Түркістанның жиһаздарына сұраныс жоғары
Соңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлікке басымдық беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр.
Түркістан қаласы облыс көлемінде жиһаз өндірісінен алдыңғы орында тұр. Қаланың өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің 20 пайызын осы қатты және жұмсақ жиһаз өндірісі құрайды. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бүгінде облыстың орталығында 7 ірі кәсіпорын бар, сондай-ақ тағы бірқатар шағын жиһаз цехтары бар.
Облыста жұмысын жүргізіп отырған, жиһаз өндірісінде өзіндік орны Гаранд Микс, Азия бренд, Мебель люкс, Кордиал - Түркістан сынды кәсіпорындарының өнімдері еліміздің өзге облыстарымен қатар ТМД елдеріне шығарылады.
Бұл орайда, заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жиһаз өндіруші «Asia Brand» кәсіпорыны ел экономикасының артуына елеулі үлесін қосуда. Өз жұмысын 2013 жылы шағын ғана цехтан бастаған «Азия бренд» (ИП-Абишев) өнімдері еліміздің бірқатар өңірлеріне тарайды.
Жиһаз өндіру бойынша нарықта 13 жылдан астам тәжірибесі бар «Asia Brand» ЖК жиһаз өндірісін бір қызметкермен бастаған. Қазір кәсіпкерліктің іргесін кеңейткен бұл кәсіпорын қаладағы ірі жиһаз өндіретін орынның біріне айналған. Компанияның бас директоры Ұйғын Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Шағын кәсіпкерлікті мемлекет қолдауымен бастаған бұл цехта жиһаздарға қажетті шикізатты әрлеу өнімдері де осы жерде дайындалады.
Цехтың жылдық өнімділігі – 10 мың дана жиһаз топтамасы. Сондай-ақ, бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы өздерінен шығады. Бұрындары Ташкент, Қытай елдерініне тасымалданған өнімдерді енді цехта өндіріп, өндірістің тиімділігін арттырып, баға тұрақтылығын сақтап отыр. Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыс италияндық станоктар көмегімен жүргізілуде. Жобалық құны – 20 миллион теңге. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандардан тәжірибе алмастырып отырады.
Облыс орталығында жылына Түркістан қаласының брендіне айналған ас үйге және жатын бөлмесінің жиһаздар мен шкафтың 22 мың данасы өндірілуде. Компания өз өнімін сату үшін Қазақстанның барлық ірі қалаларында 14 қойма ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспорттап жатыр.
Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп жүр. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.
Жиһаз цехтарының көбеюі қаланың экономикасына ғана оң әсер етіп жақан жоқ, сонымен қатар жұмыссыздықтың азаюына да септігін тигізіп отыр.
Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорыны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Аталған кәсіпорын диплом, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде қаржылай сыйақымен марапатталды.