Түркістанның әлеуеті арта түсті

Oinet.kz 06-06-2024 82

image.png

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кестеге сай Түркістан қаласы тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Кездесуде Түркістан қаласын дамыту жолдары қаралып, тұрғындардың өтініштері, ұсыныстары, сұрақтары тыңдалды. Өңір басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, кемшіліктерді жою жөнінде де ой қозғады. 

– Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталсақ,  өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 370 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 78 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 82 пайызға өсіп, 22 мыңнан асты Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 26 миллиард теңгені құрап, жоспар 1,8 миллиард теңгеге артығымен орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 356 миллиард теңгені құрап, жоспар 7 млрд. теңгеге артық жүзеге асты. Құрылыс саласында да өсім бар. Біз өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту жұмыстарын күшейте береміз. Олай жасамаса болмайды. Біз әкімдік тарапынан инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды салып береміз. Бірақ тұрғындар өз үйінің, өз ауласы мен көшесінің тазалығын сақтауға үлес қосулары тиіс. Бұл ретте «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қолдау көрсеткен түркістандықтарға алғысымды білдіремін, – деді Дархан Сатыбалды. 

Жиында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2023 жылы 16,5 миллиард теңгеге жеткенімен жоспар толық орындалмағаны айтылды. Сонымен бірге қаржыны игеру, салық түсімдері бойынша кемшіліктер сөз болды. Азаматтарға пәтерлерді сатудан түсетін түсімдерді ұлғайту, кәріз жүйесі және өзге де мәселелерге байланысты жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға да тоқталды. Жалпы Түркістаның туристік әлеуеті көтеріліп, экономикы жақсарып келеді. 

Кездесуде тұрғындар тарапынан өтініштер мен ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге жеке қабылдауда тұрғындардың мәселелері ашық айтылып, хаттамаға енгізілді. Ол түйткілдерді шешу бойынша жұмыс жүреді. 

Қаланың даму мүмкіндіктері қаралды
Маңызды меморандумға қол қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу