Түркістанның жиһазы шетелге экспортталуда
Жиһаз өндіретін кәсіпорындар Түркістан қаласының экономикасының артуына мол үлесін қосып отыр. Біріншіден, олар қала бюджетін ұлғайтып отырса, екіншіден, мыңдаған адамды жұмыспен қатып отыр. Сондай-ақ импорттық тауарларды азайтуға септігін тигізіп, елімізді Отандық өніммен қамтамасыз етуде.
Қаладағы ірі жиһаз фабрикасының бірі "Grand MIKS"-тің аты бүгінде ТМД елдеріне танылып үлгерген. Ал бұл кәсіп 24 жыл бұрын алақандай гаражда басталған. 2000 жылдары ағайынды Сабыржан мен Камалжан Исхақовтар үй ауласындағы гаражда жұмсақ жиһаз жасауға кіріседі. Сапалы өнімдері бірте-бірте тұрғындар арасында сұранысқа ие болып, кәсіптері жүріп кетеді. Жылдар өте келе тапсырыстың көптігінен бауырлар кәсіпті ұлғайту керектіген көздері жетіп, мемлекеттің көмегіне жүгінеді. Сөйтіп олар 2015 жылы мемлекеттік Даму қорынан жеңілдетілген несие алады. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ жобаны қарастыра отырып, қаржыны 15,7%-бен берді. Оның 7%-ың «Даму» қоры субсидиялайды және несие сомасының 50%-ына кепілдік берді. Еңбекқор кәсіпкерлерді қала әкімдігі де қолдап, шаһардағы Түркістан индустриалды аймағынан жер береді. Кіп-кішкентай гараждан 5 гектар аумаққа көшіп барған кәсіпорын осылайша үлкен қадамдарын жасайды. Кәсіпорын алғашқыда бөлінген 5 гектар жердің 3,5 гектарын игереді. Қалған 1,5 гектар аумаққа биыл ғана жаңа қосымша цех ашып, кәсіпорынның ұлғайған жайы бар. Айтпақшы ағайындылардың атасы Ергеш ата ағаш ұстасы болған екен. Дәуірінде есімі Түркістанға мәлім шебер болыпты. Бүгінгі ұрпақтары ата-баба ізімен жүріп, осы кәсіпті меңгеріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында зор еңбек етуде.
Қазір мұнда 155 адам жұмыс істеп отыр. Қызметкерлердің 100 пайызы жергілікті халық, 18 бен 40 жастағы азаматтар екен. Өндіріс орнының бір ерекшелігі маманды өздері дайындайды. «Жұмысшыларымыздың 90 пайызы бұл жерге келгенде жиһаз саласынан ешқандай хабары болмайды. Менің де алғаш осы кәсіпорынға келгенде ешқандай тәжірибем болған жоқ. Кез келген ынта жігері бар азаматтарды, жастарды жұмысқа қуана- қуана аламыз. Өзімізі әрі қарай нөлден бастап үйретеміз»,- дейді кәсіпорынның бас менеджері Абдумумин Омаров.
"Grand MIKS" тұтынушыларға жиһаздың 40-тан астам түрлерін ұсынуда. Олар: жатын бөлме, балалар бөлмесі, ас үй, қонақ үй және кеңсеге арналған жиһаздар. Мұндағы жоғары сападағы, заманауи станоктар Қытай, Түркия және Ресейден алынған. Алғашқы кезде компания жаңа қондырғылармен жұмыс істеуді үйрену үшін шетелдік мамандардың көмегіне жүгінген. Біп апталық шеберлік сыныбынан кейін жергілікті мамандар жұмысты өздері үйлестіріп алып кеткен. Зауыт мамандары тұтынушылардың талғамы шетелдік жиһаздардың дизайнына түсіп жатады дейді. Сондықтан халықтың талғамына сай дизайнды қолданатындарын жасырмады. Қазіргі таңда кәсіпорын сапалы өнімді шығарып қана қоймайды, тұтынушылардың қалаған жеріне жеткізіп береді. Құрастырып та береді. Фабриканың тағы бір артықшылығы тұтынушыларға қызмет көрсету кезінде оның талаптарын мұқият тыңдап өнімді бағалауда да жеңілдіктер қарастырады. Көтерме бағамын көптеп сатып алушыларға мүлдем ерекше жеңілдіктер жасайды.
Жиһаз зауыты өндіріске қажетті сапалы шикізаттардың басым бөлігін шетелден алдыртады. Мәселен ағашты Ресей мен Белоруссиядан, бояуларды Түркиядан, ал фурнитуралардың аз бөлігін Түркиядан алдыртса, қалған бөлшектерін Қытайдан алдыртады екен. «Өткен жылы Астана қаласынан экспертиза жүргізетін мамандар келіп барлық жиһаздарымызды тестілеуден өткізіп, сертификат беріп кеткен болатын. Яғни біз сенімді түрде өнімдеріміздің сапасы жоғары деп айта аламыз. Тағыда айта кетерлігі біздің тауарлардың сапасы бағасынан бір-екі саты жоғары жүреді. Себебі біздің басты мақсатымыз жергілікті халықты өзіміздің отандық өніммен қамтамасыз ету. Сондықтан қолдан келгенше бағасын халыққа қолжетімді етудеміз. Зауытымыз бәсекеге қабілетті. Себебі біздің өнімдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Сөзіме дәлел ретінде айтайын 2022 жылға қарағанда 2023 жылы біз өндіріс көлемін екі есеге ұлғайттық және қосымша 1 цех аштық»,- дейді бас менеджер.
Ірі фабриканың жеткен жетістіктері де аз емес. 2016 жылы Алматыда өткен халықаралық «Жиһаз және интерьер» байқауына алғаш рет қатысып, «Үздік ас жиһазы» жүлдесін, 2017 жылы «Үздік көрме экспозициясы», «Үздік корпустық жиһаз» жүлделерін иемденеді. 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасытағайындаған республикалық байқауда «Іскер» аталымын жеңіп алған. Ал 2020 жылы "Grand MIKS" жиһаз фабрикасы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығына ие болған. Айта кетейік, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын өнімнің сапасы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені үшін, сондай – ақ ұйымның сапаның басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін беріледі.
Кез-келген мекеме үшін қызметкерлердің қауіпсіздігі бірінші орында тұратыны сөзсіз. Қанша техника, робот, цифрлық қондырғылар болғанымен адамның күші ол өндірістің жүрегі немесе миы деп атауға болады. Сондықтан кәсіпорын басшылығы әр қызметкердің қауіпсіздігіне, денсаулығына аса мән береді. Мұнда әр айдың басында техникалық қауіпсіздік ережелері бойынша мамандар жұмысшыларға арнайы шеберлік сағатын өткізеді. Яғни төтенше жағдай орын алған кезде, өрт болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін және қондырғылармен жұмыс істеу ережелерін үйретеді. Зауыт директорының пікірінше, ең маңыздысы жұмысшылар арасында спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып тұруы, корпоративтік рухты тәрбиелеу. Жұмыста ерекшеленген қызметкерлерге қаржылық сыйақы да беріледі. Бұдан басқа қызметкерлердің денсаулығын жақсарту мақсатында санаторлық-курорттық емделуден де өте алады. Кәсіпорын жұмысшыларына қолайлы жағдай жасау үшін олардың жұмысқа барып-келуіне жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, арнайы бөлiнген автобус жұмысшыларды таңертең алып келiп, кешкiсін үйлеріне алып қайтады.
Жоғарыда атап өткеніміздей кішкентай қадамнан жасалған бизнес бүгінде облыс орталығына ғана емес шетелге де танылып, өнімдерін айыр қалпақты ағайындарға экспорттап отырған үлкен компанияға айналған. «Қазақстан бойынша 8 қалада біздің диллерлік желілеріміз ашылған және көтерме бағадағы қоймаларымыз орналасқан. Одан бөлек Қырғызстанның Бішкек қаласында да серіктестеріміз бар. Ол жақтан да көтерме бағадағы қоймамызды ашқанбыз. Сонымен қатар Болгарияның Богатино аймағында да серіктестеріміз жұмыс істеуде. Біздің өндіріп жатқан өнімдеріміздің 7 пайызы осы екі мемлекетке жөнелтіледі»,- дейді кәсіпорын өкілдері. Ерекше атап өтетін жәйт кәсіпорынның Түркістан қаласының тұрғындары үшін тапсырыс қабылдап, жиһаз жасайтын бөлек цехы бар.
Зауыт мамандары ақпараттық-технологиялық заманға сай өнімдерін әртүрлі әлеуметтік желілерде, онлайн платформаларда жарнамалап отырады. Сондай-ақ тұтынушыларға ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорынның тыныс-тіршілігін, жұмыс барысын да көрсетіп, халықпен тығыз байналыс орнатып отырады. «Тапсырыс беруші немесе сатып алушы әрдайым жиһаздың неден жасалғанын толық біле алады. Тек қауіпсіз материалдар мен технологияларды пайдаланамыз. Жұмысшылардың әрқайсысы өз міндеттерін тиянақты әрі ойдағыдай атқаруға күш-жігерін жұмсайды. Біздің ұстанымымыз: «Санға емес, сапаға көңіл бөлу». Өйткені, тұтынушылар біздің шығарып отырған өнімімізден кемшілік тұстарын таппауы керек»,- дейді фабрика өкілдері. Компанияда әрбір клиентке, ол көтерме сатып алушы болсын, дилер немесе қарапайым клиентке жеке көзқараспен қарайды. Кәсіпорындағы басқару жүйесі үздіксіз дамып келеді және ең тиімді сенімді шешімдерді шығармашылық ізденіске қабілетті команда құруға бағытталған.
Өндіріс орны қазіргі таңда эконом және комфорт сигменті бойынша жиһаз жасауда. Компанияның ендігі жоспары люкс сападағы жиһаздарды шығару.
Айтпақшы, Түркістан қаласы «Бірлік» тұрғын үй алабындағы Наурызым атындағы көшеден «Grand Miks» жиһаз үйі ашылған. Аталмыш сауда орталығының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойына жақын орналасуының өзі еліміздің түкпір-түкпіріне саудаланатын жиһаз өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұнда жаңа отбасылар үшін қандай жиһаз қажет болса, барлығын табуға болады. Яғни, электр жарықтандырумен қамтамасыз етілген екі кісілік ыңғайлы диван, кең шкаф, жаңа орындықтар, асхана жиһазы, стол, үстелдер бар. Бағасы да тұтынушылардың мүмкіндігіне қарай ыңғайлы. Жиһаздарда металл детальдарының қолданылуы сапаны арттыруға мол мүмкіндік береді. Жиһаздарды қалаған мекенжайға жеткізу және құрастырып беру кәсіпорын есебінен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, аталған мекеме 2019 жылы ламинат өндіруді де қолға алды. ол үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізілген 500 миллион теңгеден астам сомаға өндіріс машиналары мен жабдықтар алынды Жобаның жалпы құны 320 миллион теңге. Жылына 160 мың жиынтық өнім шығаратын цехта 50 адам жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні зауыт Қазақстан Республикасындағы ірі өндіруші, ал «Grand Miks» атауы халықаралық трендтерді қолдайтын жиһаз өндірісі саласында брендке айналды.