіресе, шаһардың жиһаздары бүгінде ТМД елдерін шарлап жүр. Бұл қаланың жиһаз өндірісінің әлеуеті жоғары, өнімдерінің сапалы екенін аңғартады.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер ететін ол - өнеркәсіп саласы екені баршаға аян. Сондықтан қай ел болмасын ең әуелі өндіру бағытына көңіл бөліп, зауыт, фабрикалардың қатарына арттырып, өнімдерін экспорттауға тырысады. Әлемдегі дамыған елдердің басты жетістіктерінің бірі де осы – өнеркәсібінің өркендеуі. Қазақстан орташа дамыған елдер қатарында. Бүгінде елімізде өнеркәсіпті дамытуға көп көңіл бөлінуде. Егер өнеркәсіп дамыса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, бюджет ұлғаяды, ең маңыздысы өнімдеріміз экспортқа шығады.
«QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы отандық жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 17,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жоғары көрсеткіш (4,4 миллиард теңге). Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құраған. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе - 6,3 миллиард теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе - 6,9 миллирд теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды.
Цифрлардың мұндай «әдемі сөйлеуіне» Түркістан қаласындағы шеберлердің де қосқан үлесі зор. Сала мамандарының айтуынша Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібі саласында дамыған бағыттардың бірі жиһаз өнімдері және құрылыс материалдарын өндіру болып табылады екен. Өндіріс ошақтарының басым бөлігі «Turkіstan» индустриалды аймағында орналасқан. Сұранысы мол Түркістанда жасалған жиһаздар ТМД елдеріне тарап жатыр. Қаланың өңдеу өнеркәсібінің 20 пайызы осы қатты және жеңіл, жұмсақ өндірістері құрайды. Бүгінгі таңда облыс орталығында 7 ірі жиһаз кәсіпорындары мен бірқатар шағын цехтар қарқынды жұмыс істеуде. Олардың ішінде бүгінде аты қалыптасқан, бәсекеге қабілетті, өзіндік орны бар «Азия бренд», «Ideal», «Grand Miks», «Cordial», «Мебель Люкс» сынды ірі кәсіпорындарды атауға болады.
Әлеуметтік желілерде жарнамасы «хит» болып жатқан орындықтарды сіз де көрген боларсыз. Үстіне адам секірсе де, көлікпен басып өтсе де сынбайтын орындықтар Түркістандық «Ideal» жиһаз фабрикасының өнімі. Қазақстан мен алыс-жақын шетелге «сынбайтын орындығымен» танылған кәсіпорынның нарықта жүргеніне 7 жыл болған. 2018 жылы тәуекелмен басталған іс бүгінде берекелі кәсіпке айналды. Өндіріс орнының басшысы Шәмшиддин Айменовтің айтуынша кәсіп бастау оңай емес. Әсіресе, өндіріс орнын ашу қиын бастама дейді. «Қай кәсіппен айналысқыңыз келсе де алдымен сол саланың ішкі жағдайына тереңірек үңілген жөн. Сырттай бәрі әдемі, оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда ішкі асханасына кірген соң оның қиындықтарын, кедергілерін айқын көресің. Сондықтан бастағалы жатқан кәсіпті алдымен өзің толық зерттеп, оны бүге-шүгесіне дейін меңгеріп алған дұрыс. Менің бұл кәсіпті бастағаныма 7 жыл уақыт болды. 2018-2019 жылдар өте қиын кезеңдер болды. Шынымды айтсам үлкен күдік және үмітпен бастадым. Жиһаздарымыздың өтімділі қалай болар екен, бәсекеге төтеп бере ала ма деген сұрақтар мазалады. Құр уайымға берілмей әрекет жасап көрейін деп өз ісімді бастап кеттім. Қазір шүкір, өндіріс орнымыз үлкейіп жатыр. Тапсырыс та жеткілікті. Ең бастысы тұтынушылардың алғысын алып, өнімімізге оң бағасын бергенде еңбектің жемісін жегендей боласың»,- дейді кәсіпорын иесі.
Цехтың негізгі өнімдері тойхана мен үйге арналған үстелдер мен орындықтар. Кәсіпорын білімі жоғары, заманауи көзқарасты дизайнелермен жұмыс істейді. Көрсең көзің тоятын әсем үстел мен орындықтардың ел көңілінен шығуының сыры осында. «Ideal»-дың тағы бір артықтықшылығы өнімнің жоғары сапасында. Мұнда жиһаздар кәдімгі ағаш емес ыстық пен суыққа төзімді, ауыр салмақты да көтере білетін ABS материалынан жасалады. Мұндай берік материалдан жасалатын жиһаздар елімізді айтпағанда жеңіл өнеркәсібі жолға қойылған құдай қосқан көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстанда да жасалмайды екен. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі. Содан соң үстел жиналып, құрастырылады. Одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі. Содан соң дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады. Шикізатқа патина, лак жағылады. Одан соң жылы еденмен жабдықталған арнайы бөлмеде кептіріледі. Ең соңында ысып, жылтырату арқылы түрлі процестерден , яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді. Үстелдердің әрқайсының дизайны ерекше етіп жасалады. Бетіне, жан-жағы , тіпті аяқтарына дейін түрлі оюлар, пішіндер ойылып түседі. Яғни үстелдің бетіне дастархан төсемей-ақ қолдануға болады. Бір үстелді әзірлеуге 5-7 күн уақытымыз кетеді»,- дейді жұмыс барысын түсіндірген кәсіпкер. Қазіргі таңда кәсіпорынның үстелдің 7 түрі, орындықтың 12-і түрінен күніне орындықтың 150-200, ал үстелдің 10 данасын шығаруға әлеуеті жетеді.
Аталған кәсіпорында қазіргі таңда жүзден аса қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтуді жоспарлап отырған кәсіпкер тағы 100 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Кәсіпорын мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста. Айталық қажетті мамандар мен жұмыс күшін қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы сұратып отырады. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да кәсіпорынның дамуына өз үлесіп тигізіп келеді. Аталған мекеме мамандары өндіріс ошағының құжат рәсімдеу, сертификаттау мәселесіне көмек беріп, түрлі көрмелерге қатысуға мүмкіндік беріп отыр. «Қазақстанның үздік тауары» секілді түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда.
Онлайн сауданың қарқыны отандық кәсіпорындарға пайдасы мен қатар зиянын тиігізіп отырғаны жасырын емес. Қазір кез-келген кәсіп иесі өз өнімдерін әлеуметтік желілерде жарнамалап, онлайн сауда платформаларында сата алады. Мұндай мүмкіндік отандық өнімдерге екінші тыныс бергенімен, бәсекелестікті қоздырып отыр. Әсіресе, Қытай сайттарын қолданушылардың қатары көп. Алайда мұндай шетелдік сауда сайттары бізге бәсекелес бола алмайды дейді кәсіпорын басшысы. «Түрлі шетелдік сайттарда қазір жиһаздарды да онлайн тапсырыспен алдыруға болады. Олардың бағасы төмендеу болғанымен кеденнен өткенде, тауар үйге дейін жетемін дегенше бағасы қымбаттап кетеді. Одан кейін олардың сапасының жоғары екендігіне көз жеткізу қиын. Ал біздің бағалар халыққа қолжетімді. Әрі өнімді нөлден бастап өзіміз дайындаймыз»,- дейді Шәмшиддин Айменов.
Бәсекелестіктің қайнаған ортасында хан тағындай орындықтар мен үстелдердің кең ассортиментін ұсынып отырған жиһаз зауытының алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.