«Қазынаны жеген банкирлер»: Бір кездері дүркіреген банкирлер қазір қайда?

Oinet.kz 09-09-2024 299

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл азаматтардың есімдерінің алдына «нарықтың алпауыттары» деген анықтауыш сөз қоса айтылатын. Олардың есім-сойлары жетістікке жетудің қазақстандық үлгісі  ретінде насихатталып, әр жер-әр жерде айтылып жататын. Еліміздегі алғашқы бизнесмендер, олардың қаржылық институттары Алматының Алатауындай мызғымас болып көрінетін. Сол кездегі ең ірі банктер – БТА, Казкоммерцбанк, АльянсБанк-тің негізін қалаушылар –Мұхтар Әблязов, Нұржан Субханбердин, Марғұлан Сейсембайлар еді. Уақыт бәрін өз орнына қойды. Біздің әлемде, оның ішінде материалдық құндылықтар жоғары тұратын қоғамда ешкім де, ештеңе де мәңгі емес екен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia порталына сілтеме жасап. 

Screenshot_11.jpg

Әблязов пен БТА

Бүгінде Мұхтар Әблязовтың Facebook-тегі парақшасында «Қазақстан Демократиялық таңдау қозғалысының көшбасшысы және Қазақстан премьер-министрі лауазымына кандидат» деп жазылған жарнамалық баннер ілініп тұр. Болжам бойынша, бұрынғы банкир, БТА банкісінің басқарма төрағасы Мұхтар Әблязовтың тәбеті айтарлықтай төмендеген сияқты, өйткені бірнеше жыл бұрын ол президент болуды мақсат тұтқан еді.

Егер Мәскеу инженерлік-физикалық институтын (МИФИ) 1986 жылы бітірген, физик-теоретик Мұхтар Әблязов бизнес құрылымды емес, уақыт машинасын құрастырып, өзінің болашағына көз салғанда, ол Назарбаевпен де текетіреске түспейтін еді, БТА банкке де ештеңе болмай, әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрар еді.

Өкінішке қарай, тарихты бұру мүмкін емес. 1997 жылға дейін бизнес құрылымдарда әжептеуір тәжірибе жинаған Әблязов KEGOC электр желілері компаниясының президенті болып тағайындалды, ал келесі жылы 72 миллион долларға «ТуранАлем банкін» сатып алып, оның атауын «БТА банк» деп өзгертті. Сол кезде мемлекеттік лауазымдарды кәсіпкерлік қызметпен үйлестіруге, яғни қатар алуып жүруге тыйым салатын заң жоқ еді, сондықтан сол жылы Әблязов Қазақстанның энергетика, индустрия және сауда министрі болып тағайындалды. Сонымен қатар, 35 жастағы банкир мемлекеттік қызметкер бола тұрып, Қазақстанның ең бай адамдарының тізіміне енді. Сол кезде оның байлығы 300 миллион долларға жетті.

Уақыт өткен сайын олигархтың билікке деген көзқарасының радикалды өзгеруінің нақты себептерін анықтау қиынға соғады. Бірақ 1999 жылы Әблязов Министрлер кабинетінен кетті және оппозицияға қосылды. Оның саяси оппозициядағы әрекеттері билік тарапынан жауапсыз қалмады, 2002 жылы наурызда ол тұтқындалды. Бірақ келесі жылдың мамырында Назарбаевтың кешірімін алып, бостандыққа шықты. Босатылғаннан кейін Әблязов Мәскеуге көшіп, бизнеске бет бұрды. 2008 жылы оның «БТА банкі» еліміздегі қаржы жүйесіндегі жетекші орындардың бірін иеленіп, Қазақстандағы барлық несиелердің 30%-ын қамтамасыз етті. Соған қарамастан Әблязов қаражаттың бір бөлігін оппозициялық топтарды және БАҚ-ты қаржыландыруға жұмсады. Ақырында, оның қарсыласының шыдамы таусылып, 2009 жылы «БТА банк» мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар, Әблязовқа Қазақстан, Ресей және Украина территориясында алаяқтық жасады деген желеумен қылмыстық істер қозғалды. Алдын ала сот тергеуі Әблязов  шамамен 6 миллиард доллар көлемінде қаржы ұрлады деп айып тақты.

Осыдан кейін Мұхтар Әблязов айыптауларды «саяси желеумен ұйымдастырылды» деп атап, шетелге кетуге мәжбүр болды. Ол Ресей, Қазақстан және Украина құқық қорғау органдарының іздестіру тізіміне енгізілді және нағыз саяси көшпендіге айналды. Еуропаның түрлі елдерінде Орталық Африка Республикасының азаматы төлқұжатымен өмір сүрді. Кейін Лондонға көшіп барды, онда да Қазақстанның оппозициясын қаржыландыруды жалғастырды. Алайда, британдық сот оны сотқа құрмет көрсетпеу және дәлелдерді бұрмалау бойынша кінәлі деп танып, 22 айлық қамау жазасына кескеннен кейін, қазақстандық олигарх Лондоннан кетіп, Францияға көшті.

2017 жылдың маусымында қазақстандық сот банкирді қылмыстық топ  құру және «БТА банк» қаражатын ұрлау бойынша кінәлі деп танып, оны сырттай 20 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесті.

Нұржан Субханбердин және Казкоммерцбанк

Бизнес саласындағы әріптестерімен салыстырғанда, Казкоммерцбанктың негізін қалаушы Нұржан Субханбердин әлеуметтік желілерде отырмайды және оның қазіргі тұрғылықты мекені туралы ақпаратты БАҚ-тан табу қиын. Бұрынғы танымал қазақстандық банкир туралы соңғы жазбалар 2019 жылы шыққан, бірақ басты кейіпкер ретінде Субханбердиннің өзі емес, оның шетелдегі мүлкі – Лондонда орналасқан сарайы, жеке аралдағы Лазурный жағалауында орналасқан екі вилла және Нью-Йорктегі пәтерлері сөз болды. БАҚ мәліметіне сенсек, олигарх олардың кейбірін тиімді бағаға сатып жіберген.

Өзгелер байқамағанды байқайтын, табыс көзі ретінде көре білетін қасиет Нұржан Субханбердинді бизнес әлемінде өрге шығарғаны рас. Ол Қазақстанның басты Фармация басқармасының басшысы Сәлкен Субханбердиннің отбасында дүниеге келген. Ата-анасының негізгі қызметінен бос уақытында жазушылықпен айналысқанын көріп өскен кіші Субханбердин кәсіпкерлік карьерасы туралы ойламайтын. Қайта құру кезінде Мәскеу мемлекеттік университетін «саяси экономика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген ол 90-шы жылдардың қиындықтары басталғанда серіктестерімен бірге шағын «Медеу банкін» ашады, кейін ол Казкоммерцбанк болып өзгертіледі.

Аз уақыт ішінде бұл банк қазақстандықтар арасында танымал бола бастады. Оның басты бағыты халықпен жұмыс істеу болды, бірақ Казком бюджеттік қаржылардан да бас тартқан жоқ. Бір кездері ол мемлекеттік қайта құрылымдау және жекешелендіру бағдарламасы аясында мұнай секторына қызмет көрсетуші оператор болды.

Казкоммерцбанк құрылыс секторындағы дағдарыстан зиян шекті, ол кезде банк осы секторды белсенді түрде қаржыландыратын. Алдымен, банкке жаңа ірі акционер – араб холдингі келді, сосын «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекет араласты.

Содан кейін банктерді қосу толқыны басталды. Алдымен, Казком мен БТА біріктірілді. Жағдайдан шығу үшін банкир Еуропа Қайта Құру және Даму Банкісінің акцияларын сатып алды, содан кейін директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Субханбердин 2016 жылы Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені рейтингінде алтыншы орында тұрды және Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша ең ықпалды 50 бизнесменнің арасында оныншы орында болды. Оның байлығы 946 миллион доллар деп бағаланды.

Бизнесмен «Казкоммерцбанктың» 13,66% акцияларына иелік етті. 2017 жылдың маусымында Субханбердин банк акционері құрамынан шықты, өзінің үлесін Кеңес Рақышевқа сатты. Ал 2018 жылдың 28 шілдесінде «Казкоммерцбанк» «Халық банкіне» қосылды және оның аты өшті.

«Казкоммерцбанк»-тегі үлесін сатқаннан кейін миллиардер Нұржан Субханбердин туралы қазақстандық БАҚ та жазбай қойды.

Марғұлан Сейсембай және Альянс Банк

90-шы жылдар дағдарысынан және 2000-жылдардың әуресінен әупірімдеп аман қалған банкирдің бірі Марғұлан Сейсембай еді. Ол бас амандығынан бөлек, бір жығылып, бір тұрып, қалай болғанда да құрдымға кетуден аман қалды. Қазір миллиардер ғана емес, бизнес-коуч болып жүр. Егер бұрын банк оның портфеліндегі негізгі қаржы құралдарының бірі болса, бүгінде оның әлемнің бірнеше мемлекетіндегі инвестициялық жобалары басты құралына айналған.

Әрине, әңгіме Альянс банктің бұрынғы басшысы Марғұлан Сейсембай туралы болып отыр. Бүгінде оның Facebook-тегі парақшасына 112 мыңға жуық адам жазылған, ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар оған басқару сабақтары үшін қыруар ақша төлеуге дайын. Бірақ банкир Сейсембай да әріптесі Әблязов секілді түрме мен эмиграцияны, Субханбердин секілді назардан тыс қалу жағдайларын бастан кешірді.

Жезқазған облысы Ұлытау ауданының тумасы Марғұлан ауыр жұмыстың азабын біліп өсті. 1987 жылы сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне «Құқықтану» мамандығына оқуға түсіп, жаңа өмірге билет ұтып алғандай болды. Сол кездегі замандастары айтқандай, Сейсембай қашанда өзінің алға мақсат қоя білетіндігімен ерекшеленетін. Ағылшын тілін өз бетімен үйреніп, 1991 жылы 4 және 5 курстарға емтихан тапсырып, университетті мерзімінен бұрын үздік бітірген.

Университетті бітіргеннен кейін ол бизнеске бет бұрды. Қазақстандық бидайдың ТМД елдеріне экспортталуына арналған Seimar Commerce жеке коммерциялық компаниясын ашты. Аз уақыттың ішінде шағын компанияны ашық акционерлік қоғамға айналдырып, кәсібін дамытады.

Ал 2001 жылы ол облыстық «Иртышбизнесбанкін» сатып алып, оны «Альянс Банк» АҚ деп өзгертті. Қолдағы капиталды бір себетке салғаннан оны бөлек-бөлек себетке салу ұтымдырақ екенін сол кезде Сейсембай жақсы түсінді.  Оның бизнесі жақсы жүріп жатты. 2007 жылдың аяғында тек Альянс Банктің меншікті капиталы 1 миллиард 350 миллион АҚШ долларын құрады, ал оның банкінің салықтарды төлегеннен кейінгі таза пайдасы 350 миллион АҚШ долларын құрады.

Бірақ бәрі ертегідегідей бақытты аяқталған жоқ. 2009 жылдың 2 ақпанында «Альянс Банк» АҚ акцияларының бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының сенімгерлік басқаруына беріліп, сол жылдың 20 маусымында Сейсембай Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін бірден Лихтенштейннің мемлекеттік прокуроры үшінші тұлғалардың өтініші бойынша «Альянс Банк» иесіне қаржыны жымқыру және жылыстату күдігімен қылмыстық іс қозғайды.

Сот процестері, қылмыстық істер, эмиграция және М.Сейсембайдың өзінің, оның ағаларының және банк топ-менеджерлерінің ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталуы 2009-2012 жылдар аралығында Марғұлан Сейсембайдың басынан кешкен басты оқиғалары еді. Бірақ Сейсембай бұған мойыған жоқ, ол Англияның, сондай-ақ Қазақстанның Жоғары сотында өзін қорғай алды.

Байлықтың қайнар көзі

Әрине, жоғарыда аталған банкирлердің әрқайсысы өздігінен танымал болып кеткен жоқ. БАҚ арқылы олардың танымалдылығы артты. Тереңірек үңілсеңіз, БТА, Казком, Альянс деген банктердің әрқайсысы жаңадан құрылған банктер емес, олардың алғашқы атауы басқа, иесі мемлекет болатын.

Мәселен, Мұхтар Әблязов бизнес серіктестері Ержан Тәтішев және Нұрлан Смағұловпен бірге ТұранӘлем банкін жекешелендірді.

Бұған дейін банк бірігудің қиын жолынан өтті. Ол екі қаржы институтының: Тұранбанк пен Alem Bank Kazakhstan-ның бірігуінен пайда болды. Оның үстіне олардың әрқайсысының өзіндік тарихы да бар. 1991 жылы КСРО Өнеркәсіп банкінің Қазақ бөлімшесі негізінде Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың құрылысы мен қызмет көрсетуін қаржыландыратын «Тұранбанк» банкі құрылды. Тұранбанк несие және депозит нарығында мықты позицияға ие болды.

Alem Bank Kazakhstan 1990 жылы Внешэкономбанктің Қазақстандағы филиалы ретінде құрылған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін банк Қазақстан үкіметінің мемлекет кепілдік берген шетел несиелерін тарту жөніндегі агенті болды. «Әлембанк» сол кездегі ең ірі екінші деңгейлі банк болды.

Бірақ 1995 жылға қарай жоғарыда аталған екі банктің иелері банкроттықтың алдында тұрды. Содан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі олардың акцияларын сатып алды. 1999 жылы Ағымдағы саясатты зерттеу институты басып шығарған «Несие тарихының құпиялары» кітабында екі банкті біріктіру олардың акцияларын сатуға мәжбүр етті. Сол кезде банктерге салымшы болған мыңдаған акционер зиян шекті. Банктерді біріктіру туралы шешім қабылданды. Ал 1997 жылы 15 қаңтарда екі банктің негізінде «ТұранӘлем Банкі» ААҚ құрылды. Үкімет «ТұранӘлем Банкі» ААҚ қалыптасуының бастапқы кезеңдерінде күшті қолдау көрсетті. Банктің жарғылық капиталына 90 миллион АҚШ доллары аударылды. Оңалту банкі өзінен бұрынғы банктердің 62 миллион долларға қарызын сатып алды.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаулысымен «ТұранӘлем Банкі» ААҚ халықаралық стандарттарға қол жеткізген банктердің бірінші тобына қосылды. Банк ұлттық жинақ облигацияларының алты шығарылымын орналастыруға еліміздің Қаржы министрлігінің қаржы агенті ретінде қатысты. 1997 жылдан 2000 жылға дейін банктің табысты активтерінің үлесі Қазақстан қор биржасының мәліметтері бойынша өсу тенденциясына ие болды. 2008 жылға қарай банктегі депозиттердің көлемі 886 млрд теңгеге жетті.

Ақша қайдан келіп жатыр?

Казкоммерцбанктің де «құрылтайшысы» – Медеу банкі болды, ол 1990 жылы 12 шілдеде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының заңнамасына сәйкес ашық акционерлік қоғам ретінде құрылған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін банк «Казкоммерцбанк» ААҚ болып қайта тіркеліп, банк операцияларын жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1991 жылғы 21 қазандағы №48 лицензиясын алды. Бұл күн банктің ресми туған күні болып саналады.

1994 жылы сәуірде Казкоммерцбанк басқа қазақстандық коммерциялық банкпен – «Астана холдингімен» біріктірілді. 1994 жылдан бастап Қазкоммерцбанк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қаржы министрлігі, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, т.б. халықаралық қаржы институттары дайындаған және демеушілік жасаған бірқатар арнайы бағдарламаларға қатысты.

1995 жылы Казкоммерцбанк үкіметтің ресми кеңесшісі ретінде мұнай-газ өнеркәсібі кәсіпорындарын қайта құрылымдау және жекешелендіру процесіне белсенді атсалысты. Сол арада Қазақтелекомды, ҚТЖ-ны, Шымкент мұнай өңдеу зауытын, т.б. жекешелендіруге қатысқан.

Барлық үш банктің ішінде Aльянс банк-тің ғана жүзі жарық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Марғұлан Сейсембай жолдастарымен бірге «Ертісбизнесбанкті» сатып алып, оның атын өзгертіп, оны еліміздегі ең беделді банктердің біріне айналдырды. Альянс Банк қазіргі Kaspi-дің моделінде жұмыс істеді. М.Сейсембай тұтынушылық несиеге басымдық беріп, шаш-етектен табыс тапты.

Қазынаны жеген банкирлер...

Бірақ бәрі біз ойлағандай оңай емес... 2009 жылы еліміздегі ірі қаржы институттарының барлығы дерлік дефолтқа дейінгі жағдайда болған кезде, үкімет оларды қолдауға шешім қабылдады. Осы кезде еліміздегі ірі банктердің өзі үкіметтен қол жайып қайыр сұрады.

Кейін мұның барлығы үш ірі банктің екеуі – БТА мен Альянстың басшылығына қарсы қозғалған қылмыстық істер болып шықты. Әблязов «саяси айдауға» ұшырап, Лондонға кетті. Сейсембай Әмірліктерде жатып, үкіметпен келісімге келді. Оған қарсы іс жабылып, оның банкінің негізінде «Forte Bank» құрылды.

Ал 2022 жылдың тамызында «суға батып бара жатқан» банктерді құтқару мемлекет қазынасына 701 миллиард (!) теңге шығын әкелгені белгілі болды. Бұл соманы сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Бірақ ол тек 2017 жылғы «құтқару операциясы» туралы айтқан еді. Қазақстандық қаржы институттары мұндай көмекті жиырма жылға жуық уақыт бойы үздіксіз алып келеді.

Еске салайық, 1994 жылы KASE әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының мәліметтері бойынша Қазақстанда 230 банк болған. Содан кейін жаһандық дағдарыс кезінде отандық экономикаға жасанды тыныс алудың алғашқы әрекеті жасалды. 2008 жылы қазақстандық банктер алғаш рет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 476 млрд. теңге көмек алды. 2009 жылы елдің банк жүйесін қолдауға тағы 10 миллиард доллар бөлінді, бұл кезде қаржы институттары бірінен соң бірі құлдырай бастады. Әр түрлі кезеңде БТА банк үкіметтен, Ұлттық банктен және «Самұрық-Қазынадан» 10 миллиард доллар көмек алған. Содан кейін БТА Банкі Қазкоммен біріктірілді, оған мемлекет 2016 жылы құтқару үшін алғаш рет 400 миллиард теңге, ал 2017 жылы тағы 200 миллиард теңге берді. Одан соң «Проблемалық несиелер қоры» арқылы олар кейін «Халық банкке» бірігуі үшін Казкомға екі триллион теңгеден астам қаржы салды. Ақырында, 2017 жылы республиканың екінші деңгейлі бес банкі Қазақстанның банк жүйесін жетілдіру бағдарламасы аясында « тағы 653 миллиард теңге алған.

Осылайша банктерге әр кезеңде мемлекет қаржылық қолдау көрсетіп отырды. Бірақ Қазақстанда банктерді құтқаруға бөлінген ақшаның басым бөлігі желге ұшып кетті. Дүниежүзілік банктің есебінде Қазақстанның банк секторына көмектесуге бағытталған 8,2 триллион теңгенің мемлекет қазынасына тек 1,9 триллион теңгесі (23%) қайтарылғаны атап өтілген.

Демек, жақсы банкир болсын, жаман банкир болсын, бізге, мемлекет қазынасына салық төлеп отырған Қазақстан халқына пайдадан гөрі зиянын тигізген. Біз мұны жоғарыда көрсетілген деректер негізінде сенімді түрде айта аламыз.

«Армиядағы өлім қашан тоқтайды, мырзалар?!»: Әскерде көз жұмған сарбаздар саны жайлы
ТОП-25: Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер рейтингі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу